Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында не айтты?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдау жасады
Фото: inform.kz
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттің кеңейтілген отырысында Қазақстан халқына жолдау жасады. Жолдауда не айтылды? Қысқаша шолып өтейік.
«Президенттің партияға мүше болуы және туыстары туралы»
—Президенттің өз өкілеттігі кезеңінде партияға мүшелігін тоқтату міндетін заңды түрде рәсімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекелестікті арттырады, барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысы барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктердің мызғымас кепілі болуы керек. Сондықтан Президенттің жақын туыстары үшін мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік секторда жетекші лауазымдарды атқаруға заңнамалық тыйым салынады.
Билікті бір орталыққа шоғырландыратын басқару жүйесі тиімділігін жоғалтты. Ол алуан түрлі көзқарастағы азаматтық қоғамды біріктіре алмайды. Сол себепті біз Қазақстанның саяси даму бағытын айқындауымыз қажет. Мәселе бірінші кезекте суперпрезиденттік басқару жүйесінен, күшті парламенті бар президенттік басқару жүйесіне өтуде болмақ. Бұндай жүйе билік институттарының балансын сақтайды. Елдің тұрақты дамуына қамтамасыз етеді.
«Парламент пен мәслихат жұмысы туралы»
— Сенатта Президенттік квотаны бақылау құралы ретінде емес, Парламентте аз қамтылған әлеуметтік топтардың дауыстары мен пікірлерін есепке алу тетігі ретінде қарастырған жөн. Сондықтан мен Сенаттағы Президенттік квотаны 15-тен 10-ға дейін қысқарту туралы шешім қабылдадым
Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет. Осы орайда, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын
Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн. Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын.
Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін
«Партия тіркеу мен сайлау жөнінде»
—Партия тіркеу шегін төрт есеге – 20-дан 5 мың адамға дейін төмендету керек. Аймақтық бөлімшелердің ең аз саны үш есе – 600-ден 200 адамға дейін қысқарады. Үштен біріне дерлік, яғни 1000-нан 700 адамға дейін, партия құру бойынша азаматтардың бастамашыл тобының ең аз саны қысқарады.
Сайлауалды науқанында уәде беріп, тиісті жұмысын атқармай, берген уәдесін орындамаған депутаттар қайтарылатын болады
Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы пропорционал, 30 пайызы мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы сайланатын болады.
«БАҚ туралы»
—Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының елімізде, әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты өз көзқарасы болу керек. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты.
«Жаңа облыстар туралы»
— Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады.
Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады.
Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім.
Егер жергілікті халық қолдаса Қапшағай қаласының атауын Қонаевқа беруді ұсынамын.
«Ұлттық сенім кеңесі хақында»
— Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады
«Конституциялық өзгерістер мен заңдар жөнінде»
—Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек.
Пікірлер жоқ.