Астанада «Ел тірегі» мен соғыс ардагерлері қорғаныс және әділет министрлерінен қызметтен кетуді талап етті
Тіркелмеген партиядағылар өздерін мемлекет тіркесін, ал ардагерлер бізді мемлекет қолдасын дейді
Фото: azattyq.org
25 маусымда Астанада (Нұр-Сұлтан) бір топ Ауған соғысы ардагері мен тіркелмеген «Ел тірегі» партиясы билікке шағымын айту үшін «Бәйтерек» монументінің алдына жиналды. Мұны «Азаттық радиосы» хабарлайды.
Ардагерлер Таулы Қарабақ, Ауғанстанда соғысқандардың әлеуметтік жағдайы нашар, өздерін мемлекет қолдасын деп талап қойды. Наразы топ көпбалалы аналарға да көмек берілсін дейді.
— Біріншіден, көп балалы әйелдерді қолдау керек. Бізде аналарға тиын-тебен төленеді. Бұл — күлкілі нәрсе. Пайдалы қазбалары жоқ Беларусьтің өзінде аналарға теңгеге шаққанда 4 млн теңгеден қаржылай көмек береді. Ал оған қарағанда әлдеқайда бай Қазақстан аналарды дұрыс қолдамайды. Біздің ұлттық қауіпсіздігіміз балаларға тәуелді. Халық саны аз болса, бізді жаулап алады. Қазірдің өзінде көршілеріміз территориялық претензия қоя бастады. Аналарға баспана, пәтер, жер учаскесі берілсін. Бала — ол болашақ армия. Жалғызбасты аналарды, мүгедектерді қорғау керек. Соғыс ардагерлерінің мәселесі шешілсін, — Ауған соғысы ардагерлері одағының өкілі Мұрат Мұхаметжанов журналистерге.
Ал «Ел тірегі» өзін әділет министрлігі «түрлі сылтау айтып» тіркемей отыр дейді.
— Біз саяси партияларды тіркеуді, азаматтардың еркін бірігуіне жол беруді талап етеміз, – деді «Ел тірегін» құру жөніндегі бастама жетекшісі Нұржан Әлтаев.
Ардагерлер қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, «Ел тірегі» әділет министрі Марат Бекетаев отставкаға кетсін дейді.
Жиналған топқа Есіл ауданының прокуроры келіп, жиын заңсыз екенін айтты. Наразы топ елемей, министрліктер үйінің алдына барды.
Пікірлер жоқ.