«Асқазаны жылжып кеткен, тырнағына ине тыққан»: Семейде Қаңтар оқиғасы кезінде полицияға аман кіріп, өлі шыққан екі жігіт туралы хикая

«Азаттық радиосы» Қаңтар оқиғасының тағы екі құрбаны жайлы айтып берді


10/02/2022
11:54 5042 0

Елдос Қалиев. Фото: azattyq.org 

 

Семейде Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған Жандос Жотабаев пен Елдос Қалиев полиция бөлімшесінде көз жұмған. Туыстары олар полицейлерден азап көрген дейді. «Азаттық радиосы» полицияға тірі кіріп, өлі шыққандардың хикаясын айтып берді. 

 

26 жастағы геолог Елдос Қалиев 10 қаңтарда ұсталған. Оның алдында достарымен бірге бір жолдасының балалы болғанын тойлаған екен. Комендант сағаты басталғанда жігіт үйіне қайтпақ болған. 

 

11 қаңтарда оның ағасы Айдос үйіне оралмаған інісін іздеп, полицияға барады. Барса, Елдостың көлігі сонда тұр екен. Бірақ полициядағылар Айдосты ішке кіргізбейді. 

 

Бір сағат ішінде екі адам шығып, «ініңіз түнде ұсталды, полицияға қарсылық көрсетті, тінту кезінде көлігінен таяқ пен граната табылды, қарсылық үстінде көз жұмды» деді. Ішкі істер басқармасына өз аяғымен кірген адам тірі шықпай отыр. 12 [қаңтарда] сүйегін алып кеттім. Мұрны, қабырғасы, сол жағы толық сынған, омыртқасына үшкір зат тыққан, белінен төмен қарай аяғының арты түгел көгеріп, қанталап кеткен, басында да дәл сондай жарақаттар бар, — дейді марқұмның ағасы.

 

Елдостың мүрдесін көрген досы Талғат Исламов та осылай дейді: 

 

— Басқаша айта алмаймын: оны өлтірген. Медициналық сараптама жасаттық, қабырғасы денесіне кіріп кеткен, бір аяғы түгел көгерген, басы жарылған. Бүкіл денесінде тепкінің ізі бар. Тырнақтарының астына ине жүгірткен. Мұндайды бірінші рет көрдім. Шымыр жігіт емес еді, салмағы 60 килограмға да жетпейтін. Адамды осынша айуандықпен өлтіру деген... Сараптамада «асқазаны орнынан жылжып кеткен» деді. Әр тырнағына ине тыққан. Қаныпезер, тіпті фашистің өзі бұлай жасамайды ғой. Халыққа ант берген құқық қорғау органдары мұндайға қалай барды? — дейді Исламов. 

 

Марқұмның отбасы сараптама қорытындысын ала алмай отыр екен. 

 

​​— Басында «сараптама қорытындысын ішкі істер басқармасынан алып кетесіздер» деді, кейін ішкі істер департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасына, соңында жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне сілтеді. Күтіңіздер деп отыр, — дейді Талғат. 

 

Енді ол полиция досын террористер қатарына қосып жібере ме деп қорқады. 

 

36 жастағы Жандос Жотабаев 6 қаңтарда митиңге қатысты деген күдікпен ұсталған. Екі күн бойы полиция бөлімшесінде отырған. Тергеуші Жандостың сыңары Ердосқа «бауырыңыз видео түсірген, жұртты митиңге шақырған, әкімдікке кірген» деген. 

 

8 қаңтарда Жандос уақытша тергеу изоляторына қамалады. Ондағылар тұтқынның не адвокатын, не ата-анасын ішке кіргізбейді. 

 

Ол жаққа ешкімді, тіпті адвокаттарды да кіргізген жоқ. Ата-анамыз барып, жылы киім беріп жібермек болды. Бірақ ондағылар «бұл жақ жылы, қарны да тоқ» деп қайтарып жіберген… Қаңтардың сегізі мен он жетісі аралығында уақытша тергеу изоляторында отырды, содан кейін оны көрген жоқпыз, — дейді Ердос.

 

17 қаңтарда Жандос жұмбақ жағдайда көз жұмады. Тұтқын жедел жәрдем келем дегенше жан тапсырған екен. 

 

—  [Жедел жәрдем қызметкерлерінің] «біз келген кезде науқас жан тапсырып үлгерген» деген қағазы бар. Ресми ақпарат берген жоқ. Мүрдесін суретке түсіріп алдық, үсті-басы көк ала қойдай. Сау жері жоқ. Денесін тілген кезде плеврит, бір [өкпесінде] 750 [миллилитр], екіншісінде 251 миллилитр сұйық зат бар деген қорытынды жазып берді. 11 қабырғасы сынған. Бұл қағаз қайда екенін білмеймін. Соңғы қорытынды бір айдан кейін беріледі деді. Бірақ онда не жазылатынын білмеймін, өзіңіз де түсініп отырсыз ғой, — дейді марқұмның бауыры. 

 

«Азаттық радиосы» Шығыс Қазақстан облысының полиция басқармасынан пікір алуға тырысқан, бірақ жауап ала алмаған. 7 ақпанда журналистер оған және жемқорлықпен күрес қызметіне ресми хат жолдады. 

 

Қос марқұмның туыстары мен достары жазалыларды жауапқа тарту керек дейді. 

 

— Бәріне ауыр тиді. Бәрін ашу-ыза кернеп отыр. Кінәлілерді жауапқа тартып, түрмеге жабуды талап етеміз. Осының бәрін дәлелдей алсақ қой, — дейді марқұм Жандостың бауыры Ердос.

— Осынша азапталып өлу деген... Бұған көз жұма қарасақ, олар [Елдостың өліміне кінәлілер] [жазасыз] қалуға үйреніп кетеді, — дейді Елдостың жолдасы Талғат.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

10/02/2022 11:54
5042 0

Уведомление