Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі тағы да ұзартылды
Экс-министр 7 миллиард жымқырды деген күдікке ілінген

Фото: Ашық дереккөзден
Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі тағы бір айға ұзартылды. Бұл жөнінде Астана сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Мұхамедиұлын күзетпен қамауда ұстау мерзімін 1 айға ұзартты.
– 2022 жылдың 20 желтоқсанында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты белгіленген күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімін бір айға ұзартты, – делінген соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен ұсталған. Ол сол уақытта Ұлттық музей директоры лауазымында болған. Тамыз айында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мұхамедиұлына қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 7 миллиард теңгені құрағанын мәлімдеген.
– Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізіліп жатыр, – делінген сол уақытта агенттік таратқан хабарламада.

Пікірлер жоқ.