«АрселорМиттал Теміртау» шахтасындағы жарылыс: Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

Қарағанды дәрігерлері «АрселорМиттал Теміртау» шахтасында болған жарылыстан зардап шеккен төрт адамның жағдайын айтты. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосы хабарлады.
3 қараша түнде компанияның Шахтинск қаласында орналасқан Ленин атындағы шахтасында метан газы тарап, жарылысқа себеп болған. Апаттан бес адам қаза тауып, төрт кісі ауруханаға түскен еді: олар газдан уланған, басы мен денесі жарақаттанған.
– Токсикология бөлімінде жатқан науқастардың жағдайы тұрақты, біршама оң өзгеріс бар. Санавиациямен жеткізілген, операция жасалған науқастар оңалып келеді. Олар реанимация бөлімінде жатыр, ес-түсін біледі, жасанды тыныс беру аппаратынан ажыратылған. Қазіргі кезде жағдайы ауыр, бірақ тұрақты, – деді Қарағандыдағы Мақажанов атындағы көпсалалық аурухана директорының орынбасары Талғат Жүкен.
3 қарашада Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада жарылыс болып, бес адам қаза тапқан. Бұл кен орнында болған алғашқы жарылыс емес. Бұған дейін болған апаттардан жетпістен астам адам көз жұмған.

Пікірлер жоқ.