«АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында газ құбыры опырылып түсті
5 қаңтарда «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорны аумағында бір жұмысшыны тоқ соғып, қаза болған
Фото: Ашық дереккөзден
Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) кәсіпорнында газ құбыры опырылып түсті, зардап шеккендер жоқ. Бұл жөнінде АМТ баспасөз қызметі хабарлады.
«18 қаңтарда таңғы сағат 6:10-да тікелей коксты газ құбыры опырылып түсті» деп жазылған компанияның ресми сайтында. 20 метр аумақ зақым көрген. Оқиға себептері анықталып жатыр, деді компания өкілдері.
Осыған ұқсас жағдай 13 қаңтарда да АМТ-ға қарасты жылу электр орталығында болғаны хабарланған еді. Оқиғадан ешкім зардап шекпеген.
АрселорМиттал Теміртау компаниясы Қарағанды облысындағы бірнеше шахта мен комбинатқа ие. Компания иесі – миллиардер Лакшми Миттал. Кейінгі кезде «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарында адам өлімі жиіледі.
Жуырда 5 қаңтарда «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорны аумағында бір жұмысшыны тоқ соғып, қаза болды. Полиция АМТ-ға еншілес ұйым жұмысшысының өліміне қатысты «еңбекті қорғау ережесін бұзу» (156-бап, 3-бөлігі) бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Былтыр қараша басында компанияның Шахтинск қаласында орналасқан Ленин атындағы шахтасында метан газы тарап, жарылысқа себеп болды. Апаттан бес адам қаза тауып, төрт кісі ауруханаға түсті: олар газдан уланған, басы мен денесі жарақаттанған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, шахтаның жұмысы бір күнге тоқтатылды. 8 желтоқсанда АМТ кәсіпорнында тағы бір жұмысшының қаза болғаны хабарланды. Желтоқсан ортасында бас прокуратураның АМТ қызметін тексеріп жатқаны белгілі болды.
Пікірлер жоқ.