«Араша» комитеті саяси тұтқындар мен Қаңтар құрбандарын қолдап үндеу жасады

Олар Қанды Қаңтарды әділ тексеруді талап етуде


10/08/2022
15:54 28726 0

Саяси тұтқындар мен 2022 жылғы Қаңтар қасіреті құрбандарын қолдау үшін құрылған «Араша» комитетінің  мәлімдемесі. Төменде мәлімдеменің толық тексты. 

 

Он жыл бұрын, 2012 жылы, Жаңаөзен қаласындағы наразылық акцияларына қатысып, сол үшін де биліктің оғына ұшқан белсенді азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарта бастағанда, бірқатар қоғам қайраткерлері оларға құқықтық, ақпараттық және халықаралық қолдау көрсету мақсатында «Араша» атты қоғамдық комитет құрған болатын.

  

Сол күндері Жаңаөзенде де, биылғы Қаңтар наразылықтары кезінде де өздерінің әлеуметтік құқылары үшін күреске шыққандарды барынша қолдап, араласқан журналист, саясаткер Жанболат Мамай болатын.

 

Соңғы ақпараттарға қарағанда, арасында балалар да, өткінші адамдар да, бейбіт демонстранттар да бар  240 адамның қазасына соқтырған Қаңтар қасіреті түбегейлі тексеруді қажет етеді. Осы зорлық қылмыстар барысында жүргізілген сотқа дейінгі тергеу, біздің ойымызша, тек қару қолданып қана қоймай, сонымен бірге адам өлтірген немесе қызметтік бабын асыра пайдаланып, адам өліміне себепкер болған  құқық қорғаушы органдар қызметкерлерінің іс-әрекетін мұқият тергеп жатқан жоқ.

 

Ал, осы тұста, «Қаңтар оқиғасына қатысты» деген желеумен, зорлық-зомбылық істегені туралы ешқандай да дәлелдер келтірместен, саяси оппозиция мен белсенді азаматтар жауапкершілікке тартылып жатыр.  Олардың қатарында,  ісі сотта қаралғанға дейін қамауға алынған,  тіркелмеген  Демократиялық партияның лидері Жанболат Мамай, азаматтық белсенділер Фарид Ишмухаметов, Абылайхан Бекеев, Әзіз Жолатов, ендігі соты өтіп, бостандықтан айырылған Ләззат Досмамбетова,  Жанмұрат Әштаев, Қайрат Сұлтанбек, Молдабай Сәдібеков, Айдар Байсағатовтар бар.  Осы және түрмеге қамалған басқа да бірқатар белсенді азаматтарды біз саяси тұтқындар деп танимыз.

2022 жылғы Қаңтар қасіретінің ерекшелігін және ұлттық сана-сезім үшін маңыздылығын ескере отырып, біз «Араша» комитетінің жұмысын белсенді түрде жалғастыратын боламыз.

 

Біз:

- Қаңтар оқиғасының әділ тексеріліп, оны ұйымдастырғандар мен күштік құрылымдар қызметкерлерін қоса алғанда, барлық кінәлілердің жауапқа тартылуын;

 

- құқық қорғаушы органдардың азаптауларға және ұсталғандарға зорлық көрсетуге қатысы бар барлық қызметкерлерін анықтап,  қылмыстық жауапқа тартуды;

 

- барлығының бірдей әділ сотпроцесіне деген іргелі құқықтарының сақталуын;

- барлық саяси тұтқындарды  босатуды;

 

- шынайы саяси реформалар жүргізіп, саяси қудалауды тоқтатуды талап ете отырып,  бұл талаптардың орындалуына барынша ат салысатын боламыз.

 

Біз ішкі Қазақстан мен шет елдердегі саяси тұтқындар мәселесі бойынша басқа да топтар және белсенділермен, ЕКҚҰ ПА арнайы өкілімен, БҰҰ арнайы процедураларымен, басқа да халықаралық және мемлекетаралық үкіметтік емес ұйымдармен  тізе қоса жұмыс атқаруды  қарастырып отырмыз.

 

«Араша» қоғамдық комитетіне қосылмақшы ниеті бар адамдармен әріптестік  үшін біз қашан да ашықпыз.  

 

10 тамыз 2022 жыл

 

Мұрат Әуез – қоғам қайраткері

Евгений Жовтис – құқық қорғаушы, Қазақстандық адам құқығын қорғау Бюросының директоры

Марат Қатайұлы Сембі – тарихшы

Әсем Жәпішева – журналист

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

10/08/2022 15:54
28726 0

Уведомление