Қарқаралы петициясы: ХХ ғасырдың басында қазақ патшадан не талап етті?

Қазақстан тарихындағы бірінші ірі петицияға 116 жыл толды


22/07/2021
12:34 21617 0

116 жыл бұрын, 1905 жылы 22 шілдеде (кей деректе 25 шілде деп көрсетілген) бір топ беделді қазақ Ресей патшасы ІІ Николайға Қарқаралы петициясын жолдады. Құжат Қазақстан тарихындағы маңызды петициялардың бірі саналады. Онда қазақтар өкіметтен тіл, дін, жер мәселелерін шешіп беруді талап етті.   

masa.media осы петиция туралы бірнеше факт айтып береді. 

 

Сол жылдары петиция өкіметке пікір айтудың басты жолы болды

 

ХХ ғасырдың басында отаршыл патша өкіметіне пікір айтудың басты жолы петиция болды. 

 

Алғашқы петицияларды 1902–1903 жылдары діни қайраткерлер жолдады. Олар патшадан қазақтарды кристиан дініне кіруге үгіттемеуді, діни қызметкерлер мен молдалардың қызметіне қолдау көрсетуді талап еткен.

 

Орыс революциясынан кейін 1905 жылы петициялық қозғалысты Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақпаев, Ахмет Байтұрсынұлы мен Темірғали Нұрекенов бастады.

 

Қарқаралы деген жерде қабылданды

 

Қазақстан тарихындағы бірінші ірі петиция — Қарқаралы петициясы Қарқаралы қаласы (қазір Қарағанды облысында) маңындағы Қоянды (Ботов) жәрмеңкесінде әзірленді. Оған Семей облысының Қарқаралы уезінің 42 қазағы қол қойды. Кейін басқалары да қосылды. 

 

Құжат патшаға, ал көшірмелері министрлер мен «Сын отечества» и «Русские ведомости» газеттерінің редакциясына жолданды. 

 

Не мәселе көтерілді

 

Петицияшылар қазақтарға Мемлекеттік думаға (өкілдер органы, бізше — парламент) сайлану құқығын беруді талап етті. 

 

— Иә, біз мал шаруашылығымен айналысамыз, сол үшін көшіп-қонуға мәжбүрміз. Біз қаңғырып жүрген жоқпыз. Бұл бізді земство жиылысына қатысу құқығынан айыруға болады деген сөз бе? Мал жаятын қырғыз (орыстар қазақты казактармен шатастырмау үшін қырғыз деген — ред.) неге мұндай маңызды саяси құқықтан айырылуға тиіс? (...) Қырғыз қоғам және мемлекет істерінде орыс шаруаларынан кем түсетіні дәлелденбеген,делінген петицияда. 

 

Петицияшылар патшадан:  

 

  • ауыл, болыс басшылары мен хатшыларды сауатты қазақтардан тағайындау;
  • қазақ ауылдарына кристиан уағызшылардың келуіне тыйым салу;
  • емін-еркін мешіт, медресе салу, типография ашып, газет, кітап шығаруға рұқсат беру;
  • іс қағаздары, құжаттар қазақ тілінде жазылуын; 
  • би сотын әділет министрлігіне бағындыру; 
  • қазақтарға балығы, тұзы бар өзендер мен ормандарды пайдалану, зауыт салу, пайдалы қазбалары бар жерді жалға беруге рұқсат беру; 
  • Ресейдің кез келген жерінен жылжымайтын мүлік сатып алуға рұқсат беруді және тағысын-тағын сұрады. 

 

Түрлі нұсқасы бар аударма 

 

Патшаға ғана емес, министрліктер мен газет редакцияларына жолданғандықтан петицияның бірнеше нұсқасы болған. Ең үлкенінде патшаға 47 талап қойылған. Оны орысшаға Темірғали Нұрекенов аударды.  

 

Қандай нәтижесі болды 

 

Петициядан кейін қазақтар Мемлекеттік думаға сайлана бастады. Жалпы, 9 қазақ оның екі шақырылымына мүше болды. 

 

Олар: 

 

  • Әлихан Бөкейхан;
  • Темірғали Нұрекенов: 
  • Мұхаммеджан Тынышбаев; 
  • Алпысбай Қалменов;
  • Бақытжан Қаратаев;
  • Ахмет Беремжанов;
  • Шаймардан Қосшығұлов. 
  • Тілеулі Аллабергенов; 
  • Сәлімгерей Жантөрин.  

Қалған талаптар орындалмады. 

 

— Петиция жолдау Қазақстанның ХХ ғасырда саяси өміріндегі басты жаңалықтардың бірі болды. Онда қазақ қоғамының көкейкесті мәселелері: тіл, дін, білім, шаруалар көші-қоны, іс жүргізу және тағысын-тағы толықтай көрсетілді. Жоғарғы мемлекеттік органдарға мұндай өтініш жіберу қазақтардың саяси санасы пісіп-жетілгенін, тапталған құқығын отаршыл өкіметтен қорғауға дайын екенін аңғартты, — дейді тарихшы Зиябек Қабылдинов


Дереккөз: e-history.kz, «Алаш көсемдері: тіл мәселесі» (Қайрат Сақ).


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

22/07/2021 12:34
21617 0

Уведомление