Қанды қаңтардың салдары. «Ішімдегі оқты алатын болса, мүгедек болып қалуым мүмкін»
Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиген Дархан Дүйсебаев СИ-18 түрмесінде азапталғанын айтады
Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиген Дархан Дүйсебаев СИ-18 түрмесінде азапталғанын айтады. Оның сөзінше, сол кезде алған соққыдан әлі күнге дейін басы ауырады және тиген оқ сол қалпы ішінде қалып қойған. Дәрігерлер оқты алатын болса, мүгедек болып қалуың мүмкін деген.
«Кімдер атып жатқанын білген жоқпын»
— Қаңтардың 4-і күні ауылға қайтайын
дегенмін. Бірақ, осында әпкем тұратын, соның үйіне бір күн қонақта болдым. Содан
5-і күні Алматы-1 ЖД вогзалына бардым. Ол жерге барсам, Шымкентке жүретін
пойыздардың жүру уақытын шегеріп жатыр екен. Пойыздардың жүрмеуі уақытша шығар
деп, сол жерде кешке дейін күттім. Жүрмейтін болған соң, сыртқа шығып, таксиге
міндім. Сайран автовогзалына бара батқан кезде жолда бізді бір кісілер
тоқтатты. Олар бізге «қайда бара жатырсыңдар?» деді. Мен «Маған Шымкентке кету
керек, сол үшін Сайранға бара жатырмын» дедім. Бірақ олар «жоқ, ол жаққа бара
алмайсың, баратын болсаң жаяу бара бер» деді. Машинаны өткізбей қойды. Содан
таксиден түсіп, өз жолыммен жаяу кеттім... Кетіп бара жатқанымда алдымнан бір
топ адам шықты. Қай жер екенін білмеймін. Сол жерде бірден атыс, жарылыс
басталып кетті. Кімдер атып жатқанын, не жарылып жатқанын білген жоқпын. Содан
қауіпсіз жерге қашып бара жатқан кезімде біреу келіп ұрғандай болды. Адам ұрды
ма, не болғанын білмеймін, ішіме бір нәрсе келіп тиді. Оған қарамай жүгірдім.
Шамалы жер жүргеннен кейін құладым. Есімді жинағанда бір адамдар мені оятып
жатыр екен. Жеңіл көліктің артында жатырмын, бетіме су шашып оятып жатыр...
«Қимылдауға шамамыз жоқ еді»
—Мені ауруханаға алып барды. Қай аурухана екенін де білмеймін. Бір, екі укол салды, ренгенге түсірді де ота жасады. Ол кезде өзіме не болғанын білмеймін. Отадан кейін реанимацияда есімді жидым. Кейіннен сол жердегі медбикелерден «мен қай жердемін?» деп сұрағанымды, «7 ауруханадасыз, сізге ота жасады, оқ тиген» деді. Қандай оқ, кім атқанын білмеймін. Бесі күні бардым, алтысы күні есімді жыйдым, сегізіне дейін сол жерде жаттым. Мен жатқан палатада екі адам болдық. Медбике маған капельница салып жатқан. Дәлізде айқай-шу болып кетті. Ішке маскамен, қалқан, автоматпен омондар кіріп келді, «қозғалмаңдар, қимылдамаңдар, қолдарыңды көтеріңдер» деді. Екеуміздің де ол кезде қимылдауға шамамыз жоқ еді. Қасымда жатқан жігіттің аяғына оқ тиген. Ол да жүре алмайды. «Телефон, қаруларың қайда?» деп жеке заттарымызды іздеді. Содан кейін капельницамның барлығын жұлып-жұлып алып тастады да, дәлізге алып шықты...
«Сенің айтқаның дұрыс емес, сен былай жасадың деп ұрды»
—Қолымызды артқа қайырып, «оңға-солға бұрылатын болсаң атамыз» деді. Лифтіге алып кірді. «Не болды?» деп сұрасақ, автоматтың дүмімен ұрды. Сыртқа алып шықты, далада бетонның үстіне қар, лай жерге жатқызып қойды. Ол жерде 20-25 минуттай жаттық. Содан кейін автозакқа отырғызды. Бір машинаға 10-15 адамды отырғызды. Бірнеше жерге тоқтадық. СИ-18-ге қалай барғанымызды білмейміз. Машинадан түсіріп, қабырғаға қаратып, қолымызды көтертіп он минуттай тұрдық. Сосын жертөлеге кіргізді. Жерде тағы да 15-20 минуттай жаттық. Біреулер жүре алмайды. Жер баурылап келе жатты. Баспалдақта қанның ізін көрдім. Барлығы келеді, ұрады-соғады. Айтадын сөздері: «кімді өлдірдіңдер, кімді зорладың? Сендер террориссіңдер, қыз зорлағансыңдар» дейді. Бірінші күні ұйықтаған жоқпыз. Камерада полда жаттық, отыруға рұқсат бермеді. Содан кейін, шаштан тартып ұрып, тұрғызып қойды. Сол күні мүлде ұйықтамадық. 9-ы күні тергеуге алып барды. Ол жерде де сол «кімді өлтірдің, кімді зорладың?» деген сұрақтар қояды. Мені жанымыздағы камераға алып барды. Басымнан, аяғымнан дубинкамен ұрды. Сұрақ қояды, мен жауап беремін, бірақ олар «сенің айтқаның дұрыс емес, сен былай жасадың» деп ұрады. «7 ауруханаға шабуыл жасалған. Сен сол жерде болдың, медбикелерді зорладың» дейді. Ол жерге шабуыл жасалды ма, жоқ па білмеймін...
«Сотқа киімім жоқ, үстіме жамылған одеялмен кірдім»
—Сергей Сергейвич деген адвокат келді. Ол кісімен жеке сөйлескенімізде «сендерге екі айға санкция беріледі» деді. Біз соттың алдында санкция алатынымызды білдік. 14-і (қаңтар-ред) күні сот болды. Адвокаттың айтқанындай болды. Сотқа киімім жоқ, үстіме жамылып жатқан одеялыммен кірдім. Неге екенін білмеймін Сергей Сергейвич деген адвокатымды ауыстырып жіберді. Басқа адвокатты бір-ақ рет көрдім. Сот бес минут болды. Сотта «мені соттауға дәлелдеріңіз бар ма?» деп сұрадым, олар «бар» деді, «көрсетіңіздерші» дедім, ешқандай дәлел көрсете алмады. Барлығы тек қана қағаз жүзінде болды.
«Ұрғаннан қан құсып жіберді»
—Қасымда отырған Жасұлан деген бір жігіт болды, сол көзі көрмейді. Көзіне оқ тиген, құлағының жартысы жоқ. Аяғы сынған, жүре алмайтын кісілер болды. Өз аяғымен жүріп жүрген Корчягин Руслан деген жігіт болды. Оған да қалаға қарындасын алып кетуге келген кезде кездейсоқ оқ тиген екен. Сол жігітті алып кетті де, біраз уақыттан кейін қайтып алып келген кезде жүре алмайды, ұрып тастаған. Тағы бір кісі болды. Атын ұмытып қалдым. Сол кісіні ұрған кезде қан құсып жіберді. Дәрігерлерді шақырдық. Үш күн өткенде әрең дегенде медсанчастьқа жіберді. Жасұлан деген жігітті соттан кейін таңғы сағат 10-11 кезінде алып кетті. Жап-жақсы жүріп жүрген. Кешке келген кезде сөйлеуге шамасы жоқ. Камераға келе салып «су беріңдерші» деді. Бірінші айтқан сөзі сол болды. Содан кейін «киімімді шешіп жіберіңдерші» деді. Шешсек, киімімен бірге арқасы мен қолының бір қабат терісі түсіп қалды. Үстіне қайнаған су құйған. Бір жігіттің сау қолын сындырып тастады. Оның алдында гипспен жүрген. Келгенде қолын шешсек, былқ-сылқ, ұстамайды мүлде. Менің де басымнан дубинкамен ұрды. Сол уақытта бас ауруы пайда болды. Қазіргі күнге дейін басым ауырады, шыдатпайды.
«Оқты алатын болса, мүгедек болып қалуым мүмкін»
—Оқ ішімнен тиген. Өткенде ішім қатты ауырып жедел жәрдем шақырдым. Олар ГРЭС-ке ауруханаға алып барды. Сол жерде ренгенге түсірді. Олар «ішіңдегі оқты алмаған ба?» деп сұрады. Мен «білмеймін, ота жасады ғой әйтеуір» дедім. Ол жерде бір-екі укол салды. Содан үйге қайттым. Одан кейін менде қаржы болмады. Үйде жаттым. Кеше дәрігерге бардым. Ол кісі «қатты уайымдамаңыз, қазір жүруге болады, егер ауыратын болса келіңіз» деді. Оқты алатын болса, отадан кейін мүгедек болып қалуыңыз мүмкін дейді. Ешкім жауап бере алмайды. Қазір оқтың қайда тұрғанын ешкім білмейді. МРТ-ға түсу керек.
Пікірлер жоқ.