Қанды Қаңтар: Прокурор Ербол Жұмановты қайтадан 16 жылға соттауды сұрады

Жұманов бұған дейінгі сот үкімімен келіспеген


13/07/2023
16:24 5172 0

 

Таразда Қаңтар оқиғасы кезінде «ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді», «қару-жарақ ұрлады және сақтады» деп айыпталып, 16 жылға сотталған Ербол Жұмановтың апелляциялық соты жалғасуда. 

 

13 шілдеде өткен сот процесінде адвокат Жалғас Сапарханованың алғашқы сот отырысында түсірген өтініш-талаптары қаралды. Сот алқасының төрағасы Нұрмахаммат Абидов өтінішті ішінара қанағаттандырды. Судья Ербол Жұмановтың телефонына детализация жасау өтінішін қанағаттандырды. Іс материалында оның бір нөміріне ғана детализация жасалған. 

 

Ербол Жұмановтың ағасы Ержан Жұмановтың оқиға болған жердегі видеоларды зерттеген, бірақ судья оларды іске тіркеуден бас тартты. Ол видеолар онсыз да іс материалдарында бар екенін алға тартып, алдағы уақытта оны саралауға ешқандай кедергі жоғын айтты. 

 

Адвокат Жалғас Сапарханова сотқа істе тіркелген видеолардың монтаждалып, қиылғанын дәлелдейтін тәуелсіз сараптама қорытындысы мен оқиға болған ҰҚК ғимаратына қарама-қарсы орналасқан үй тұрғындарынан алынған фотоларды ұсынды. Сот алқасы оны қабылдап, алдағы уақытта зерделейтінін айтты. 

 

– Біз Алматыдағы «Сараптама груп» ЖШС-ға бейне файлдарға видео-фото техникалық сараптама жүргізу үшін жүгіндік. Істе тіркелген бейне файлдарға қарайтын болсаңыз, бес ракурстан түсірілген бейнежазбаның уақыттары әртүрлі. Сондықтан да біз бейне кесілген, монтаждалған деген күмән туды. Сол себепті біз маманның қорытындысын алдық. Онда «уақыт таймерінде хронологиялық бір ізділік жоқ», «зерттелген жазба сюжетіндегі іс-әрекеттердің логикалық ағымы мен аяқталуы жоқ», «зерттелген файлдарға монтаж жасалуы мүмкін» деген қорытынды шығарылған, – деді Сапарханова. 

 

 

Ол іске тың деректер қосылып жатқанын алға тартып, қамауда отырған Ербол Жұмановтың да сотқа айтатын дәлел-деректері барын айтып, оны сот залына алдыруды сұрады. Сот алқасы қажет болған жағдайда оны алдағы сот отырысына алдыруға ешқандай кедергі жоқ екенін мәлімдеді. 

 

Бұдан бөлек, Жалғас Сапарханова Ербол Жұмановқа 28 сәуірде үкім шыққаннан кейін N67 мекемеде қысым жасалып, азапталғанын айтып, дәлел ретінде медициналық сараптама қорытындысын ұсынды. Сот алқасының төрағасы Нұрмахаммат Абидов қазір Ербол Жұмановтың ісі қаралып жатқанын, азаптау бойынша құзырлы органдар, атап айтқанда, прокуратураның арнайы тобы айналысатынын алға тартып, прокурор Саяхат Бағдатұлына жағдайды бақылауға алу қажеттігін айтты. Жалғас Сапарханова азаптау бойынша тиісті органдардың барлығына арызданғанын, қазір жауап күтіп отырғанын жеткізді. 

 

 

Прокурор Саяхат Бағдатұлы сотталушы Ербол Жұманов, Дәурен Нұрәлиев және Қанат Нұраханұлына қарсы өтініш хат келтірді. Ол бірінші сатылы сотта Нұрәлиев пен Нұраханұлының іс-әрекеті дұрыс сараланбағанын және жаза тағайындауда қылмыстық заң дұрыс қолданылмағанын алға тартты. 

 

Прокурор сот алқасынан бірінші сатылы сот үкімін бұзып, Дәурен Нұрәлиевті 6 жылға, Қанат Нұраханұлын 7 жылға, Ербол Жұмановты 16 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 

 

Келесі сот отырысы 21 шілдеде өтеді.

 

Ербол Жұманов бірінші сатыдағы сотта өзіне тағылған айыпты ішінара мойындап, қару-жарақ алғанын растап, ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірмегенін айтқан. 

 

Бұл іс бойынша 9 адам сотталған. 28 сәуірде судья Қадірбек Нұржан Ербол Жұмановты 16 жылға, Нұрахан Махатов пен Айбол Сағынтайды 6 жылға, Жақсылық Абдуллаевты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, Қанат Нұраханұлы, Ермахан Сайлауов, Дәурен Нұрәлиев, Досмұхаммед Садықов және Саламат Қосановты рақымшылық заңын пайдаланып, сот залынан босатқан. 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

13/07/2023 16:24
5172 0

Уведомление