Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің аштық жариялағанына 20 күн болды
Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді
25 шілдеде адвокат Ғалым Нұрпейісов Азаттық радиосына берген сұхбатында Думан Мұхаммедкәрім отырған Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторына барғанын, журналистің азып кеткенін айтты. Оның сөзінше, Думан Мұхаммедкәрімнің салмағы 80 келіден 60 келіге түсіп кеткен.
– Салмағы 80 келіден асатын, бүгін өлшегенімізде 60 келі болды. Қан қысымы өте төмен. Кездесуге әрең келді. Аштықты шілденің бесіне жариялаған. Талабым орындалмайынша тоқтатпаймын деп, тек су ішіп отыр. Медицина қызметкерлері дәрі бергенімен, тамақ ішпегендіктен дәріні қабылдаудан да бас тартқан. Изолятор басшылығы Думанның камерасы үнемі бақылап отыр, – деді адвокат.
Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, Думан Мұхаммедкәрім аштық жариялағанда екі талап қойған. Оның бірі – әкесін қоғамдық қорғаушы деп тану. Екіншісі – өзін Алматыдағы N72 тергеу изоляторына ауыстыру. Бірінші талап орындалған. Екінші талап бойынша әлі ешқандай жауап келмеген.
Адвокат бұған дейін Мұхаммедкәрімді үй қамаққа ауыстыруды сұраған. Бірақ ол өтініш қанағаттандырылмаған. Журналистің өзі үйқамаққа шығуға құлықсыз. Ол тағылған айыппен келіспейді және оны алып тастамаса «соттасын» деген ұстанымды.
Думан Мұхаммедкәрім Қылмыстық кодекстің «тыйым салынған ұйым ісіне араласу» (405-бап, 2-бөлім) және «экстремизмді қаржыландыру» (258-бап, 1-бөлім) баптары бойынша күдікті деп танылған. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған.
Журналистке қылмыстық іс ашылғаны биыл 2 мамырда белгілі болды. Ол кезде Мұхаммедкәрім «бейбіт жиын тәртібін бұзды» деген айып бойынша әкімшілік жазаға тартылып, қамауда отырған еді.
Әуелі ол 405-бап бойынша қылмыстық істе «қорғануға құқығы бар куәгер» атанды. Көп ұзамай «экстремизмді қаржыландыру» бабы да қосылып, екі істе де күдікті статусына өтті. 22 маусымда Думан Мұхаммедкәрім тергеу сотының шешімімен екі айға қамалды.
Пікірлер жоқ.