Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім тағы да аштық жариялады
Адвокат журналистің денсаулығы сыр бере бастағанын айтады
Талдықорғанда қамауда отырған журналист Думан Мұхаммедкәрім тағы аштық жариялады. Ақпаратқа қарағанда, ол аштық акциясын 1 қыркүйекке қараған түні сағат 00-де бастаған. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады.
Азаттық мәліметінше, журналистің аштықты бастағанын адвокаты Ғалым Нұрпейісов растаған. Ол қамаудағы журналистпен 31 тамызда кездескен.
– Думанның денсаулығы бойынша ауруханаға апарсын деп бірнеше хат жаздық. Кейін Думанға дәрігерлер келген, олар “сені ауруханаға жатқызамыз” деп айтқан. 2-3 күн өтті, ешкім келмеген. Дәрігерлер емдетеміз деп, өз сөздерінде тұрмады. Думанның аштық жариялау себебі осыдан. Ол дәрігерлер келсе, аштықты тоқтатамын деп айтты, – деді Ғалым Нұрпейісов
Адвокаттың айтуынша, журналистің бүйрегі, асқазаны сыр бере бастаған. Нұрпейісов журналиске медициналық көмек керек екенін жеткізді.
– Бүгін (31 тамызда) әкесімен бірге Думанға кірдік. Тергеуші жауап алайын деп, тергеу жүргізуге тырысқан. Думанның Алматыға ауыстыру туралы талабы орындалмады, сондықтан ол бұдан бас тартатынын айтты, – деді адвокат.
Журналист бұған дейін де аштық жариялап, тоқтатқан. Адвокат ол кезде оның көп салмақ жоғалтқанын хабарлаған еді.
Думан Мұхаммедкәрім «тыйым салынған ұйым ісіне араласу» және «экстремизмді қаржыландыру» баптары бойынша күдікке ілініп, маусымның соңында қамалған. Құқық қорғаушылар билікті қатаң сынап жүрген журналист ісінің саясиланғанын айтып, оны «саяси тұтқындар» тізіміне қосқан.
Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған. Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын Қазақстан билігі «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне ел аумағында тыйым салған. Ал 2019 жылы Еуропарламент ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс»деп атаған.
Пікірлер жоқ.