Қамаудағы Әйгерім Тілеужанның денсаулығы нашарлады
Masa Media тілшісі Жауғашты түрмесіне барды
Фото: Orda.kz
«Әуежайды басып алу ісі» бойынша 4 жылға сотталған журналист, белсенді Әйгерім Тілеужанның денсаулығы нашарлады. Бұл жөнінде оның адвокаты Айнара Айдарханова хабарлады.
– Маған Әйгерімнің денсаулығы нашарлағаны туралы, мекеме тарапынан тиісті көмек көрсетілмегені жөнінде ақпаратты оның анасы айтты. Әйгерім аштық жариялаған кезде оның бірнеше тісі түсіп қалған. Біз сол уақытта ол туралы айтқан жоқ болатынбыз. Қазір оның денсаулығы нашарлаған. Қазір ол тісін емдетуде. Ем барысында оған суықта жүрмеу туралы анықтама берілген. Бірақ мекемеде ол анықтама белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Екінші анықтаманы мекеменің медициналық бөліміне бергенде ол жердегі дәрігерлер оған режимдік міндеттемелерден босату туралы ешқандай құжат бермеген. Бұндай құжатты беру олардың міндетіне жатады. Осы уақытқа дейін ол анықтама берілмеген, – деді Айнара Айдарханова Masa Media тілшісіне.
Адвокат Айнара Айдарханова
Қорғаушының сөзінше, Әйгерім Тілеужанның қазір омыртқасы ауырып, протрузиясы асқынған.
– Қазір оның омыртқасы ауыруда. Салдарынан протрузиясы асқынған. Бұл жерде омыртқа дертін емдейтін маман жоқ. Әйгерім невропатолог дәрігердің келуін талап еткен. Бірақ ол осы уақытқа дейін келмеген. Оның сұрақтары мен талаптарына ешқандай жауап берілмеген, – деді Айнара Айдарханова.
Бұдан бөлек, адвокаттың айтуынша, Әйгерім Тілеужан түрме ғимаратының суықтығына, тамақ пен дәретханаға шағымданған. Айнара Айдарханова алдағы уақытта сотқа шағымданбақ.
Жауғаштыдағы әйелдер түрмесі
29 қаңтарда Masa Media тілшісі Әйгерім Тілеужан қамауда отырған Алматы іргесіндегі Жауғашты ауылындағы әйелдер түрмесіне арнайы барып, түрме әкімшілігімен тілдесті. Мекеме басшысы, әділет полковнигі Магнис Сәбитов қазір медицина бөлімінің ғимаратына жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, сол себепті Әйгерім Тілеужан стационарға жатқызылмаған.
– Ол тісін ақылы емдетіп жүргендіктен қалаға барып-келіп жүр. Иә, суықта жүрмеу жөнінде кеңес берілгенінен хабардармыз. Бірақ бізде режим. Күнде таңертең тексеріске шығуы тиіс. Тексеру аймағы ғимараттан 20 метр жерде. Ол ұзап кетсе 20 минут болады. Қазір ауа райы қатты суық емес. Сәлемдеме алуға және таксофонмен сөйлесуге де далаға шығады, осынша уақыт кетеді. Таңғы тексеріске шығуға ғана шағымы бар. Бұл жөнінде бізге құқық қорғаушылар да хат жолдады, – деді Магнис Сәбитов.
Журналист, аудармашы, саяси белсенді Әйгерім Тілеужан Қаңтар оқиғасы кезінде «Алматы әуежайын басып алуды ұйымдастырды» деген айыппен 2023 жылы 11 шілдеде сот үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол өзіне тағылған айыппен келіспеген, істі «саяси тапсырыс» деп атаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқын» деп таныған.
Пікірлер жоқ.