Қамаудағы Марат Жыланбаевты қолдаған шымкенттік белсенді полицияға шақырылды

Гүлжан Мұратбаева белсендіні туған күнімен құттықтап видео жариялаған


31/08/2023
12:31 13719 0

Фото: Ашық дереккөзден

Шымкентте қамаудағы оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевты қолдап, стадион маңында жүгірген тіркелмеген «Алға Қазақстан» партиясының мүшесі Гүлжан Мұратбаева полицияға шақырту алды. Бұл жөнінде #БелсенділерЭкстремистЕмес тобы хабарлады.  

Топ мәліметінше, 29 тамызда полиция қызметкері белсендіге хабарласып, 31 тамызда полицияға барып, өзіне қозғалған әкімшілік іспен танысып кету қажеттігін айтқан. Аталған топтың жазуынша, 19 тамызда Гүлжан Мұратбаева қамаудағы оппозиция белсендісі, марафоншы Марат Жыланбаевтың туған күні белсендіні құттықтап, қолдау видеосын әлеуметтік желіге жариялаған. Полицияның әкімшілік іс қозғауы осы жайтпен байланысты болуы мүмкін. 

– Спортпен айналысқанымыз үшін, Марат Жыланбаевты құттықтап, видео түсіргеніміз үшін, менің үстімнен әкімшілік іс қозғады, – деп мәлімдеді белсенді 30 тамыз күні Facebook парақшасында,  

Әзірге Шымкент полициясы оқиғаға түсініктеме бермеді. 

Биыл 25 мамырда Астана соты «тыйым салынған ұйымның ісіне араласу» және «экстремистік ұйымды қаржыландыру» баптары бойынша күдікке ілінген Марат Жыланбаевты қамауға алған. Бұған дейін оның адвокаты абақтыда белсендінің денсаулығы нашарлағанын айтқан. Марат Жыланбаев тағылған айыптарды жоққа шығарған.

Ол биыл кезектен тыс парламент сайлауына депутаттыққа үміткер ретінде тіркелген. Билік оны «ерте үгіт-насихат жасады» деп айыптап, үстінен әкімшілік іс қозғағанКейіннен кандидаттар қатарынан алып тастаған. 

Билік Марат Жыланбаев мүше оппозициялық «Алға, Қазақстан» партиясының тіркеу туралы өтінішін жуырда тағы да кері қайтарған.  

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

31/08/2023 12:31
13719 0

Уведомление