Алматыда тағы бір қарақалпақ белсендісі ұсталды

Бұған дейін Қазақстанда Қарақалпақстандағы оқиғаға байланысты үш белсенді Жангелді Жақсымбетов, Қошқарбай Төремұратов және Раиса Құдайбергенова ұсталған


05/10/2022
10:14 27264 0

Алматыда тағы бір қарақалпақ белсендісінің ұсталғаны хабарланды. Бұл жөнінде 4 қазан күні қарақалпақ диаспорасының өкілі Ақылбек Мұратбай твиттер желісінде жазды. 

– Қарақалпақ диаспорасының белсендісі Зиуар Мирманбетованы полиция Алматыдағы үйінен ұстап алып кетті. Бұл Өзбекстан полициясының Қазақстанда ұстаған төртыншы қарақалпақ белсендісі, – деп жазды Мұратбай. 

Қазақстан құқық қорғау органдары оқиғаға байланысты әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ. 

Бұған дейін Қазақстанда Қарақалпақстандағы оқиғаға байланысты үш белсенді Жангелді Жақсымбетов, Қошқарбай Төремұратов және Раиса Құдайбергенова ұсталған. 20 қыркүйекте сот оларды 4күнге қамау туралы шешім шығарған. 

Кей ақпаратқа қарағанда, белсенділер Өзбекстанда қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша күдікті деп танылып, іздеу жарияланған. Олардың үстінен "конституциялық құрылысқа нұқсан келтіру" (159-бап) және "қоғам тәртібіне қауіп төндіретін материалдар әзірлеу" (244-1 бап) баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Қарақалпақ диаспорасының кейбір өкілдері олар қазанда өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ОБСЕ) адам құқықтары жөнінде отырысына байланысты тұтқындалды деп есептейді.

Шілде айының басында Қарақалпақстан астанасы Нөкіс пен аймақтың өзге қалаларында жаппай наразылық тұтанып, тұрғындар Қарақалпақстанды егемен мәртебесінен айыратын Конституция жобасына қарсылық білдірген. Наразылықты күшпен басып-жаншыған Өзбекстан билігі Қарақалпақстанда төтенше жағдай жариялаған.

Ресми мәліметке қарағанда Қарақалпақстандағы оқиға кезінде 21 адам қаза болған, 516 адам ұсталған. Қаза болғандардың 14-і – бейбіт тұрғын, төртеуі құқық қорғау органдарының өкілі. Осы оқиғадан кейін Өзбекстан парламенті конституция жобасында Қарақалпақстанның егемен мәртебесін сақтау туралы шешім қабылдады.

 

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

05/10/2022 10:14
27264 0

Уведомление