Алматыда хостелде өрт болып, 13 адам қаза тапты
Оқиғаның жай-жапсары
Фото: Азаттық радиосы
30 қараша таңертең Алматыда хостелде өрт болып, салдарынан 13 адам қайтыс болды.
– 30 қарашада сағат 5:33-те Әди Шәріпов көшесіндегі өрт туралы хабар түсті. Өрт сөндірушілердің алғашқы тобы оқиға орнына 7 минут ішінде жетті. Олар барған кезде үш қабатты тұрғын үйдің жертөлесінің жанып жатқанын көрген, ғимараттың бірінші қабаты мен жертөлесі хостел ретінде жабдықталған. Өртті барлау және сөндіру кезінде 13 адамның денесі табылды, аты-жөндері анықталып жатыр, – деп хабарлады Алматы қалалық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі.
Өрт болған кезде хостелде 72 адам болған, 59 адам өздігімен сыртқа шыққан. Үш адам жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілген. Ғимараттан эвакуацияланған адамдардың барлығы жақын жердегі мектепке орналастырылған. Өрт сағат 6:22-де сөндірілген. Оған 46 адам мен 13 техника қатысқан.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың сөзінше, хостелдің ашылғанынан 1,5 ай болған және жертөлені хостелге заңсыз айналдырған. Ғимаратта өрт сөндіру құралдары болмаған. Бірақ дабыл қызметі қосылған. Өрт болған кезде 13 адам жертөледен шыға алмай қалған.
– Сағат 08:40-тағы жағдай бойынша өрт орнынан 59 адам эвакуацияланды, оның үшеуі сағат 08:40-қа дейін жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді. Қазір 56 адам жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды. Ыстық тамақ берілді, қажетті медициналық және психологиялық көмек толық көлемде көрсетіледі. Бір сағат ішінде ауданның қонақ үйлеріне орналастырылады, – деп хабарлады қалалық әкімдік.
Оқиға орнына барған Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қаза болғандардың 11-і - қазақстандық, біреуі – Өзбекстан, біреуі – Ресей (Саха республикасы) азаматы екенін айтты.
Бұған дейін қаза тапқандар Пәкістан азаматтары деген ақпарат тараған. Бірақ әкім ол ақпаратты жоққа шығарды. Ол қайтыс болған адамдардың өзімен бірге құжаттары болмағандықтан бастапқыда осындай ақпарат тарағанын деді.
Хостел орналасқан ғимарат 1956 жылы салынған. Хостелден бөлек, онда тұрғын үй орналасқан. Ресми ақпарат бойынша, хостелдің ашылғанына 1,5 ай болған. Бірақ сол маңайда тұратын кейбір тұрғындар хостелдің істеп тұрғанына шамамен жарты жыл болғанын айтқан.
«Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелген. Алдын ала болжам бойынша өрт жертөледегі дәлізден шыққан.
Пікірлер жоқ.