Алматы әкімдігі соғысқа қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді
Алматы билігі белсенділерге соғысқа қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді
Алматы әкімдігі белсенділерге Украинадағы соғысқа қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді.
Саяси белсенді Әлнұр Илияшев 17 наурызда өзінің facebook парақшасында өткен аптада әкімдікке 19 наурызда Шоқан Уалиханов алаңында акция өткізуге өтініш өткізгендерін, бірақ оған рұқсат берілмегенін жазды.
—Әкімдік бұл күні жақында ғана «Нұр Отан» деген атауын «Аманат» деп өзгерткен билік партиясының іс-шарасы өтеді деп түсіндірді. Олардың шарасы таңғы онда басталып, кешкі жетіде аяқталды екен, — деп жазды Илияшев.
Ақпан айының соңында Украинаның Алматыдағы консулдығы алдында соғысқа қарсы пикет өткізген. Бірнеше күннен кейін Тарас Шевченко ескерткіші алдында Украинаны қолдаған акция болған.
Бұдан бөлек, наурыздың 6-ы күні биліктің рұқсатымен Сары-Арқа скверінде Украинадағы соғысқа қарсы митинг өткен. Оған бірнеше мың адам қатысқан.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда жасаған жолдауында «қазір митинг өткізетін уақыт емес» деп, азаматтардың өз пікірін айту құқығын пайдалануда жеңілдіктер жасалмайтынын айтқан.
Пікірлер жоқ.