Алматы әкімдігі сайлауға қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді
Митинг өткізуге тағы да рұқсат бермеді
Аламаты әкімдігі кезектен тыс президент сайлауына қарсы митинг өткізуге тағы да рұқсат берген жоқ.
Алматы қаласының әкімдігі «Демократиялық күштер коалициясы» мен азаматтық белсенділерге кезектен тыс президент сайлауын өткізуге қарсы митинг өткізулеріне екінші рет рұқсат бермеді. Бұған дейін әкімдік белсенділер митинг өткіземіз деп таңдаған Шоқан Уәлиханов алаңында сол күні «мәдени іс-шара өтеді» деп өтініштерін кері қайтарған.
Митинг өткізу туралы екінші өтінішті әкімдікке «Мұқалмас» ұйымының Алматыдағы бөлімінің жетекшісі Құдайғашүкір Абдуллаев берген. Бұл жолы митинг өтетін орын деп «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы алаң таңдалған.
Бұл өтінішке Алматы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков «алаңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспарланған» деген себеппен митинг өткізуге рұқсат бермеген.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қараша күні өтеді. Тиісті жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев 17 қыркүйекте қол қойған. Кандидаттарды тіркеу 23 қыркүйектен басталады.
Кезектен тыс президент сайлауы өтеді деген күннен бастап оппозиция мен азаматтық қоғам өкілдері арасында «сайлауға қатысамыз ба, жоқ әлде бойкот жариялаймыз ба» деген дау шыққан. Осы мәселені шешу үшін саясаткерлер мен қоғам белсенділері «Демократиялық күштер коалициясын» құрған. Бірақ оның мүшелері әлі нақты бір шешімге келген жоқ.
Пікірлер жоқ.