8 наурызда қалай құттықтау керек?
«Нәзік болып қала беріңіздер» демей ақ құттықтау

Біз бұған дейін халықаралық әйелдер күні қалай пайда болғанын, оның көктем, махаббат және нәзіктік мерекесі емес екені туралы жазғанбыз. Бүгін 8 наурызда айтылатын стандартты құттықтаулар туралы айтамыз.
Нәзік әрі мейірімді болу
Қате: «Мейірімді, нәзік, төзімді бол!» дегеннің барлығы әйел адам қандай болу қажет деген стереотиптер жиынтығы. Нақтырақ айтқанда, қоғам көргісі келетін әйел бейнесі.
Дұрыс: Өзіңе және өз күшіңе сенімді бол. Ешнәрсеге қарамай, алға қойған мақсатыңа жет. Алған бетіңнен қайтпа!
Әйел бақыты
Қате: Әр әйел әртүрлі және әркімнің бақыты әртүрлі. Біреу компания директоры болғысы келеді. Ал енді біреуі аяулы жар, ардақты ана атанғысы келеді. Бұның барлығы жақсы. Бірақ толыққанды емес.
Дұрыс: Бақыт жайында көзқарасыңды қалыптастыр, соған ұмытыл. Қандай жағдай болса да бақытты бол!
Лайықты жігіт табу
Қате: Лайықты жігіт табуды тілеу дұрыс емес. Себебі барлығы қарым-қатынас құруды, лайықты адамын жолықтыруды мақсат тұтпайды.
Дұрыс: Бірінші кезекте өзіңді жақсы көр және құрметте. Өзге адамдармен сыйлы, үйлесімді қарым-қатынас жаса.
Коллективтің гүлі болу
Қате: Әйелдер офистің безендіруі емес. Олар өзіне тиесілі, лайықты жалақы алуға, өзгелер сияқты құрметке ие болуға құқылы қызметкерлер. Айта кететін бір жайт, қазақстандық әйелдердің жалақысы ер адамдармен салыстырғанда 34% - ға аз.
Әріптесіңді офистің гүлі деп атау, оның қызметі мен еңбегін бағаламау, төмендету. Олай жасаудың қажеті жоқ.
Дұрыс: Қызықты жобалармен айналыс, өз-өзіңді дамыт, мансапта алға қарай жылжы. Өзіңе қызық дүниемен айналысудан қорықпа. Жаңа қызметтік мансаптарды бағындыр.
Отбасы – ошақ қасының ұйытқысы бол
Қате: Үй жұмысының басым көпшілігін онсызда әйелдер істейді. Қазақстандық әйелдер үй жұмысына күніне орташа есеппен – 4 сағат 14 минут уақыт жұмсайды. Ал еркектер – 1 сағат 28 минут жұмсайды.
Негізінде үй жұмысын жасау әйелдердің міндеті емес. Оны отбасы мүшелерінің барлығы істей алады және жасауы тиіс.
Дұрыс: Үй жұмысын өзара дұрыс бөлу және істеу.
Шынайы, нағыз әйел болу
Қате: Әйелдер әртүрлі және олардың барлығы шынайы. Әрқайсысы өзінше ерекше, әдемі, бағалы. Нағыз әйел болудың формуласы жоқ. Біреудің қиялындағы адам болуы ешкім міндетті емес.
Дұрыс: Қалай барсың, солай бол. Өзіңді осы қалпыңда қабылда және жақсы көр.

Пікірлер жоқ.