3 мыңға жуық адам Таулы Қарабақтан Арменияға қоныс аударды

Аймақ Әзірбайжан қарамағына өткен


25/09/2023
16:13 13130 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Әзірбайжанның Таулы Қарабақтағы арнайы операциясынан кейін Арменияға 2900-ден астам армян қоныс аударған. Бұл жөнінде Армения үкіметі мәлімдеді. 

 

Армения үкіметінің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, елге Таулы Қарабақтан 2906 адам келген. Тіркеуден өткен 2100 адамның 1 мыңы өздері қалаған аймаққа кеткен. Қалған 1100 адам үкімет берген уақытша қонысқа орналасқан. 

 

24 қыркүйекте мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасы Әзірбайжанның арнайы операциясынан кейін халқының бір бөлігі Ресей бітімгер күштерінің қадағалауымен Арменияға эвакуацияланатынын хабарлаған. 

 

Мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасы президентінің кеңесшісі Давид Бабаянның Reuters агенттігіне айтқан сөзіне қарағанда, Таулы Қарабақта тұратын 120 мың армянның басым бөлігі үйін тастап, Арменияға кетуі мүмкін. 

– Халқымыз Әзербайжан құрамында қалғысы келмейді. 99,9 пайызы тарихи жерімізден кетуді көздеп отыр, –деген ол агенттікке. 

Бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақтан келетін босқындарды Арменияға қабылдауға әзір екенін айтқан. Оның сөзінше, Таулы Қарабақта армяндарды қуғын-сүргінге салуы мүмкін. Ол халыққа арнаған үндеуінде мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасындағы халықтың құқығын сақтау үшін Армения халықаралық серіктестерімен бірлесе жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген. 

Армения қауіпсіздік кеңесінің хабарына қарағанда, Пашинян 5 қазанда Испанияның Гранада қаласында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесуі мүмкін.

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

25/09/2023 16:13
13130 0

Уведомление