25 млн доллар, арнайы ұшақ, Назарбаевтың оралуы. Ресейде «Қанды Қаңтар» мен Тоқаев туралы кітап жарық көрді
Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан билігі ОДКБ әскерін кіргізіп, халық сынына іліккен. Президент Тоқаев «ескертусіз оқ атуға» бұйрық берген
Фото: Ашық дереккөзден
Мәскеуде ресейлік журналист әрі жазушы Леонид Млечиннің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қанды Қаңтар оқиғасы жөніндегі кітабының тұсау кесері өтті. Автордың айтуынша, Қаңтар оқиғасында Тоқаевқа бортында 25 миллион доллары бар арнайы ұшақ ұсынылған.
Саясаттанушы Ербол Еділов телеграм арнасында кітаптан үзінді жариялады. Онда Қаңтар көтерілісін «ұйымдастырушылар» Тоқаевты елден қууды мақсат еткені туралы жазылған
– Ол маған шешуші сәтті өзіне не деп айтқанын мәлімдеді: жағдайдың қауіптілігі сондай, қазір ең маңыздысы – сіздің өміріңізді сақтап қалу. Арнайы ұшақ дайын, жеке күзетіңіз сізбен бірге... Ұшақта 25 миллион АҚШ доллары бар. Бастапқы шығындарға. Қайда ұшқыңыз келеді? Президенттің ұшып кететініне күмәнданбаған, – деп жазылған кітаптан келтірілген үзіндіде.
Кітапта Млечин 2022 жылдың қаңтарына дейін Тоқаевтың тапсырмаларына шенеуніктер тарапынан саботаж жасалған дейді. Оның сөзінше, шенділер Тоқаевтан тапсырма алып, кейін Назарбаевтың мақұлдауына кіретін болған. Бұған қоса, президенттің туыстарын аңдыған. Бұған мемлекет басшысы таң қалған.
– Президент маған өзіне жақын адамдардың бірі не деп айтқанын айтты: Сіз 19 наурызда президент болдыңыз. Ал 20 наурызда сіз елбасы отбасының басты жауына айналдыңыз. Мүмкін оның өзінің де..., – делінген кітап үзіндісінде.
Бұдан бөлек, кітап үзіндісінде Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың президент тағына қайтып оралуы, Кәрім Мәсімовтің шексіз құзыретке ие премьер-министр лауазымына ие болуы жоспары жөнінде айтылған.
– Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми мақала жариялады. Оның мағынасы мынадай: Елбасы институты елдегі жоғарғы билік органы. Қазақстанда Иран билік жүйесі туралы айтыла бастады. Аятолла президенттен жоғары. Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Сауд Арабиясы тәжірибесіндегі монархиялық билік идеясы пайда болды, – делінген мәтінде.
Кітаптың тұсау кесер рәсімі Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде өткен. Шараны елші Ермек Көшербаев ашқан.
Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан билігі ОДКБ әскерін кіргізіп, халық сынына іліккен. Президент Тоқаев «ескертусіз оқ атуға» бұйрық берген. Ресми дерек бойынша, 238 адам қаза тапқан. Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, 10 мыңнан астам адам ұсталып, оның 70 пайызы азапталған.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің үстінен «билікті басып алу», «қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» баптары бойынша іс қозғалған. Оның ісі қазір сотқа жіберілген. Бірақ «аса құпия» деген статуспен жабық жағдайда өтуде. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев соңғы уақыттары Астана қаласында өзі салдырған мешіттен жиі көрінеді. Әлеуметтік желі мен БАҚ-та елге бата берген, намаз оқып, дұға тілеген видеолары ауық-ауық шығып тұрады.
Пікірлер жоқ.