2023 жыл несімен есте қалды: Ереуіл, апат, қаралы күн, саяси тұтқындар және зорлық-зомбылық


29/12/2023
15:09 9119 0

 

МҰНАЙШЫЛАР ЕРЕУІЛІ

 

Сәуірде жаңаөзендік 80-нен астам мұнайшы Астанаға барып, энергетика министрлігі алдында тұрақты жұмыс талап етіп, наразылық акциясын өткізді. Оларды арнайы күшпен таратып, ұстады. Осыдан кейін Маңғыстау, Орал, Атырау, Алматы қалаларында белсенділер мұнайшыларды босатуды талап етті. Кейіннен билік наразылармен келісіп, пойызға тиеп, Маңғыстау облысына жіберді. Бұдан кейін де мәселе толық шешілген жоқ. Басқа компанияға жұмысқа келіскен соң барып мұнайшылар наразылықты тоқтатты. 

 

Наразылық өршіп тұрған тұста әлеуметтік желіде бірқатар журналистер мен блогерлер мұнайшыларды қаралап, тапсырысқа пост жазғаны жөнінде ақпарат тарады. Оларға бір жазбаға 100-200 мың теңге ақша төленгені айтылды. Қоғам тарапынан болған сыннан кейін кейбірі тапсырысқа пост жазғанын мойындап, оны «саяси пиярға» балап, ақталу жазбаларын жариялады. 

 

СЕМЕЙДЕГІ ӨРТ ЖӘНЕ АЗА ТҰТУ

 

Маусымда Абай облысындағы «Семей орманы» резерватында 60 мың гектар орман өртеніп, салдарынан 14 адам қаза тапты. Өрт сөндіруге барған орманшылардың құрал-жабдықтары, арнайы киім мен автокөліктері болмағаны белгілі болды. Қайтыс болған адамдардың туыстары мемлекет басшысы оқиға орнына келетін кезде жергілікті билік шұрық-тесік жолды жамап, жөндегенін айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. 

 

Өрт болардан бір ай бұрын экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова аймақта орман өртіне қарсы оқу-жаттығу жұмыстарына қатысып, техника мен орманшылар өртке дайын екенін айтқан. Министрдің өртке қатысты құрылған жедел штабта жылап тұрған видеосы жарияланды. Әлеуметтік желіде бұл үлкен сынға ұшырап, желі қолданушылары оның отставкаға кетуін талап етті. Бірақ ол сол қалпында қызметінде қалды. 

 

ЖАМБЫЛДАҒЫ ҚУАҢШЫЛЫҚ

 

Жамбыл облысында су тапшылығынан қуаңшылық болды. 400-ге жуық шаруаның егістігі күйіп кетті. Тамызда 6 ауданда төтенше жағдай жарияланды. Аймақ су алатын Қырғызстандағы Киров су қоймасының биыл толмай қалғаны жөнінде ақпарат тарады. 

 

Қуаңшылықтан кейін су ресурстары комитеті Су ресурстары және ирригация министрлігі болып қайта құрылды. Министр болып Нұржан Нұржігітов тағайындалды. Ол оған дейін қуаңшылықтан зардап шеккен Жамбыл облысының әкімі болып қызмет атқарған. Бұл қоғамда үлкен сынға ұшырады. 

 

КИІК АТУ

 

Экология министрлігі елде 2 миллион 600 мың киік барын айтып, «олардың көбейіп кетуі салдарынан ауыл шаруашылығына зиян келіп жатқанын» алға тартып, атуға рұқсат берді. Бірақ қоғамда мәселе киікте емес, министрлік пен билік жүйесінің өзінде деген наразылық айтылды. Билік өкілдерді киіктер мекен ететін аймақты фермерлерге бөліп бергені жөнінде ақпарат тарады. 

 

Қараша-желтоқсан айларында 18 мың киік атылды. Қыс аяқталған соң ату науқаны қайтадан жалғаспақ. БАҚ-та киіктердің Ресей аумағына үдере көшіп жатқаны жөнінде ақпараттар шықты. 

 

КЕНІШТЕГІ ЖАРЫЛЫС ЖӘНЕ АЗА ТҰТУ

 

28 қазанда Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі Иван Костенко кенішінде жарылыс болып, салдарынан 46 адам қаза тапты. Оқиға орнына президент Тоқаев барып, компания инвесторымен келісімшартты бұзу қажеттігін айтып, қайтыс болған адамдардың отбасыларына көмек болатынын мәлімдеді. 29 қазанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. 

 

Кейіннен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына иелік еткен үнді-британ миллиардері Лакшми Миттталмен келісімшарт бұзылып, оның орнына инвестор болып Allur компаниялар тобының директоры Андрей Лаврентьев келді. Компанияның Qarmet деген бұрынғы атауы қайтарылды. Бірақ сарапшылар мен экономистер компания тағы да арзан бағаға сатылды деген пікірлер айтты. 

 

«САЯСИ ТҰТҚЫНДАР» ЖӘНЕ БЕЛСЕНДІЛЕРДІҢ СОТТАЛУЫ

 

Биыл Қазақстанның әр аймағында бірқатар белсенділер ұзақ сотталды. Атап айтқанда, марафоншы, тіркелмеген «Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев 7 жылға, «Ел тірегі» партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Нұржан Әлтаев 10 жылға, «Қаңтарда әуежайды басып алу ісі» бойынша, белсенді Әйгерім Тілеужан 4 жылға, Қалас Нұрпейісов және өзге үш адам 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Саяси белсенді Жанболат Мамай 6 жыл 6 айға шартты жазаға кесілді. 

 

Соттардың басым көпшілігі жабық өтіп, процеске журналистер мен бақылаушылар кіргізілмеді. Құқық қорғаушылар сотталғандарды «саяси тұтқын» деп таныды. 

 

АЙКӨРКЕМ ЖӘНЕ АРУАҚТАР СОТЫ

 

Қанды Қаңтарда оққа ұшып, қаза тапқан төрт жасар Айкөркем Мелдеханның ісінде күдікті әскери Аман Жұман ақталды. Сот бүлдіршіннің әкесі Айдос Мелдеханның өзін «қауіпті жағдайда қалдыру» бабы бойынша жауапқа тарту жөнінде жеке қаулы шығарды. Бұдан бөлек, «жалған ақпарат тарату» айыбы бойынша 69 мың теңге айыппұл салынды. 

 

Қаңтар оқиғасы кезінде Тараз қаласында қаза тапқан – Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Тоқтар Ошақбай және Исатай Домбаев кінәлі деп танылып, қайтыс болуларына байланысты жазадан бостатылды. Жоғары сот марқұмдардың заңды өкілдерінің өтінішін қарап, бірінші және екінші сатыдағы соттардың үкімін өзгеріссіз қалдырды. 

 

ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ЖӘНЕ САЛТАНАТ НҮКЕНОВАНЫҢ ӨЛІМІ

 

Бұрынғы ұлттық экокномика минисрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованың Астанадағы мейрамхананың бірінде «ұрып өлтірді» деген күдікпен қамауға алынды. Осыдан кейін қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы наразылық күшейіп, 150 мыңнан астам қазақстандық петицияға қол қойды. Бірақ әділет министрлігі «петиция елде петиция туралы заң қабылданбай тұрғанда ашылды» деп мәлімдеп, оны қараудан бас тартты. 

 

АСҚЫНҒАН ҚЫЗЫЛША ДЕРТІ

 

Қазақстан бойынша қызылша жұқтырғандар саны өршіп, кейбір оқу орындары онлайн оқуға көшуге мәжбүр болды. Қазақстан қызылша жұқтырғандар бойынша әлемдегі алғашқы үштікке енді. 

 

Қарашада денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят жыл басынан бері ел бойынша 17 мың адам қызылшамен ауырғанын мәлімдеді. 28 желтоқсанда денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Астана мен Шығыс Қазақстанда бір жасқа толмаған екі нәресте қызылшадан қайтыс болғанын айтты. 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

29/12/2023 15:09
9119 0

Уведомление