«20 мың»: Қаңтарда зардап шеккендер туралы фотожоба
Фото: Бауыржан Сәбит
20 мың — Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы қаңтарда Қазақстанға осыншама террорист басып кірді деді. Бұл көптеген адамның оққа ұшып, азапталуына себеп болды.
Кейін Тоқаевтың бұл сөзін Твиттер мен телеарна эфирлерінен өшіріп тастады. Билік ешқандай «20 мың» террорист туралы сөз болмағандай сыңай танытты. Бірақ «ескертусіз оқ ату» бұйрығы құрбандарының санасынан оны өшіріп тастау мүмкін емес.
Masa Media Бауыржан Сәбит пен Бейбарыс Толымбековтың фотожобасын ұсынады. «20 мың» — бұл Қаңтарда зардап шеккен бірқатар азамат пен олардың туыстарының оқиғалары. Билік оларды террорист, мародер, шет елдік жалдамалы жендеттер деп атауда. Бірақ біз адамдардың тағдыры мен сол уақытта басынан өткен оқиғаларын жеткізу арқылы, Қаңтар құрбандарының шынайы келбетін көрсеткіміз келеді.
Ғалымбек Бисаев
Ғалымбек Бисаев — алты баланы асырап жатқан, көп балалы әке. Алматы облысы, Қарақыстақ ауданының тұрғыны. 5 қаңтар күні ауылдастарымен бірге үкіметке өз уәжін жеткізу үшін Алматыға келген. Бірақ қаладағы жағдай ушығып кеткенін көрген соң, үйіне қайтып кеткен.
10 қаңтар күні Ғалымбектің үйіне бетперде киген қарулы адамдар келіп, Ұзынағаш ауылының облыстық полициясына алып кетеді. Ол жерде оны төрт күн бойы азаптаған. Кейін Ғалымбек Бисаевті Алматы қаласының полициясына алып кетіп, оны тағы да төрт күн азаптаған. Дегенмен, прокуратура қамау туралы санкцияны тек 17 қаңтарда берген. 18 қаңтар күні Ғалымбекті тергеу изоляторына қамаған.
Ғалымбек үйге тек 10 наурызда оралды.
23 желтоқсан күні Алматыда жаппай тәртіпсіздік туралы қылмыстық істі тыңдау басталды. Бұл іс бойынша 26 адам күдікті деп танылған, оның біреуі белгісіз жағдайда мерт болған азамат. Айыпталушылардың арасында Ғалымбек те бар.
Ғалымбек өзін азаптаған полиция қызметкерлерінің түрлерін есінде сақтап, оларды таныған. Бірақ азаптау бойынша барлық істер тоқтатылды.
Әсем Сыдықова
Әсем Сыдықова — Ғалымбек Бисаевтың жары, алты баланың анасы. 10 қаңтар күні Ғалымбекті полиция қызметкерлері алып кеткен соң, Әсем полицияға барып, күйеуін іздеген. Ал бала-шағасына «әкелерің жұмыста» деп айтқан.
Ақпан айына дейін Әсем өз күйеуімен кездесе алмады. Оған себеп болғаны, үкіметтің берген адвокаты әр түрлі сылтаумен Әсемді Ғалымбекпен кездестірмеген. Бұны түсінген соң, Әсем тәуелсіз адвокатты тауып, Ғалымбектің ісін жүргізіп, оны 10 наурыз күні үйге қайтарған.
Ғалымбекті азаптаған адамдардың ешқайсысы жауапқа тартылған жоқ. Қазіргі таңда, балалары әкесін азаптаған адам инспектор болып жұмыс істейтін мектепке барып жүр.
Ермек Абдрешев
Ермек Абдрешев — Алматы қаласының тұрғыны, автомеханик. 5 қаңтарда бейбіт митиңге шығып, бетіне резеңке оқ тиген. Соның салдарынан Ермек комаға түсіп, үш күннен кейін ғана емханада оянған.
8 қаңтар күні бетперде киіп, қару ұстаған полиция қызметкерлері емхананадан Ермек Абдрешевпен бірге барлық емделушілерді ұстап алып кеткен. Ол уақытта Ермектің екі көзі бірдей көрмей қалған.
Он бір күн азаптаудан кейін Ермекті үйіне жіберді. Жеті айдан кейін үкімет Ермектің жаппай тәртіпсіздікке қатысуы туралы айыптау ісін тоқтатты. Бірақ әлгі күнге дейін азаптау туралы ісі орнынан қозғалған жоқ.
Айдар Оразбеков
Айдар Оразбеков — Алматы қаласының тұрғыны, 6 қаңтар күні Республика алаңына шығып, «Қарапайым халықпыз, біз террорист емеспіз» деген плакатты ұстап тұрған адамдарды фотоға түсірген. Кешке жақын шерушілерге оқ жаудыра бастаған кезде, Айдар да жарақат алып, емханаға түскен. Айдардың көлігінің де оқтан сау тамтығы қалмаған.
8 қаңтар күні бетперде киіп, қару асынған полиция қызметкерлері емханадан адамдарды алып кетіп жатқанда, оның ішінде Айдар да болған. Оны тергеу изоляторына қамап, азаптаған. Тек бір айдан кейін, ақпан айының басында үйіне жіберген.
Қыркүйек айында үкімет Айдар Оразбеков айыпталушы ретінде жүріп жатқан жаппай тәртіпсіздік туралы істі тоқтатты. Жарақат алу мен азаптау істері бойынша әл күнге дейін ешкім жауапқа тартылған жоқ.
Рашид Игисинов
Рашид Игисинов Алматыда тұрады, әйелі екеуінің қалада дүкені бар. 5 қаңтарда Республика алаңында Рашидтың қолына оқ тиген. Сол күні оны емханаға апарған. Ауырсынуды басатын дәріні алған соң, Игисинов үйіне қайтып кеткен. Келесі күні, 6 қаңтарда қолы қайта ауыра бастаған кезде, Рашид қайтадан ауруханаға барған. Ол жерде оған ота жасап, ем қабылдауға жатқызған.
8 қаңтар күні ауруханаға бетперде, әскери киім киген, қару асынған адамдар кіріп, жарақат алған барлық емделушілерді тергеу изоляторына алып кетеді. Олармен бірге Рашид те қамауға алынып, азапталған. Үйге тек ақпан айының басында ғана оралған.
Әлі күнге дейін Рашид Игисиновті атқан және азаптаған адамдардың бірде біреуі жауапқа тартылмаған.
Айнур Байтханова
Айнұр Байтханова – қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан Алматы қаласының отыз бес жастағы тұрғыны Жомарт Байтханның әпкесі. Жомарт 5-6 қаңтар күндері қалаға барып, тонаушыларды телефон камерасына түсіріп, халық еріктілерінің (дружина) қатарына қосылған.
6 қаңтарда Республика алаңында шерушілерді атқылау басталған кезде, Жомарттың бірнеше жеріне оқ тиген. Суреттерге қарағанда, оны арқа тұсынан атқан. Телефонының геолокация деректеріне сәйкес, ол таңертеңге дейін алаңда жарақатпен жатқан. 7 қаңтарда денесі мәйітханаға жеткізілген.
2022 жылдың 30 қыркүйегінде Жомарт Байтханның өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу «қылмыс құрамының болмауына байланысты» тоқтатылды. Ал іс материалдарына құпия статусы берілген.
Жомарт Байтаханға оқ атқандардың ешқайсысы жауапқа тартылған жоқ.
Данияр Иргалиев
Данияр Ирғалиев Алматы қаласының тұрғыны, бизнес-кеңесші болып жұмыс істейді. 12 қаңтар күні кешке үйіне қайтып келе жатқанда, оны әскери колонна тоқтатқан. Олар Даниярды ұрып-соғып, полиция бөлімшесіне алып кеткен.
Учаскеде Даниярды азаптап, тінтіп, телефонын тексерген. Бірнеше сағаттан кейін босатып жіберген.
Осы күнге дейін Даниярды азаптағандардың ешқайсысы жауапқа тартылмаған.
Нұртас Қаранеев
Нұртас Қаранеев – Алматы қаласының тұрғыны, шаштараз болып жұмыс істейді. 5 қаңтарда Республика алаңына бара жатқан жолда Нұртасқа оқ тиіп, жараланған. Сол жерде болған басқа адамдар оны ауруханаға алып барған. Сол жерде оған ота жасаған.
Қаңтардың 8-і күні бетперде киген, қару асынған қызметкерлер ауруханаға басып кіріп, барлық жаралыларды тергеу изоляторына жеткізген. Нұртастың айтуынша, оны абақтыда соққыға жыққан, бірақ басқалар сияқты қатты ұрмаған. Бұған Нұртастың баяғыда әскери қызмет атқарғаны себеп болуы мүмкін.
3 ақпанда Нұртас бостандыққа шықты. Осы уақытқа дейін оны атып, азаптағандардың ешқайсысы жауапқа тартылмаған.
Руслан Кемелбаев
Руслан Кемелбаев Алматы облысында тұрады. 5 қаңтарда алаңға шығып, жаралыларға көмектескен. Руслан өзіне қарата лақтырылған гранатадан полиция қалқанымен қорғанған. Соған қарамастан, сол жақ иығынан жарақат алған.
Сол күні Руслан Кемелбаевты ауруханаға апарып, иығын таңып, босатқан. Кейінірек ол биліктің репрессиясынан қорқып, ауруханаға көмек сұрап бармауды ұйғарып, қаңтар оқиғасы туралы ешкімге айтпаған.
Үш айдан кейін ғана Руслан ауруханаға барып, оған ота жасалған. Оны полицияға жауап алуға шақырған, бірақ іс тоқтатылған. Руслан Кемелбаевты жарақаттағандардың ешқайсысы жауапқа тартылмаған.
Ажар Бимамир
Ажар Бимамир – Алматы қаласының тұрғыны, суретші. Ол 6 қаңтарда Республика алаңына барған. Бұл күні алаңда тыныш болған: халық тамақ таратып, жаралыларға көмектесіп, үкіметке талап-тілектерін жинап жатқа.
Кешке қарай алаңға броньды техникалар келіп оқ жаудырды. Ажар оқтан жараланған бірнеше адамды көрген, алайда оқ астында қалып, оларға көмектесе алмай, атыстан қашуға мәжбүр болған.
Бүгінге дейін 6 қаңтарда алаңда болған оқиғаға билік тарапынан тиісті баға мен түсініктеме әлі берілген жоқ.
Эльмира Усабаева
Эльмира Усабаева қаңтар оқиғасы құрбандарының бірі Руслан Усабаевтың әпкесі. 5 қаңтарда Эльмира Русланға соңғы рет телефон соққан кезде, ол бала күнгі досы Вадим Коробермен үйіне қайтып келе жатқанын айтқан. Алайда олар үйге дейін жете алмаған.
Келесі күні Эльмира Руслан мен Вадимнің денесін мәйітханадан тапқан. Екеуі де оқ жарақатынан қайтыс болған.
Осы күнге дейін Руслан мен Вадимге оқ атқандардың ешқайсысы жауапқа тартылмаған.
Пікірлер жоқ.