«12 психолог ауыстырдым»: Зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыздар нені білу керек?
«Басымыздан өткенді жасырмай айту ешқандай да ұят емес»
«Ол кезде 12 жастамын. Мектептегілер тарапынан артық салмағым үшін буллингке ұшырадым, сабақтан үйге жалғыз қайтатын кішкентай қорғансыз мені «қармағына түсіру» оңай болды». Бодипозитив, менталды саулық бойынша блог жүргізетін Айым Смағұл өз оқиғасымен бөлісті. Ол Асфендияров атындағы университетте оқиды. Зорлық-зомбылықпен күресетін «Қорған» ұйымында волонтер.
«Ұят боладының кесірінен жазадан құтылып кетті»
Ол менің телефонымды күшпен алып «Жаным» деген секілді хаттарды өзіне жазатын. Сол хаттар арқылы, мені бопсалайтын. Мектептің қасында бұзылған үй бар еді. Мектептен шыққанымды күтіп тұрып, сол үйге кіргізетін. Жыныс мүшелерімді ұстап, маған ыңғайсыздық тудыратын. Оның әрекеттерінен кейін өзімді қатты лас сезіндім. Әкеме айтуға батпадым, себебі сабағын жақсы оқитын, ақылды қызын қабылдамай қоя ма деп қорықтым. Ал анам мені кішкентайымнан қатал тәрбиеледі. Ашылып сезімдерімді бөлісе алмайтынмын.
Әлгі адам көршіміздің туысы болғандықтан, менің отбасым жайлы жақсы білетін. Мені анамның қаталдығымен қорқытатын. Мектепте отырғанда ауа жетпей, көзіме жас толып, өз-өзімді ұстай алмайтын болдым. Көз алдыма өте жиіркенішті көріністер елестеп, денемді, санамды жаман ой билейді. Бір күні ағылшын сабағында отырып,көтере алмай, қатты жылап жібердім. Мұғаліміме бәрін айтып бердім. Ол мені мектеп психологына апарды. Психолог пен ұстазым бірге барып, ата-анама айтты. Бірақ аядай ауылда «ұят боладының» кесірінен әлгі адамға ешқандай жаза көрсетпеді. «Жабулы қазан жабулы күйінде қалды».
«Осы уақытқа дейін 12 психолог ауыстырдым»
Уақыт өте келе бұндай нәрселер менің ғана басымнан өтпегенін түсіндім. Біздің қоғамда зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандар аз емес екен. Оның көпшілігі ұят боладыдан ашық айтылмайды. Бірақ «Не молчи», «Свет» секілді жобалармен танысып көрдім. Оларды оқу арқылы басымнан өткенімді ашық айтудан ұялмау керек екенін ұқтым. Уақыт өте келе 12 жасымдағы кішкентай қызбен жұмыс істеуді бастадым. Санамның түбінде қалып қойған қорқынышқа оралуға тырыстым. Бірақ оны емдеу қиынға соқты.
Осы уақытқа дейін 12 психолог ауыстырдым. Бірақ олардың ішінде «арықтасаң бәрін ұмытасың» немесе «намаз оқысаң, бәрі басылады» деп дінге тартқандары болды. Кейбіреулері тіпті менің сезімдерімді құнсыздандырып, «кімнің басынан өтпей жатыр» дегенде таң қалдым. Білімді психологтармен жұмыс істеу арқылы өзімді, денемді, болмысымды қабылдай бастадым.
Қыздарға айтарым, басымыздан өткенді жасырмай айту ешқандай да ұят емес. Біз бұл нәрсені ашық жеткізу арқылы қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын ала аламыз. Қиналып жүрген басқа қыздардың өз-өзін құтқаруға септігімізді тигіземіз. «Зорлық-зомбылыққа ұшыраған сен ғана емес» дегім келеді.
Айымның айтуы бойынша, қазіргі таңда одан көмек сұрап көптеген қыздар жазатын көрінеді. Оның мақсаты қоғамдағы әділетсіздіктермен күресіп, зорлық-зомбылықтың құрбаны болған қыздарға көмектесу. Оқуын аяқтаған соң ауылдық жерлердегі жасөспірімдерге жыныстық сауаттылық жайлы білім беруді армандайды.
«Жәбірленушілер туған анасынан да көмек сұрай алмайды»
2018 жылдан бері зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандармен жұмыс істеп келе жатқан, психолог Арай Сыздыққызының айтуынша, клиенттерінің көпшілігі туыстары тарапынан сексуалды зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Көбі ерте жаста зорланған.
– 2 жыл бұрын педофилияға қарсы акция бастадық. Құрбандар саны өте көп болды. Басым көпшілігі «ұят» деген желеумен жасырын жүрген. «Өзі кінәлі, тыртиған киім киіп алған» деп қыздарды кінәлап жатады. Бұл жәбірленушілердің айта алмауының бірінші себебі. Екінші себебі, туысқан ағасы, бөлесі, тіпті туған ағасы мен әкесі зорлаған. Ең жақын адамынан айуандық көрген жәбірленуші тіпті, анасынан да көмек сұрай алмаған.
Мысалы, ата-анасы ауылға жіберді делік. Ал онда баласының басынан не өтіп жатқанын білмейді. Жыныстық сауаты жоқ қорғансыз бала ата-анасына түсіндіріп айта алмайды. Егер анасы мен әкесі баласына кішкентайынан көңіл бөліп, онымен сырласа алса, ішкі сезімдерін таныса және жыныстық сауаттылық жайлы түсінікті тілмен айтса зорлық-зомбылық біршама азаятын еді, – дейді психолог.
Психологты қалай дұрыс таңдау керек?
Біріншіден, кәсібилігіне назар аударыңыз. Қандай оқу орынын бітірген, қанша жылдық тәжірибесі бар екенін ескеріңіз.
Екіншіден, психолог алдына келген клиенттің оқиғасын толық тыңдап, оны аша білу керек.
Үшіншіден, сізді қиын жағдайға қалдырған ситуацияны қалыпты нәрсе, немесе ондай ондай болып тұрады десе, сізге бірден психолог ауыстыру керек. Ол сіздің сезімдеріңізді құнсыздандырып тұр.
Кәсіби психолог сіздің оқиғаңызды тыңдап, сезімдеріңізді танып барып, терапияны бастайды.
Автор: Әмина Кемелбай
Пікірлер жоқ.