Алматыда саяси себеппен қудалауға қарсы митиңге рұқсат берілмеді
Билік «мемлекеттік қауіпсіздікке қатер төнеді» деп есептеген
Фото: Алмаз Төлеке
Алматы әкімдігі құқық қорғаушыларға митиң өткізуге рұқсат бермеді. Азаттықтың хабарлауынша, Liberty қорының президенті Ғалым Ағелеуов пен «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожина 24 қазанда саяси реформа жүргізу және саяси себеппен қудалауды тоқтату туралы митиң ұйымдастырмақ болған.
Алматы қоғамдық даму басқармасы төрағасының орынбасары Айдар Есенбековтің қолы қойылған хатта бейбіт жиналысқа елде сот шешімімен тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» және «Көше» партияларының белсенділері қатысып, «қоғамдық тәртіпке қауіп төндіруі мүмкін» екені жазылған.
Әкімдік ҚР «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңының 14-бабының 1-бөлімінің 3-тармақшасына сүйенген. Онда «мемлекеттік қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіптің бұзылуына, денсаулық сақтауға, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына қатер төнгенде» митиңдерге рұқсат берілмейтіні жазылған.
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов жергілікті атқару органы азаматтарды саяси көзқарасына байланысты алалап отыр деп есептейді.
Бұған дейін Алматы әкімдігі Демократиялық партия құрғысы келетін бастамашыл топтың Қытай экспансиясына тыйым салу мен несие амнистиясын талап ететін митиңіне рұқсат берген еді. Ал қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтің үгітімен 25 қыркүйекте өтуге тиіс наразылық қарсаңында алаңдар қоршалып, белсенділер ұсталды.
Қазақстанда экстремистік деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымын Еуропарламент «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп біледі. Құқық қорғаушылар бейбіт митиңдерге рұқсат беретін заң қабылданғанымен іс жүзінде бұрынғы тыйым еш өзгермегенін айтып отыр. Билік митиң атаулыға «төңкеріске себеп болатын құбыжық» деп қарайды. Саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбайдың пікірінше, мұндай көзқарасты тез арада өзгерту керек. Митиңдердің Қазақстанға қандай пайдасы бар екенін оның бағанасынан оқи аласыздар.
Пікірлер жоқ.