Митиң өткізудің Қазақстанға 7 пайдасы

Саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбайдың «билікке достық кеңесі»


22/09/2020
09:57 8276 0

 

Ескерту: Бұл — әзіл де, сарказм да, утопия да емес, елдің ішкі тұрақтылығы мен бірлігін нығайту мақсатындағы қарапайым идеялар. 

 


 

Полицейлердің бейбіт тұрғындарды өңгеріп кетіп бара жатуы,  әлдебір ұрысқа дайындалған жүздеген полицей, алаң маңында қаптаған автозак, тәртіп сақшысының қолтығында ашына ышқынған әйел — осының барлығы кейінгі бір жыл ішіндегі Қазақстандағы саяси мәдениеттің көрінісіне айналды. Бір кездері ешқандай шеру, демонстрация өтпейтін, яғни халқы тату-тәтті, «бейбіт» елдің идеал көрінісі бұзылып жатыр.

 

Қазақстан саяси билігінің басты ұстанымына айналған «бейбітшілік деген — митиңнің жоқтығы» деген түсінік ескірді. Ол тіпті биліктің өзіне зиян беріп отыр — оған қарсы топтың қарасын көбейтіп, наразылықты одан сайын күшейтіп жатыр.

 

Бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң да митиңді міндетті түрде билікті төңкеруге алып келетін әлдебір құбыжық сияқты қарастырған. Биліктің бұл ұстанымы халық пен өкімет арасындағы диалогты нашарлата береді.

 

Сонымен өкіметке жалпы демонстрация, көшедегі шеру атаулыға көзқарасты түбірімен өзгертуді ұсынамыз.

 

Ол үшін билік шетелдегілері бар, іштегілері бар, белсенді жұрт демонстрация ұйымдастырса, олардың өз ойын толық айтуына, алаңда қанша тұрса да, тұра беруіне рұқсат етуі керек. Митиң өтеді деп көрсетілген орындарды қоршамай ашып қойсын, ешқандай музыка да, концерт те болмасын, жарыс та ұйымдастырмасын, дезинфекция да жасамасын. Полицейлер мен арнайы жасақ алаңды қоршамасын. Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында барған полицейлер күлімсіреп қарап тұрсын, тіпті керек болса, келгендерге жол сілтесін. Жедел жәрдем қызметкерлері азаматтардың қан қысымын өлшеп, дәрі-дәрмегін берсін. Ыстық шай, ас-ауқат ұйымдастыруға да, орындықтар қойып, шатыр тігуге де болады. «Хабар», «Қазақстан» сияқты мемлекеттік телеарна журналистері митиң орнына барып, тікелей репортаж жүргізіп, жұрттың ой-пікірін эфирден берсін.

 

Қажет болса, халықтың талабына қарай дәл сол жерде түрлі мекеме өкілдерінің қабылдау пункттерін ашуға да болады. Айталық, баспана, несие, әлеуметтік көмек, жер реформасы мәселелері бойынша арнайы мамандар, әкім-қара барып, жұртпен сөйлессін. Үкімет өкілдері халыққа түрлі ақпараттық брошюра таратсын, ролик көрсетсін, түсіндірсін.

 

Жиналған халық күш қолданбау, экстремизмге, билікті күштеп құлатуға шақырмау, араздықты қоздырмау сияқты жалпыға ортақ принциптерді ұстанса болғаны.

 

Дүниежүзінде болып жатқан митиң-демонстрацияның 99,9999%-ы белгілі бір қоғамдық мәселені шешуге бағытталады. Билікті өзгертуге, режимді құлатуға бағытталатын және олар жеңіске жететін митиң өте сирек. 

 

Митиң сайлау, референдум, әкім жиналысы, партия съезі сияқты көзқарас білдірудің, қоғамдық жұмылудың бір формасы ретінде қабылдануы керек.

 

Митиң үлкен саяси мәселелерді қозғауға міндетті емес. Жарылған құбыр, жасалмаған жол, вегандардың құқығын қорғау, әкімнің жұмысын сынау, жануар құқығын қорғау сияқты қоғамда бар кез келген мәселе бойынша жиын өткізуге болады.

 

Тіпті үлкен саяси ұран болған күннің өзінде ол баршаның көзқарасы, орындалуға тиіс ақиқат деп қабылданбауы керек. Билік ондай ұранды тұншықтыруға тырысқан сайын оны ақиқат деп түсінетіндер, жанашырлар, белсенділерді идеал көретіндер, қаһарманға айналдыратындар көбейеді.

 

Ең әуелі жаңа митиң саясаты ел ішіндегі антагонизмді бәсеңдетеді, эмоцияны азайтады, яғни «билік — біздің жауымыз», «биліктің құлағы керең» деген түсінікті өзгертеді. Халық митиңге әкімнің жиналысына барғандай барады. Мәселесі шешілмесе де, «жоғарғы жаққа» дауысын жеткізіп қайтады.

 

Екіншіден, халықтың ішіндегі запыранды сыртқа шығарады. Халық өкілдері өзін сүйрей жөнелетін, автозакқа атып ұратын сұсты полицейлермен, тарамасаңдар, жазаланасыңдар» деп қорқытатын прокурорлармен емес, өзі сайлаған, өзіне қызмет етуге тиіс нақты билік өкілімен пікірлесіп, оған ішіндегісін жайып салады. Керемет диалог бола қоймас, бірақ соған жол ашылады. Елдің мұң-зары сыртқа шығып тұрса, бұл наразы электоратты сабасына түсіреді.

 

Үшіншіден, демократия орнаған елдердегідей митиң мәдениеті қалыптасады. Шеруге шыққандар жаудың алдына қасқайып шыққан батыр, болмаса, арандатушы, әлдебір тапсырысты орындаушы емес, белгілі бір көзқарасты жақтаушы адам кейпіне түседі. Жұрттың бойындағы үрей азаяды, полицияның беделі артады. Халық салиқалы диалогқа дағдыланады. Әлдебір мәселені шешу үшін журналистерге жүгініп, Ақордаға ағылуды доғарып, өзара үгіт-насихат жүргізуге, қол жинауға, көп жақтас тартып, құзырлы органдарға жүгініп үйренеді.

 

Төртіншіден, митиң — билік үшін халықтың көзқарасын білудің үлкен мүмкіндігі. Қай көзқарасты қанша халық қолдайтынын жиналған адам санына қарап байқауға болады. Келген кісілердің ұрандарына қарап, халықтың талап-тілегіне сараптама жүргізуге мүмкіндік бар, яғни жүйелі ғылыми ұстаным болса, белгілі бір тақырыптағы митиңнің көмегімен қоғамдық пікірді зерттеп, саясатты соған бейімдеуге болады.

 

Бесіншіден, бұл — сапалы саяси-экономикалық шешім қабылдаудың үлкен мүмкіндігі. Қазіргі заңдар да, басқа норматив-құқық актілері де белгілі бір ғылыми зерттеудің, қоғамдық пікірді саралаудың нәтижесінде емес, биліктің көзқарасы тұрғысынан, «халықаралық тәжірибені ескере отырып» жазылады. Халықпен арадағы диалогтан туған заңдар, қабылданған шешімдер әлдеқайда сапалы болады.

 

Алтыншыдан, жаңа президент демократия реформасын бастайды деп сенетін халықтың үміті ақталады. Ескі тоталитар жүйенің сарқыншағы болған митиң үрейінен біртіндеп арыламыз, жаңа өркениетті саяси мәдениет қалыптасады. Бұл билікті жақтайтындар санын арттырады. Бұл жалпы ескіліктен арылып, рухани жаңғырған сапалы ұлт болып қалыптасуға жәрдемдеседі.

 

Жетіншіден, «Орталық Азиядағы автократия мемлекет» деген сүйкімсіз теңеуден арыламыз. Қазақстанның халықаралық имиджі жақсарады, түрлі рейтиңде жоғарғы сатыларға көтеріле бастаймыз. Халықаралық ақпарат құралдары Қазақстанды «Орталық Азиядағы демократия аралы» деп атай бастайды. Бұл халықаралық саясаттағы беделімізді арттырады, инвестиция климатын жақсартады.

 

Cаясаттанушы Мұхтар Сеңгірбай

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

22/09/2020 09:57
8276 0

Уведомление