Қандас мәртебесін қалай алуға болады?

Ол үшін не қажет




Қандас – бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, тарихи отанына келген және заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ.

 

Қандас мәртебесін алған адамдар мынадай жеңілдіктерге ие:

  • жұмысқа орналасуға, біліктілігін арттыруға және жаңа мамандықты игеруге;
  • мемлекеттік және орыс тілдерін үйренуге;
  • ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен Қарулы Күштер қатарындағы қызметтен босатылуға;
  • орта және жоғары кәсіптік білім беру ұйымдарына түсу үшін квота алуға;
  • мұқтаж жандарға мектептерде, мектепке дейінгі ұйымдарда, сондай-ақ әлеуметтік қорғау мекемелерінде орын алуға;
  • зейнетақы мен жәрдемақы алуға;
  • жаппай саяси қуғын сүргін құрбандарына өтемақы төлеу құқығын жүзеге асыруға;
  • ҚР-ға кіруге виза бергені үшін консулдық алымдардан босатылуға;
  • заңнамаға сәйкес медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін тегін алуға;
  • ҚР азаматтары үшін көзделген мемлекеттік атаулы көмек алуға;
  • кедендік төлемдер мен салықтарды өндіріп алмай шекара арқылы өткізіп алуға;
  • тұрақты тұрғылықты жеріне тегін жол жүру және мүлікті (оның ішінде малды) тасымалдауға;
  • келген жері бойынша тұрғын үй сатып алуға және біржолғы жәрдемақы төлеуге қаражат алуға ие.

 

Қандас мәртебесін eGov арқылы онлайн алу үшін этникалық қазаққа қазақстандық телефон нөмірі, сондай-ақ ЖСН қажет. Сайтта өтінішті қалай беру туралы толық бейне нұсқаулық бар. 

 

Өтінімге келесі электрондық құжаттарды тіркеу қажет:

  • өтініш;
  • өмірбаян (еркін түрде);
  • өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың (бар болса) қазақ немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасы (туу туралы куәліктер, шетелдік паспорт, азаматтығы жоқ адамның куәлігі немесе этникалық қазақтар шыққан елдің арнаулы органдарының басқа да ресми құжаттары) және көшірмелері;
  • ұлтын растайтын құжаттар.

 

Қызметті онлайн алу үшін (eGov-ға кіріп, ЖСН алу, нөмірді сатып алып, тіркеу үшін) қандас Қазақстанға келуі керек. 

 

Көші-қон комитетінде Masa Media-ға елге келетін қазақтардың шамамен 80%-ында ЖСН бар екенін, сондықтан олар онлайн өтініш бере алатынын айтты. 

 

Көбіне негізінен Өзбекстаннан келген этникалық қазақтар ғой. Әдетте олар ҚР аумағында қандас мәртебесін алғанға дейін жұмыс істейді, сондықтан өтініш берген кезде ЖСН-дері болады. 

 

Қазір Сыртқы істер министрлігінде шетелдік мекемелерде ЖСН алуды енгізу үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Егер жоба жүзеге асса, онда ЖСН алуға болады. Сондай-ақ, қазір ЦДИАӨМ QR-кодтар арқылы жұмыс істейтін электрондық цифрлық қолтаңбалары жасалынып жатыр, — деді Көші-қон комитеті.

 

ЖСН-сіз қандас мәртебесі төрт күн ішінде, ал ЖСН-мен үш күн ішінде беріледі.

 

Сондай-ақ, комитет қандас мәртебесін ХҚКО-ға келіп, офлайн режимінде алуға болатынын атап өтті. Оған жоғарыда аталған құжаттардың түпнұсқалары қажет. ХҚКО оларды цифрландырып, құзыретті органдарға береді, солай автоматты түрде ЖСН жасайды.

 

Қандас мәртебесі алты айға ұзарту құқығымен жылына бір рет беріледі. Осы кезеңде қандастар азаматтықты алуы керек. Егер алып үлгермесе, қандас мәртебесінің мерзімі өткеннен кейін олар басқа негізде — Қазақстан аумағында бес жыл тұрғаннан кейін ғана азаматтығын алуға мүмкіндік болады. 

 

Паспортта ұлты көрсетілмеген жағдайда ата-анасы немесе олардың бірі қазақ екендігі көрсетілген туу туралы куәлікпен растауға болады. Кейде әскери билетте ұлты көрсетілуі мүмкін. Немесе неке туралы куәлікте жазылған жағдайларды да кездестірдік, — деп атап өтті ведомствода.

 

 

Қандас мәртебесін беруден бас тарту

Көші-қон комитетінің мәліметі бойынша, көбінесе рәсімдеудегі қателіктерге байланысты қандас мәртебесін беруден бас тартылады. Сондай-ақ, қазақ емес адамдар мәртебе туралы сұрағанда немесе ұлтын растауда проблемалар болуы мүмкін.

 

Қандас мәртебесі бір адамға берілетін, бірақ отбасы мүшелерін тіркейтін жағдайлар бар. Мысалы, әйелі қазақ болмауы мүмкін. Сәйкесінше, біз мәртебе беруден бас тартамыз, бірақ оны алу үшін отбасы құрамынан шығаруды сұраймыз. Содан құжаттарды қайта тапсырған соң, оларды қабылдаймыз, — деді ведомстводан.

 

Консультацияны «Отандастар» қорының сайтынан және ХҚКО-дан алуға болады. Сайтта сенім телефондарының нөмірлері көрсетілген, сонымен қатар WhatsApp арқылы кеңес алуға да болады.


29/11/2022 12:42 2713 0

29/11/2022
12:42 2713 0

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

Уведомление