«Алаш» партиясы, Алаш Орда, «Алаш» қозғалысы, «Алаш» автономиясы: қандай айырмасы бар?

Қазір жұрт Алаш деген аты бар түрлі қозғалыстарды шатастырады. Олардың қандай айырмасы бар екенін айтайық




«Алаш» қозғалысы — ХХ ғасырдың басындағы Ресей империясының отаршыл саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. 

 

Оның бірінші қадамдарының бірі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған Қарқаралы петициясы болды. Қарқаралы жәрмеңкесінде қабылданған құжатта 42 қазақ ІІ Николайдан қазаққа парламентке сайлану құқығын беруді, құжаттарды қазақша жазу, қазақ мектептерін ашуға рұқсат беруді талап етті. Мына жерден қозғалыс туралы толығырақ оқи аласыз.

 

Бірнеше қазақ Мемлекеттік думаға (парламент) мүше болды. 

 

Кейін мақсаты халықты ағарту болған түрлі газет-журнал ашылды: «Айқап», «Бірлік туы», «Сарыарқа», «Ақ жол». 

 

«Алаш» қозғалысы қазақтар саясатқа белсенді түрде араласа бастаған кезең десек болады. 

 

1917 жылғы 21–26 шілдеде Орынборда Бірінші жалпықазақ съезі өтеді. Әлихан Бөкейхан бастаған топ монархия құлаған жаңа Ресейді басқару, автономия, әйел, дін, ағарту және сот ісін талқылады, Ресейдің Құрылтай жиналысына (Ресейді басқару түрін шешкен жиын) дайындалды. Сонда «Алаш» партиясы құрылды. 

 

Жетекшісі Бөкейхан, ал ресми ақпарат құралы «Қазақ» газеті болды. Сол жылғы қарашада газетте партияның бағдарламасы шықты. 

 

1917 жылғы желтоқсанда өткен Екінші жалпықазақ съезінде қазақтар дереу қазақ автономиясын құру керегін айтып, тартысқа түседі. Сөйтіп, «Алаш» автономиясы құрылады. Оны басқаратын орган Алаш Орда үкіметі деп аталды, ал басшысы Әлихан Бөкейхан болды. 

 

Алаш Орда 1917–1922 жылдардағы Азаматтық соғыста әуелі ақтардың жағында болды, кейін 1919 жылы кеңестерге жақтасты. Сол жылы үкімет таратылып, жетекшілері 1930 жылдары Сталин репрессиясы кезінде атылды не айдалды. Ал Қазақстан КСРО-ның құрамына кірді.


11/11/2021 15:01 6437 0

11/11/2021
15:01 6437 0

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

Уведомление