Әйел еркек құқығын бұза ала ма: Кері дискриминация деген бар ма?

Азшылық көпшілікті алалай ала ма? 




Әйелді алалады деген әр жазбаның астында «еркектерді де алалайды», «ер адамдардың да құқығы бұзылады» деген пікір жетіп жатады. 

 

Ақ нәсілді америкалықтар да қара нәсілділер ғана емес, АҚШ-тың барлық тұрғыны дискриминацияға ұшырайды деп #BlackLivesMatter қозғалысына қарсы #AllLivesMatter (барлығының өмірі маңызды) хештегін шығарды.

 

Хетеросексуалдар ЛГБТ өкілдері біздің құқығымызды бұзады деп «хомосексуалдықты насихаттауға» қарсы шығып жүр.

 

Шынымен де кері дискриминация деген бар ма, әйел еркекті, гей хетеросексуалды, ал қара нәсілді ақ нәсілдіні кемсіте ала ма? Соны анықтайық.

 

Дискриминация деген не? Жұрт бір-бірін қалай алалайды? 

 

Дискриминация — адамды жыныс, ұлт, сексориентациясы не өзгеде де белгісіне қарап алалау, кемсіту, құқығынан айыру. 

 

Адам өзгені одан күштірек, артықшылыққа (билік, қаржы, басқа да ресурс) ие болғанда алалайды. 

 

Дискриминацияға ұшыраған жұрттың көбі мүмкіндігі мен құқығынан айырылып, зорлық-зомбылық көреді. Көпшілікке жататын кей адам басымдыққа ие екенін жақсы түсінсе, кейбірі парқына бара бермейді. 

 

Бір қызығы, кемсітілген топ өкілдері құқығымызды бұзбаңыз десе, мұны артықшылыққа ие жұрт өзіне жасалған қастандық көреді, құқығымызды тартып алмақ деп дабыл қағады. 

 

Дискриминация институттық және күнделікті деп екіге бөлінеді. 

 

Институттық дискриминация деп заңнама деңгейінде алалауды айтамыз. Мысалы, көптеген елде әйелдерге кей жұмыста істеуге, жасанды түсік жасатуға, ал хомосексуалдарға үйленуге, бала асырап алуға тыйым салынған. Тіпті белгілі бір ұлт өкілдері жоғары лауазымға тағайындала алмады, құқығынан айырылды. Оған КСРО-дағы антисемитизм мысал. 

 

Күнделікті дискриминация одан да кең таралған әрі стереотипке толы: «әйелдің орны — асүй», «ЛГБТ өкілдері балаларымызды азғындыққа салады» не «қазақша сөйлейтіндер сауатсыз». Мұндай дискурстардың себебі көп, бірақ нәтижесі бір — олардан мыңдаған, миллиондаған адам зиян шегеді. 

 

Әйел, гей мен қара нәсілді ғана алалауға ұшырайды дейсіз бе сонда?

 

Кез келген адам әділетсіздікке ұшырауы, құқығы бұзылуы мүмкін, мұндай үрдіс әсіресе ауторитар (авторитар) елде жиі байқалады. Бар мәселе — мұны кері дискриминация деуге келмейді. 

 

Дискриминация кері бола алады десек, әйелдерге де, еркектерге де кей жұмыста істеуге, хомосексуалдарға да, хетеросексуалдарға да үйленуге болмайды; ақ нәсілділер жұмысқа тұрарда қара нәсілділер сияқты жиі қиындық көреді деген сөз.

 

Бірақ олай емес. 

 

Кері дискриминацияны алға тартатындар ер мен әйел құқығы тең, әйел тағы бір құқыққа ие болса, мұны еркектерден тартып алады дейді. Бұл — жансақ пікір. 

 

Бірақ әскерге тек еркектер шақырылады! Ажырасқанда сот баланы анасына береді ғой. Бұл алалау болмағанда немене енді?

 

Әскер не қоғамның асыраушыға қатысты қысымы алалауға мысал бола алмайды. Мұны 1988 жылы зерттеуші Дениз Кандиоти «патриархал келісім» туралы мақаласында ашып айтты. 

 

Патриархаттың еркекке бергені көп: қадағалау, «басшы не асыраушы» ролі және өзге де артықшылықтар. Бірақ еркектер мұның құнын өтеуге де мәжбүр. Әскерге барады, «асыраушы» мен «нағыз ер» ролін атқарады, осы имижін ұстап тұрады. 

 

Мұны алалау деуге келмейді. Себебі бұл патриархал жүйені қалыптастырған ер адамдардың өздері. Әрі бұдан олар қиындықтан гөрі пайда көріп отыр. 

 

Бала тәрбиелеу құқығын мысалға алайық. 1 мамырға дейінгі дерек бойынша Қазақстанда алимент төлемей жүргендер саны 220 мыңнан асады, олардың 97 %-ы ер адамдар екен. Көп ажырасу ісінде сот балаларды әкесіне емес, шешесіне береді. Бұған бала бағу тек әйелдің шаруасы деген патриархал жүйе кінәлі. 

 

Неліктен феминистер, ЛГБТ я #BLM белсенділері тек өздері туралы айтады? Неге ерлер, хетеросексуалдар не ақ нәсілділердің құқығы үшін күреспейді? 

 

Біріншіден, ерлер, хетеросексуалдар мен ақ нәсілділердің құқығы басқалардікіне қарағанда әлдеқайда аз бұзылады. 

 

Екіншіден, феминистер, ЛГБТ өкілдері мен басқа белсенділер өз құқықтары үшін күреседі. 

 

Ер адам, хетеросексуал не басқа топтар құқығымыз бұзылды десе, оларға жиналып, мәселесін ашық айтуға, күресуге ешкім тыйым салған жоқ. Айта кететін жайт — патриархал стереотиптер мен әйел мен ерді бөліп-жаруға қарсы шығып жүрген феминизмнің еркектерге де пайдасы бар. Мәселен, солардың арқасында ер адамдарға жылау, қызғылт киім кию, дәмханада әйелдің асын төлемеуге «рұқсат етілді».  

 

Енді не істеуге болады?

 

Қандай артықшылығыңыз барын біліңіз. Өзгенің мәселесіне назар аударыңыз, оларды құнсыздандырмаңыз. 

 

Оқып, көріп, зерттеңіз — әйел құқығы үшін күрес ерлерге, ЛГБТ құқығы үшін күрес хетеросексуалдарға, бір ұлттың құқығы үшін күрес басқа ұлтқа қарсы емес екенін түсініңіз. 

 

Кез келген адамның таңдамаған белгілі бір артықшылығы болады. Айталық, сіз қалада туып-өстіңіз. Ауылдықтарға қарағанда интернетке әлдеқайда жылдам қосыла аласыз. Қала орталығында тұрасыз делік, шетте тұратындарға қарағанда артықшылығыңыз мол: жақсы дәмхана, мемлекеттік орган, кинотеатрға, білікті дәрігерге тез бара аласыз. Бай отбасында дүниеге келсеңіз, кедей өмір сүріп жатқандарға қарағанда мүмкіндігіңіз көбірек. 

 

Иә, әйелдерге қарағанда ерлердің, хомосексуалдарға қарағанда хетеросексуалдардың мүмкіндігі әлдеқайда көп екені рас. Қазіргі жүйенің қағидасы «бәрі тең, бірақ кейбірі өзгелеріне қарағанда анағұрлым тең» (Оруэллге бір сәлем) екенін түсінген жеткілікті. Егер бұған келіспеймін десеңіз, стререотиптерге тосқауыл болыңыз, ең болмағанда үйдегі алалауға қарсы тұрыңыз.

 

Осы айтылғанның бәрі дертіңізді айтуға болмайды деген сөз емес. Құқығыңыз үшін күресуге болады, күресу керек те. Ер адам әскерге күштеп апару құқығымды бұзады десе, жақтастарымен бірігіп, мұндай практиканы жоюды феминистерден емес, мемлектеттен талап етуі қажет. 

 

Айтқанымыздай, кез келгеннің проблемасы бар. Ерлер я хетеросексуалдардың құқығы бұзылуы мүмкін. Алайда бұған олардың жынысы не сексориентациясы емес, ауторитар (авторитар) елде тұрғаны түрткі болып отыр.


24/08/2021 14:32 4294 0

24/08/2021
14:32 4294 0

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

Уведомление