«Өзімді қылмыскер сезіндім»: үкімет тыйым салған жұмыста істеп жүрген әйел хикаясы

Бұл тыйым бойынша Қазақстанда әйелдер 213 мамандықта заңды еңбек ете алмайды


26/07/2020
13:23 10616 0

 


 

Алмагүл Қабылбекова кішкентай кезінен бері көліктерге қатысты бар нәрсені — ауыр көліктер, бензин, май және т.б. — жақсы көретін. КАМазға мініп алып, болашақта айдап жүргенін елестетін, армандайтын. Он жыл бұрын ол өз арманын орындауға бел буады. Алайда тағы он жылдан кейін ол өзінің, әйелдің мұндай көлік жүргізуіне заң бойынша тыйым салынғанын біледі. 

 

Ол кезде Алмагүл Теміртаудағы карьерде КАМаз айдайтын. Бір күні оған бастықтары келіп, жұмыстан өз еркімен кетуін талап еткен. «Неге?» деп сұраған Алмагүл. «Сізге, әйелге бұл мамандықта жұмыс істеуге тыйым салынған», — деген оған бастықтары. «Сол кезде бірінші рет Қазақстанда мұндай тыйым бар екенін білдім», — дейді 37 жастағы көлік жүргізушісі.  

 

Алмагүл айтып тұрған тыйым — әйелдердің еңбегін қолдануға тыйым салынған мамандықтар тізімі. Авторы — денсалық сақтау министрлігі. Себеп — әйелдердің еңбегін «ауыр, қауіпті және еңбек шарттары зиянды» жұмыстарда қолдануға тыйым салатын Еңбек кодексінің 26-бабы. Бұл құжат бойынша, қазақстандық әйелдер 213 мамандық бойынша жұмыс істей алмайды. Кейіпкеріміздің жұмысы — тізімнің 60-тармағында:  «Машинист, машинист көмекшiсi, өзi жүретiн ауыр және көлiк машиналарының (ауыр жүк автомобильдері, өзi жүк түсiретiн автомобильдер, жер қазатын машиналар, экскаваторлар, тракторлар, бульдозерлер) жүргiзушiсi».

 

«ӘЙЕЛ ЕКЕНІМДІ ЖАСЫРУҒА ТЫРЫСТЫМ»

 

Қабылбекова Павлодар облысы, Павлодар ауданы, Шакат ауылында дүниеге келген. Бірақ ол жерде көп тұмай, ата-анасымен бірге Теміртауға көшіп келді. 

 

— Кішкентай кезіңде не істесең де, ұнағанынан істейсің. Мен де сондай адамдардың бірімін. Қай жерде машина бар, сол жерге, гаражға баратынмын. Гараж көршімдікі еді. Одан бәрін қарап жүріп үйрендім. Май, бензин иісін жақсы көретінмін, — деп кейіпкер өз балалық шағын суреттейді.  

 

Алмагүл мектеп бітіргенде, көлікпен хобби ретінде айналысуды доғарып, қызығушылығын мамандығына айналдырғысы келді. Кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, автомеханик боламын деп бел буды. Қалауын ата-анасына айтты. Алайда олар қызының арманына түбегейлі қарсы шықты. «Жоқ, музыкалық колледжге түсесің», — деген. 

 

 

— Үйдегілерге КТУ-ге түскім келетінін айтқанымда, олардың қалай шошығанын айтып жеткізу мүмкін емес. Олардың көбі мұғалім еді. Өздерінің көптігімен музыкалық колледжге мұғалімдікке түсуіме көндірді. Ол жерде домбыра тарттым, әйтереуір дегенде бітіріп шықтым. Бірақ қаламасам да, осы колледжде оқығаныма өкінбеймін. Керемет күндерімнің бірін сол жерде өткіздім, — деп өткенін еске түсірді көлік жүргізушісі.  

 

Анасы қызының жоғарғы білімі болсын деп, тағы да оны қаламаған институтқа түсуге көндіреді. Алайда олардың бақыты, кейіпкердің бақытсыздығы ұзаққа созылмады. Бұл жолы Алмагүл ол жерден «Жетер!» деп кетіп қалған. 

 

— Өзімді де, басқаларды да алдағым келмейтінімді түсіндім. Өмірім ұнамаса да, сырттай бәріне күліп жүре берген едім. Мүмкіндігі шектеулі балалар интернатында да жұмыс істейтінмін, ол жерден де шығып кеттім. Кейін өзім армандаған КТУ-ға түстім. Ол жерден үшінші разрядтағы көлік слесары және жүргізуші куәлігінің иесі болып шықтым. Сабақтарға қуана-қуана баратынмын. Осы жолды таңдағаныма өкінген жоқпын. Ал ата-анам мен жақындарым ақырында менің дегеніме көнді, — дейді кейіпкер.  

 

Мансап жолын Алмагүл колледж кезінде бастаған. Оқу орны оны тәжірибеден өту үшін бір көлік жөндейтін сервиске жібереді. Алдарында ер емес, әйелді көрген ол жердегілердің «көзі бақырайып кеткен», келемеджеп, «не деген ақымақ!» деген. Болашақ ауыр көлік жүргізушісі өз бетінен қайтпай, сол жерде төрт жыл еңбек етті. Бірақ басқарлардың дегеніне қарамай алға жүрсе де, Алмагүлдің бір құрбандыққа баруына тура келді. Ол өзін ер адам қылып көрсеткен.     

 

— Қай жерде жұмыс істем де, өзімнің әйел екенімді жасыруға тырыстым. Мамандығым әйелдерге, яғни маған тыйым салынғанынан емес, мені көрген адамдардың маған қалай қарағанынан өзімнің әйел екенімді көрсете, айта алмаймын. Олар мені келеке қылатын, маған “ақымақсың” дегендей қылық танытатын. Шашымды жіберсем болды, ерлер назар аудара бастайды, әйел екенімді білсе болды, “оған қырындай аламын” деген ойға келеді, фурадан шықсам болды, көздерін менен айырмай отырады, сыбырласа бастайды. Бұрын әйел көрмегендей! Мен оларға: «Әйелдің мұндай жерде жұмыс істеуі Ресей, Еуропада қалыпты жағдай. Неге бұл сіздерге ерсі болып көрінеді?» — деп сұраймын, — деп Алмагүл қынжылады.  

 

Ол бұрын істеген жерлерде ерлерге қарағанда аз жалақы алған. Бірақ неге аз жалақы алатынын ешқашан білген емес, тіпті сұрамаған да. Оған, әйелге, жұмыс бергеніне, жұмыс істегеніне разы болып жүре берген. Бастықтарға қарсы шықпаған. Бір жағынан берген жалақыға тәжірибе үшін  келісе берген. 

 

----- SLIDER STARTS HERE -----
 
 
 
----- SLIDER ENDS HERE -----
Фотолар кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

«ЖҰМЫСТАН ШЫҒУЫҢ КЕРЕК, ӘЙТПЕСЕ, ЕРТЕҢ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙМІЗ»

2019 жылы Алмагүл көмір өндіретін кен орнына ауыр көлік жүргізушісі болып жұмысқа тұрды. Бірақ нәбәрі 3–4 ай ғана жұмыс істеп, ол жерден кетуіне тура келді. Себебі ол әйел еңбегі қолданылмайтын жұмыста еңбек етіп жүрген еді. Бәрі былай басталды: бір күні ол өз жұмыс орнын, не істейтінін көрсетіп видео түсіріп, YouTube-қа жүктеді. Кейін оны бастықтары көріп қойып, жұмыстан кетуін бұйырған. Алмагүлдің «не себепті» деген сұрағына олар «Қазақстанда әйелдерге тыйым салынған жұмыстар тізімі бар. Сен сол жұмыстың бірінде істеп жүрсің. Ертең басқалары біліп қойса, айыппұл төлетіп қояды» деген. 

 

— Сол кезде бірінші рет осындай тізім бар екенін білдім. Қорықтым. Тіпті өзімді қылмыскер сезіндім. Кейін олар маған жұмыста қала алатынымды, бірақ жасырын, ешкімге көрінбей жұмыс істей алатынымды айтты. Сосын олар мені жұмысқа жегіп қойды. Аптап ыстықта 12 сағаттық кезекте еш демалдырмастан жұмыс істетті. Менен неге видео түсіргенімді сұрады. Мен бар болғаны өзім, жұмысым туралы айтқым келді, өзімді мысалға ала отырып, адам ынталанса, қолдан бәрі келетінін жеткізгім келді, — деп ақталды Алмагүл.

 

Жұмыстан кетуіне тура келген Алмагүл бұл әділетсіздікке шыдамай, басқалардан көмек сұрай бастаған. «Феминита» феминистік бастамасына жазып, ахуалын айтқан. 

 

— Олар маған жұмыс берушімен соттасуға көмектесетінін, ол үшін құжаттар қажет екенін айтты. Бірақ мен өзімнің ауыр көлік жүргізгенімді дәлелдей алмас едім. Себебі құжат бойынша жеңіл көлік жүргізушісімін. Мен ешқашан неге олай істейтінін сұрамайтынмын. Көп сұрақ қойсаң, жұмысты тек армандауға болатын еді, — дейді ауыр көлік жүргізуші.

 

— Мен және құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль бұл тізім мәселесін 2018 жылдан бері көтеріп келеміз. Алмагүл хабарласқанда оны сот арқылы жоюды талап ету, оның жұмыстан қуылуының заңсыз екенін дәлелдеу жолдарын қарастырдық. Ол үшін нақты дәлелдер, мысалы, еңбек шарты керек. Бірақ құжатта Алмагүл — жеңіл автокөлік жүргізушісі. Сондықтан біз сотта ешнәрсе дәлелдей алмас едік, — дейді  тәуелсіз заңгер, Қазақстандағы әйелдерге тыйым салынған мамандықтар тізімін жою жөніндегі адвокациялық кампанияның жетекшісі Әйгерім Қамидола

 

«ӘЙЕЛ ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОРҒАЙМЫЗ»

 

Бұл тізімге сай Қазақстанда әйелдер ауыр көлік, метро жүргізе алмайды, тас қалап, металл құйып, жер қаза алмайды, бұрғы орната алмайды және тағы басқасын істей алмайды. Бірақ Еңбек кодексінің 26-бабы бойынша жұмыс беруші әйелді тізімдегі жұмыстардың біріне ала алады. Бірақ ол үшін еңбек жағдайын жақсартып, өнідірісті аттестаттаудан өткізуі керек, яғни жұмыс берушіге біраз шаруа туғызады. 

 

«Феминитаның» хабарлауынша, тізім кеңес дәуірінен қалған. Мұндай тыйым алғаш рет 1930 жылы қабылданып, оған 1932, 1938, 1949, 1950, 1956, 1960, 1978, 1987, 1990 жылдары өзгеріс енгізілген. Ал Қазақстан өз тізімін 1997 жылы жасап, 1999, 2005, 2007, 2011, 2015 және 2018 жылы өзгертіп отырған. Тізімдегі жұмыстар саны ең кейін 287-ден 213-ке дейін қысқарды. Бір қызығы, Қазақстан 2019 жылы БҰҰ-ның әйелдерді алалауды жою комитетіне берген баяндамасында «2018 жылы тізімдегі жұмыс саны 287-ден 191-ге дейін қысқарды» деген.  

 

Бұдан басқа мемлекет тізімде әйелге қанша келі көтере алатынын да жазған. Әйел 10 келіден аспайтын жүкті сағатына екі рет, жеті келіден аспайтын жүкті күні бойы көтеріп, жылжыта алады.

 

Қазір мұндай тыйымдар әлемнің 90 елінде, соның ішінде Ресей, Түркия, Тәжікстан, Беларусь, Қырғыстанда бар. Ал 2018 жылы сол шектеудің кесірінен қалаған жерінде еңбек ете алмайтын әйелдер саны 2,7 миллиардтан асқан. Былтырға дейін Өзбекстанда әйел 450-ден астам жұмыста істей алмайтын еді, енді тыйым жойылды. Ал кейбір ел заңды толықтай жоймаса да, жеңілдете бастаған. Кейінгі жылдары Бахрейн, Молдова, Тәжікстан әйелдеріне түнде жұмыс істеуге рұқсат берсе, Колумбия мен Чехияда олар енді шахтада еңбек ете алады. 

 

Қазір мұндай тыйымдар әлемнің 90 елінде бар. 2018 жылы сол шектеудің кесірінен қалаған жерінде еңбек ете алмайтын әйелдер саны 2,7 миллиардтан асқан

 

 

Тізімнің барын елдер «әйел денсаулығын қорғауымыз керек» деп түсіндіреді. Қазақстан үкіметі де осы себепті желеу етеді. «Әйелдердің кейбір жұмыстарда жұмыс істеуіне тыйым сала отырып, олардың денсаулығын, әсіресе репродуктив денсаулығын қорғаймыз», — деген комитетке берген баяндамасында. Тізімді олар «ғылыми зерттеу институттарының медициналық қорытындысына» қарап жасаған.

 

ТІЗІМДІ НЕГЕ ЖОЮ ҚАЖЕТ?

Қазақстанның құқық қорғаушылары мен белсенділері бұл оймен келіспей, тізімнің жойылуын талап етіп келеді. 

— Бұл тізім әйелдің құқығын бұзады, оның мамандық, жұмыс орнын таңдауына шектеу қояды. Біз бұл тізімін жойылуын талап етеміз, — дейді «Феминита».

 

2019 жылы белсенді топ БҰҰ-ның әйелдерді кемсітуді жою комитеті мен басқа комитеттерге берген балама баяндамасында атаулы тізім бар екенін тілге тиек етті. Онда олар кейс ретінде Алмагүлдің жағдайын айтып берді. Ал комитеттер өз кезегінде Қазақстанға тез арада тізімді жоюға кеңес берген. 

 

— Қазақстанның шенеуніктері өз баяндамасында елде әйелдердің құқығын қорғауға барлық шарт жасалған дейді. Олай емес. Шындыққа жатпайтын мәлімет емес, ақиқатты айту керек, — дейді «Феминита» белсендісі Жанар Секербаева newtimes.kz сайтына.

 

Оның айтуынша, топ еңбек вице-министрі, Мәжіліс депутаттарымен байланысқан. Ал депутат Нұржан Әлтаев мәселені парламентте көтерген, бірақ оны ешкім қолдамаған.

 

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әйелдер мен ерлердің еңбектегі құқығын теңестіруді сұрап, хат жолдады. Онда ол «Еңбек кодексінен ауыр, қауіпті жұмыста әйелдердің еңбегін қолданбау туралы норма мен тізімді алып тастау қажет» деді.

 

— Жұмыс беруші әлеуетті қызметкердің жынысына емес, оның кәсіби қабілеті мен денсаулығына қарау керек, — дейді омбудсмен өз хатында. 

 

 

Құқық қорғаушылар тізімді жоюға тағы бір себеп бар дейді: тыйым әйелдердің жоғары жалақы алуына кедергі келтіреді. Қазақстанның БҰҰ-ға берген 2017 жылғы статистикасы бойынша әйелдер ерлерден 32,2 % кем жалақы алады. Оны олар «ерлер мен әйелдер әртүрлі лауазымда жұмыс істейді, ерлер ауыр, қауіпті жұмыста істейтіндіктен, ал әйелдер, керісінше, жеңіл, аз төленетін жұмыста істейтіндіктен олар әртүрлі жалақы алады» деп түсіндірді. 

 

Алмагүл де бұл тізімге қарсы.

 

«Мен көлік жөндемеймін, тек айдаймын. Ол маған ешқандай салмақ түсірмейді. Оның қай жері менің денсаулығыма зиян келтіретінін түсінбеймін. Ешкімнің менің не істеп, не істеуім керек екенін айтуға құқы жоқ», — дейді ол.

 

Алмагүл жұмыстан қуылғаннан кейін басқа бір жұмысқа орналасты. Оны ол жердегілер тізімнің бар-жоғын білмегендіктен жұмысқа алған. «Оларға тізім туралы айтқан жоқсыз ба» дегенімізде: «Ал сіз қалай ойлайсыз? Әрине, айтқан жоқпын», — дейді ол. 

 

Қазір ауыр көлік жүргізушісі Алматыда халықаралық компанияда жұмыс істейді. Жұмыс берушісі оған өзі жұмыс ұсынған. Жүргізуші-экспедитор, Түркияға жүк тасымалдайды. Қазіргі жалақысы ерлердікімен бірдей. Дегенмен әлі күнге дейін өзінің әйел екенін жасырады.    

 

Алмагүл — осындай тізімнің кесірінен жұмыстан қуылғанын ашық айтқан Қазақстандағы бірден-бір әйел. Әйгерім Қамидоланың айтуынша, тізімнің кесірінен заңсыз жұмыс істеп жүргендер бар, бірақ олар мұндай тізім бар екенін де білмейді. Білсе де, қарсы шықсысы келсе де, дәлелдей алмайды, себебі олар еңбекшартынсыз не құжатта басқа мамандық көрсетіп жұмыс істейді, сотқа жүгінсе, жұмысы мен табысынан айырылып қалуы мүмкін.

 


 

Иллюстрация: Анар Бакенова

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

26/07/2020 13:23
10616 0

Уведомление