Полиция үйімді тінтіп жатыр. Қайткенім жөн?

Masa нұсқаулығы


09/06/2021
12:28 4546 0

Полиция үстіңізден қылмыстық іс қозғаған кезде соталды тергеу аясында үй не кеңсеңізді тінтуі мүмкін.

Тінту деген не? Ол қалай жасалады? Тінтем деп келгендерді кіргізбесеңіз бола ма? Тінту кезінде білуіңіз керек деген ақпаратты бір жерге жинадық. 


Бұл материал сізге қажет болмайды үміттенеміз :)

Тінту деген не?

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қылмыстық іске қажет деген зат не құжатты табу үшін күдіктінің үйін не кеңсесін (кейде туыс, дос не әріптестерінің үйін) тексеруі.


Кім тінтиді?

  • Ішкі істер органдары;
  • Ұлттық қауіпсіздік комитеті;
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі;
  • Экономикалық тергеу қызметінің тергеушілері.

Қай кезде үйім тінтілуі мүмкін?

Соталды тергеу барысында, яғни қылмыстық іс қозғалғаннан кейін.

Тергеу жүргізетін органдар істі шешуге қажет деген зат не құжатты табу үшін үй не кеңсеңізге келуі мүмкін. 

Олар сізді ғана емес, достарыңыз, туыстарыңыз не таныстарыңызды да тінти алады. Бірақ бұл үшін қызметкерлер әуелі тергеу судьясынан рұқсат алуға тиіс.

Дегенмен тергеуші күдікті затты тығып не бүлдіріп тастайды немесе қылмыс жасарда қолданады деп санкциясыз-ақ та тінтіп жатады. 


Олар үйімді дәл қазір тінтпек. Есікті ашпай қойсам бола ма?

Жоқ, ашыңыз. Әйтпесе бұзып кіруі мүмкін.

Ал үйде болмасам ше?

Сонда да тінти береді. Мұндайда тергеу органдары әкімдік қызметкерлерін шақырады.

Қызметкерлер ескертіп келуге тиіс пе? 

Жоқ. Әйтпесе күдікті іске қажет зат не құжатты жойып жіберуі мүмкін. 


Ал түнде тінти ала ма? 


Жоқ. Алайда дереу шешілуі керек істерде тінту түнде жүргізілуі мүмкін. Мысалы, адам өлтірілгенде шұғыл түрде қылмыс іздерін зерттеу және дәлел жинау қажет болады.

Тінтіп жатқанын видео не фотоға түсіруге бола ма?

Әдетте үйі тінтіліп жатқан адам телефонын қолдана алмайды. Себебі құрылғы тінту басында дереу тәркіленеді. Сондықтан процесс барысын кәдімгі блокнотқа жазып алуға кеңес береміз.

Куәгер деген кім?

Тінту кезінде тергеуші әрекетін қадағалайтын азамат. Олар тінту туралы хаттаманы оқи, ескерту жасай, қызметкерлердің іс-әрекетіне шағымдана алады. Тінтуге кем дегенде екі куәгер қатысуы керек.

Куәгер іс қорытындысына қызықпауға, құқық қорғау органына тәуелсіз болуға тиіс.

Кім куәгер бола алмайды:


• құқық қорғау органы қызметкері;

• сотта істейтіндер;

• арнайы заң оқу орнының студенті;

• пробация бақылауында тұрған бұрын сотталған адам;

• қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылып жатқан адам.

Тергеу тобы куәгермен бірге келуге тиіс: оларсыз үй тінтуге болмайды. 

Кейде олардың куәгер деп әкелгені органда іс-тәжірибеден өтіп жүрген адам болуы мүмкін. Бұл заңға қайшы. 

Куәгер тәуелсіз екенін не емесін анықтау үшін оның хаттамадағы аты-жөні мен мекенжайын жазып алыңыз. Кейін көршілерінен оның қайда жұмыс істейтінін не оқитынын сұраңыз.

Тінтуге адвокат қатыса ала ма? 


Иә, қатыса алады. 

Тергеу тобы адвокатты кіргізбей қойса, олардың үстінен сот не прокуратураға шағым түсіріңіз. 


Полицей компьютерімнің құпиясөзін айт деп тұр. Айтпасам бола ма?

Иә, болады. Өйткені тергеушіге көмектесуге, яғни құпиясөзді айтуға міндетті емессіз.

Тінту кезінде немді алып кетуі мүмкін?

Әдетте компьютер, планшет, телефон, флеш карта мен құжаттарды алып кетеді.

Үйіңізден тыйым салынған зат (есірткі, қару және тағысын-тағы) табылса, іске қатысы бар болсын, жоқ болсын, дереу тәркіленеді.

Тінту кезінде қайткен жөн?

  • Тергеушілерден тінту қаулысын көрсетуді, қандай құқығыңыз барын түсіндіріп беруді талап етіңіз. Бұл — олардың басты міндеті;
  • Тінту туралы қаулыны мұқият оқып шығыңыз. Онда істің нөмірі, тергеу органының атауы, тінтілуі керек үйдің, яғни сіздің мекенжайыңыз көрсетілуі керек;
  • Блокнотқа тінту барысын бүге-шүгесіне дейін жазып шығыңыз;
  • Тергеу тобы қайда барса, сонда барыңыз, оларды жалғыз қалдырмаңыз.
  • Өзіңізге тиесілі емес заттарға тимеңіз;
  • Тәркіленген әрбір затты көрсетуді талап етіңіз;
  • Компьютер не телефоныңызды алып бара жатса, ондағы өзіңізге қажет деректердің көшірмесін жасап алуды талап ете аласыз;
  • Тінту біткенде ол туралы хаттамаға қол қоюыңыз керек. Онда пікір жазатын бөлім бар. Бар ескертуіңізді сонда жазыңыз. Мысалы, орган қызметкері дөрекілік танытса, затыңызға немқұрайлы қараса не сізге тиесілі емес нәрсе «тауып алса» — соның бәрін жазыңыз. 

 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

09/06/2021 12:28
4546 0

Уведомление