Көлік не жылжымайтын мүлік аларда неге мән беру керек?
Заңгер жауап береді
Пәтер не көлік аларда келісімшартты қалай жасау керек, неге мән берген жөн? Заңгер Фарух Ахметжанов жауап берді.
НОТАРИУСҚА КЕЛІСІМШАРТЫҢЫЗДЫ ТЕКСЕРТІҢІЗ
Иә, қымбатқа шығады, бірақ есесіне келісімшарт жасасқан адамыңыз алдап кетпейтініне көз жеткізесіз. Нотариус екі жақтың құжаттарын, сатушының сату құқығы бар-жоғын тексереді. Онсыз бұл жұмыстың барлығын сатып алушының өзі тындыруы керек болады.
Одан бөлек, келісімшартта нотариустың ақысы мен тіркеу үшін мемлекеттік бажды кім төлейтінін жазуға болады.
Сатушы үйленген болса, бәрібір нотариусқа баруға тура келеді. Себебі сатушы мүлікті сату үшін жұбайының рұқсатын алуы керек.
Маңызды: нотариустың тіркеліп-тіркелмегенін Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйеден көре аласыз.
ҚАБЫЛДАУ-ТАПСЫРУ АКТІСІН ЖАСАҢЫЗ
Міндетті түрде жасаңыз. Кейін дау-дамай тумасын.
Онда мүліктің сатарда не алардағы жағдайын егжей-тегжейлі сипаттаңыз, автомобиль не пәтер сатсаңыз, онымен бірге не берілетінін, жай-күйін жазыңыз.
АЛУ-САТУ ШАРТЫН ЖАСАҢЫЗ
Кейбіреу мүлік сатып алғанда алу-сату шартын жасамайды. Орнына «кепілақыны алдым, алушы қалғанын бөліп төлейді» деген келісімшарт жасап алады. Мемлекет мұндай келісімдерді тіркемейді.
Сатып жатсаңыз да, алып жатсаңыз да, сату-алу шартын жасасыңыз.
Әйтпесе, ертең екінші жақ ақшасын не мүлікті бермей қояды да, араңызда келісім барын дәлелдеу қиынға соғады.
КЕЛІСІМШАРТТЫҢ МАЗМҰНЫН НАҚТЫЛАП ӘРІ ЕГЖЕЙ-ТЕГЖЕЙЛІ ЖАЗЫҢЫЗ
Келісімшартта не сатып немесе алып жатқаныңызды дұрыстап жазыңыз: жылжымайтын мүліктің мекенжайы, кадастр нөмірін, ауданы мен қабатын, ал автокөліктің маркасын, моделін, өндірілген жылын, VIN сәйкестендіру нөмірін көрсету керек. Әйтпесе, келісімшарт жасалмаған болып саналады.
МҮЛІКТІҢ КӨРІНБЕЙТІН АҚАУЫ БАР-ЖОҒЫН АНЫҚТАУҒА БЕРІЛЕТІН УАҚЫТТЫ БЕЛГІЛЕҢІЗ
Алған көлігіңіз не пәтеріңіздің жасырын бір кемшілігі не ақауы болуы мүмкін. Сондықтан оларды тексеріп, анықтау үшін келісімшартта соған кететін уақытты (кемінде екі жыл) жазып көрсетіңіз (Азаматтық кодекстің 430-бабы).
Егер осы уақыт ішінде қандай да бір ақау барын көрсеңіз, сатушыдан оны жоюын не шығынын өтеуін талап ете аласыз.
ПӘТЕРДІҢ ЖОСПАРЫ МЕН КӨЛІКТІҢ VIN-ІН САЛЫСТЫРЫҢЫЗ
Жылжымайтын мүлік алсаңыз, жоспары мен техникалық құжатын салыстырыңыз, еш айырмашылық болмағаны маңызды.
Келісімшартқа «егер болашақта пәтер не үй заңсыз жоспарланғаны анықталса, шығынның бәрін (айыппұл, құжаттарды рәсімдеу мен тіркеу шығыны) сатушы өтейді» деген пункт қосыңыз.
Көлік алсаңыз, VIN нөмірі (машинаның алдыңғы жағында көрсетілген) мен техникалық құжаттағы VIN нөмірін салыстыру қажет.
САТУШЫДАН ҚОЛХАТ АЛЫҢЫЗ
Сатушыға алған тауарыңыздың ақысын төлесеңіз, міндетті түрде одан қолхат алыңыз. Онда кім кімге және не үшін ақша төлегені, оның сомасы, қалай төленгені, сату-алу шартына сілтеме, мүлікті сатып алушының меншігіне өткізу мерзімі көрсетілуі керек.
Кейін бұл құжат сатушының сізден шынымен де ақша алғанын растайды.
КЕЛІСІМШАРТТЫ УАҚЫТЫНДА ТІРКЕҢІЗ
Пәтер не үй алғаныңыз туралы келісімшартты оған қол қойған күннен алты ай өтпей ХҚО-ға апарып, тіркеу керек. Кешіксеңіз, әкімшілік жауапқа тартыласыз.
Иллюстрация: Лейла Тапалова
Пікірлер жоқ.