Азаматтық сот ісінде аудио/видеожазба дәлел ретінде көмектесе ме?

Заңгер Фарух Ахмеджановтың бағанасы


15/09/2020
14:41 3864 0

Бұл сұрақ соттасқалы жатқан адамның көбін мазалайды. Себебі біздің қоғамда бәрін құжаттау әдет ретінде қалыптаспаған: кейбіреу келісімшартсыз және қолхатсыз қарызға ақша берсе, басқалары еңбек шартынсыз немесе азаматтық-құқықтық келісімшартсыз бейресми жұмыс істеуге келіседі.

Артынша жанжал туған кезде бұл адамдар өзінікін дұрыс екенін айқындайтын дәлел ұсына алмай жатады. Есесіне ол адамдар азаматтық сотқа келіп, қолындағы аудио немесе видеожазбасын көрсетеді. Себебі бізде кез келген жағдайды түсіріп, жазып алу — қалыптасқан әдет.

Бұл бағанада соттардың мұндай жазбаларға қалай қарайтынын түсіндіремін. Әуелі азаматтық сот дегеніміз не және ол қандай істерді қарайтынын еске түсірейік.

Азаматтық сот бұл бейресми атау. Заңда ол «азаматтық істер жөніндегі сот» деп аталады. Азаматтық сотта істер үш түрлі инстанцияда қарастырылады: бірінші инстанциядағы сот,  апелляция  және кассация соты.

Бірінші инстанциядағы сот — аудандық және оған теңестірілген соттар (мысалы, Астананың (Нұр-Сұлтан) Есіл аудандық соты немесе Павлодар соты).

Апелляция соты — бұл облыстық және оларға теңестірілген соттар (мысалы, Ақтөбе облыстық соты немесе Астана (Нұр-Сұлтан) соты.

Кассация соты — бұл Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, елдегі жоғары сот органы. 

Мәселесін сот арқылы шешкісі келген адамның бәрі әуелі бірінші инстанциядағы сотқа жүгінеді. Егер адам бірінші инстанциядағы соттың шешімімен келіспесе, апелляцияға, содан кейін кассацияға шағымдана алады.

Қарызды өндіріп алу, жұмыстан келісімсіз шығу, мұраға қалған  немесе ажырасу кезінде мүлікті бөлу қажет болса, азаматтық сотқа жүгінуіңіз керек. Осы және өзге де істер: отбасы, еңбек, тұрғын үй, қаржы, шаруашылық, жер қатынастарындағы барлық дау азаматтық істер санатына жатқызылады. Азаматтық істерді қарау рәсімі Қазақстанның Азаматтық іс жүргізу кодексінде (АІЖК) сипатталған.

Бұл кодексте аудио және видеожазбалар жайлы айтылған.

  • Сотқа дәлел ретінде жазба ұсынған кезде оны қашан, кім, қандай жағдайда жасағанын айтуыңыз керек. Әйтпесе, сот жазбаны сараптап, сіздің пайдаңызға есепке алмайды (АІЖК-нің 99-бабының 2-тармағы).
  • Аудионы немесе видеоны жасырын түрде түсірсеңіз, сот оны дәлел ретінде қабылдамайды, бірақ бір ерекшелігі бар: егер сотта сіз түсірген видеодағы екінші тарап жазбаны мойындаса және оны жалған немесе өңделді деп таппаса, онда дәлел ретінде қабылданады (АІЖК-нің 78-бабының 4-тармағы).

Демек, жазба көпшілік алдында, ашық түрде жазылса және аудиодағы/видеодағы адам жазба туралы хабардар болса, ешқандай мәселе туындамауға тиіс. Бұл жағдайда аудио мен видеоны дәлел ретінде сенімді түрде пайдалануға болады. Аудио жазуды немесе видео түсіруді бастардан бұрын: видеода/аудиода кім бар екенін, түсірілген/жазылған орнын, күнін, уақытын айту керек.   

Жасырын түсірілген жазбалар мәселені күрделендіруі мүмкін. Іс жүзінде жазбалардың көбі жасырын жасалады. 

Нақты мысалмен қарастырайық (сот шешімдері мен бұйрықтарының материалдары редакцияның қарауында).

Азаматтық сот істерінің бірінде жұмыстан шығарылған әйел сотта жұмыс берушінің кадр маманы арасындағы әңгіменің аудиожазбасын ұсынады. Әйелдің айтуынша, жұмыс беруші оны жұмыстан заңсыз шығарған және кадр маманы одан жұмыстан өз еркімен кету туралы өтініш жазуды сұраған. 

Шағымданушы жұмыстан кетуге мәжбүр болғанын мәлімдеді. Өкінішке қарай, сот жазбаны дәлел ретінде қолданбайтынын айтты. Себебі аудиожазба жауапкердің рұқсатынсыз, жасырын түрде, заңға қайшы жазылған. 

Тағы бір сот ісінде жазба жасырын түрде жасалғаны үшін дәлел ретінде қабылданбады. Бір әйел екіншісіне 400 мың теңгені (олар сенімді қарым-қатынаста болған) қолхатсыз және келісімшартсыз қарызға берген.

Қарыз алушы қарызын қайтармаған, сотта ол ақшаны алғанын жоққа шығарды. Қарыз алғанын растау үшін куәгер кейін түсірілген видеоны ұсынған еді. Видеода қарыз алушы қарыз алғанын мойындайды.

Сот видеоның құпия түрде түсірілгенін айтып, дәлел ретінде қабылдамады. Сонымен қатар куәгердің сөзін де айғақ ретінде қабылдамады. Себебі Азаматтық кодекс бойынша 100 АЕК-тен астам сомаға жасалған мәміле (277 800 теңге; 2020 жылы 1 АЕК = 2 778 теңге) жазбаша жасалуға тиіс! Қарызға ақша бергеніңізді ресми тіркемесеңіз, куәгерлердің сөзіне сілтеме жасай алмайсыз.

Дегенмен сот жасырын жазбаны дәлел ретінде қабылдаған жағдайлар да бар.

Бір кәсіподақтың жетекшісі басқа қоғамдық бірлестіктің басшысын ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау бойынша сотқа береді. Оның айтуынша, қоғамдық бірлестіктің басшысы семинар кезінде арызданушының ұйымын «сөйлесуге және араласуға болмайтын оппозиция» деп атаған.

Бұл әңгіме телефонға жазылып, жала жабу туралы ақпарат таратылғанын растау үшін дәлел ретінде сотқа ұсынылды.

Сот бұл жазбаның жасырын түрде жасалғанын, десе де, дәлел ретінде қабылданғанын айтты. Ал екінші тарап (айыпталушы) сот алдында құпия жазба кезінде оның қандай құқы бұзылғанын дәлелдеуі керек деп шешті. Аудиодағы жазба жеке емес, қызметкерлердің қатысуымен болған. Сол себепті айыпталушы жеке өміріме қол сұғылды деп шағымдана алмады, ешқандай дәлел келтірілген жоқ. 

Тағы бір қызық іс бар. Сот дәлізде орнатылған камераның көмегімен жасалған видеоны дәлел ретінде қабылдаған. Бұл істе салық комитеті кәсіпкерді заңды мекенжайы бойынша тексеріп, таппағандықтан санкция салған. Ал кәсіпкер салық комитеті оны мекенжайы бойынша тексермегенін айтып, камерадағы сол күні түсірілген видеоны дәлел ретінде ұсынды.  

Нәтижесінде ешқандай тексеріс болмағаны дәлелденді. Сот видеоны қарап, салық қызметкерлері сол күні кеңсеге шынымен келмегеніне көз жеткізіп, істі кәсіпкердің пайдасына шешті.

 

Көп жағдайда, әсіресе басқа дәлел болмаған кезде сот жасырын жазылған не түсірілген видеоларды іске араластырмайтынын айта кеткен жөн. 

Бұдан шығатын қорытынды:

  • Жалқауланбай, бәрін жазбаша рәсімдеуден қымсынбау керек. 
  • Қарызға ақша берсеңіз,  қарапайым келісімшарт жасасаңыз, қол қойып бекітіңіз. Сосын борышкерден ақша алғаны туралы қолхат алыңыз.
  • Жұмысқа орналассаңыз, жұмыс берушінің қолы бар еңбек шартын сұрап, құжатта жалақының нақты мөлшері мен басқа да еңбек шарты көрсетілгенін тексеріңіз.

Аудио/видеоға түсіретініңізді екінші тарапқа алдын ала ескертпеген жағдайда сот жазбаны дәлел ретінде қабылдамауы мүмкін. Дегенмен мұндай жазба еш көмектеспеуі ғажап емес. Себебі екінші тарап өзін аудиоға немесе видеоға жазып жатқанын біліп, ештеңені мойындамауы екіталай.

 

 Фарух Ахмеджанов, Akhmejanov & Partners Law Firm басқару серіктесі

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

15/09/2020 14:41
3864 0

Уведомление