Оқушы да адам: Мектепте оқитындардың қандай құқығы бар?

Ұл бала белдемше кие ала ма?


01/11/2021
12:36 38406 5

27 қазанда Алматыда Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын ұл бала 11-қабаттан секіріп, мерт болды. Одан бір күн бұрын оны мектептегі балға белдемше киіп келгені үшін сынып жетекшісі күштеп психологқа апарған, ата-анасын шақырған.

masa.media мектепте оқитын ұлдар белдемше кие ала ма, жоқ па, жалпы, оқушылардың қандай құқығы, ал мектептің қандай міндеті барын анықтады.


Мұғалім ұрысып, қол көтере ала ма?

Жоқ, ешкім өзгені балағаттап, ұрып-соға алмайды.

Қазақстан Конституциясының 17-бабына сай:

1. Адамның қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды.


2. Ешкімді азаптауға, зорлық-зомбылық жасауға, жәбір көрсетуге не қадір-қасиетін таптайтындай жазалауға болмайды.

 

Телефон не басқа да гаджеттерімізді тапсыруға міндеттіміз бе?

Жоқ, бұл — сіздің мүлкіңіз. Сондықтан оны сізден ешкім (уақытша болса да) тартып ала алмайды.

Емтихан не сабаққа кедергі болмасын, көшірмесін деп телефоныңызды партаның шетіне ысырып қоя алады, бірақ алып кете, тәркілей алмайды.


Үй тапсырмасын орындамаған едім. Мұғалім сабақтан кейін алып қалып, орындатты. Мұнысы заңды ма?

Жоқ, заңсыз. Себебі адамның жүріп-тұруын сот қана шектей алады. Әрі үй тапсырмасын қашан орындайтыныңызды өзіңіз білесіз. Мұғалімнің бұған бірдеңе деуге қақы жоқ.


Мектеп басшылығы сенбілікке баруға мәжбүрлеп жатыр. Мынау да заңсыз ба?

Иә, бұл баланы жұмысқа жегу. Мектеп еңбегіңізді тегін пайдалана алмайды. Өзіңіз сенбілікке барам, қоқыс жинаймын десеңіз ғана барсаңыз болады.


Айтпақшы, директор мұғалімнің де еңбегін бүйтіп пайдалана алмайды.


Жуырда Семей әкімдігі екі мектептің мұғалімдерін көше сыпыруға жіберген. Білім және ғылым министрлігі БАҚ-тың сол туралы жазған материалдарынан кейін осы заңсыздыққа жауаптыларды: қала әкімінің орынбасары, білім басқармасының басшысы мен мектеп директорларын әкімшілік жазаға тартты.


Мұғалім сабаққа кіргізбей қойды

Бүйте де алмайды. Себебі әр баланың білім алу құқығы бар. Ешкім мұны шектей алмайды.


Қыз бала шалбар, ер бала белдемше кие ала ма? Ал мұғалім не директор киіміме, бояған, өсірген шашыма бола сөз айта ала ма?

Білім және ғылым министрлігі бәріне ортақ мектеп формасы жоқ, бірақ ол классикалық болғаны — міндет дейді.

2016 жылғы бұйрыққа сай, қыз балалар шалбар кие алады, алайда ұлдар белдемше кие алмайды.

Қалғанын, яғни форманың түсі мен үлгісін мектеп пен ата-аналар таңдайды. Қорытындысы мектеп жарғысына енеді. Соған сай киіну керек.

Шаш өсіріп, тырнақ бояу, мұрын тестіру мәселесі де мектеп жарғысына қарай реттеледі. Онда болмайды деп тұрса, соған бағынуыңыз керек. Егер бағынбаймын десеңіз, ата-анаңыз мектепке жарғыны өзгертуді ұсынсын.

Бірақ боянып келді, маникюр жасады, шашын өсірді, белдемше киді деп мұғалім сізді балағаттап, жұрттың көзінше сөге, ұрып-соға алмайды (Конституцияның 17-бабы).

Ондайда ата-анаңызды шақырсын. Мәселені солармен бірге шешсін.


Ал діни киім киіп барсақ бола ма?

Бұған министрлік бұйрығында тыйым салынған.

«Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты элементтерді қосуға болмайды», — делінген онда.


Кабинет жабдығына ақша жинауға тиіспіз бе?

Жоқ, оның ақшасын мемлекет төлеуге міндетті, яғни бұл — сіздің міндетіңіз емес. Онымен мектеп басшылығы не аудан/қаланың білім бөлімі айналысуға тиіс.


Кабинетті тазалауға міндеттіміз бе?

Жоқ, бұл да бала еңбегін тегін пайдалану, яғни заңсыз іс. Тазалыққа тек мектеп басшылығы жауапты.


Мұғалімнің әжетханаға шығармауға қақы бар ма?

Ешкім жүріп-тұруыңызды шектей алмайды, сондықтан мұғалімнің мұндай қақы жоқ.

Қыркүйектің аяғында Қарағандыда мұғалім дәретханаға бірнеше рет сұранған 2-сынып оқушысын шығармай қойған. Бала сол жерде дәрет сындырған. Қаладағы білім басқармасы ішкі тексеріс жүргізіп жатқанын, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.


Мұғалім жұмсай ала ма? Мысалы, мұғалімдер бөлмесінен журнал, дүккенен су алып кел деп

Жоқ. Бала мектепке оқимын, дамимын деп барады. Мұғалімнің бүйтуі — бала еңбегін тегін пайдалану, жұмысқа жегу.

Журналды мұғалімнің өзі әкеліп, апаруға тиіс. Балабақшадағы баласын өзі алсын :)

Мұғалімге айтқаны дұрыс емес деп айтқым келген. Жақ аштырмады

Конституцияның 20-бабында сөз бостандығына кепілдік берілген. Осыған сүйеніп апай/ағайыңыздың айтқанын түзей, пікіріңізді айта аласыз. Бірақ тіл тигізбеңіз. Бұған Қылмыстық кодекстің 131-бабында тыйым салынған.


Мұғалім, директор кез келген себеппен сөмкемді тексере ала ма?

Жоқ, заттарыңызды құқық қорғау органдары сіз құқық бұзды деп күдіктенгенде ғана тексере алады. Мектеп құқық қорғау органы емес.


Мұғалім сыр-құпиямды өзгелерге жария ете ала ма?

Нөуп, күнделікке жазған, құрбы-дос, ата-анаңызбен алмасқан хат-хабарды өзгелердің алдында оқи, басқа мұғалімдерге айта алмайды. Себебі бұған Конституцияның 18-бабы тыйым салады.

«Адамның жеке өміріне араласуға болмайды. Адам өзіне және отбасына қатысты ақпаратты жасыра, ар-намысы мен беделін қорғай алады».

Қылмыстық кодекстің 147 және 148-баптарына сай, қызметін (мұғалім екенін) пайдалана отырып хат-хабарыңызды, жеке өміріңізге қатысты ақпаратты рұқсат алмай жария еткен адам бес жылға дейін қамалуы мүмкін.


Болмайды дегеннен көп зат жоқ екен мұнда. Енді не істейік?

Мұғалім не директор құқығыңызды бұзса, ата-анаңызға айтыңыз. Олармен сөйлессін, істің мән-жайын білсін.

Олардың үстінен шағымданам десеңіз, ата-анаңыз қала не аудан қала басқармасына барсын не хабарлассын. Білім және ғылым министрлігі тиісті аймақтың білім саласына жауаптылардың телефон нөмірлерін жариялады.

Олардан да көмек болмаса, тиіскен мұғалім не директорды сотқа беріңіз, өтемақы талап етіңіз. Ол үшін мектеп орналасқан ауданның сотына барыңыз.

Кінәлілер айыппұл төлегеннен не түрмеге қамалғаннан басқа қызметімен айналысу құқығынан айырылуы мүмкін.

Мәселеңізді БАҚ не блогер арқылы жұртқа жеткізсеңіз артық етпейді. Қоғам талқысына түскен заңсыздық көбіне оңды шешіліп жатады.

Бөлісу
Аруназ♡ 30/10/2023 02:20
Елдар, ия ышуге болад ешкім сенің отырып тыруына тыйым сала алмайды
Жауап беру
0 0
Показать комментарии (4)
01/11/2021 12:36
38406 5

Уведомление