Дүниежүзінің ең жас 8 саясаткері

АҚШ, Азия, Еуропа мен Австралия саясатындағы жас буын


12/10/2020
13:21 74960 0

Қазір бірнеше елде жастар бейбіт жиналыстарға ғана қатысып қоймай, үлкен саясатқа да мейлінше көп араласып жүр. Олар үкімет, парламент сияқты жоғары басқару органдарында климаттың өзгеруі, әйелдер мен жастар құқығы, кедейлікпен күрес сияқты өзекті мәселелерді шешуге атсалысып жатыр. Бұл үрдіс «билік тізгінін алу үшін жастарға көп тәжірибе керек» деген стереотипті бұзды. 

 

Біз олардың арасынан сегіз жас саясаткерді бөліп-жара айтамыз. 

 


 

МАРИ БЛЭК (26 жаста)

 

 

Ұлыбритания Қауымдар палатасына (парламенттің төменгі палатасы) Шотланд ұлттық партиясының атынан мүше. 

 

2015 жылы 20 жастағы Блэк сайлауда бұрынғы Ұлыбритания халықаралық даму министрі Дуглас Александерді жеңіп, ағылшын парламентіне сайланды. Қауымдар палатасындағы ең жас депутат сол кезде Глазго университетінің төртінші курсында оқып жүрген еді. 

 

Мұның алдында ол Шотландияның Ұлыбританиядан тәуелсіздік алуы үшін ұйымдастырылған референдумға атсалысқан.

 

Өзінің айтуынша, саясатқа ол әлеуметтегі теңсіздікті, жұмыссыздықты, кедейлікті жою үшін келген. Мари парламентте алғаш рет сөз сөйлегенде үкіметтің азық-түлік тапшылығы мен жұмыссыздыққа қарсы шараларын сынға алды. Оның бұл спичін интернетте жарияланғаннан кейін бес күнде 10 миллион адам қараған.

 

ЖОРДОН СТИЛ-ЖОН (26 жаста)

 

 

Аустралия Сенатының депутаты. 

 

2017 жылы Аустралия Жасылдар партиясының сенаторы Скотт Лудлам қызметінен кеткенде орнына 22 жастағы партияласы Жордон келген еді. Сол кезде ол ел тарихындағы ең жас сенатор болды. Жордон 2019 жылы тағы бір сайлауға қатысып, Сенатқа жаңадан мүше болды. 

 

Стилл-Жон — мүгедектігі бар адам, ол өзі сияқты азаматтар құқығын қорғап жүр. Жордон сенатор болған кезде парламент оған арнап өз ғимаратына пандус жасатқан еді. 

 

2018 жылы жас депутат сенторларды жабық мекемелердегі мүгедектігі бар азаматтарға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін тексеруге үндеді. Үндеу кезінде сондай жерлерде көз жұмған 34 адамның аты-жөнін оқып шықты. 

 

Сол жылы Жордан тағы бір бастама көтерді — Аустралияның 16 жасқа толған азаматтарына сайлау құқығын беру керек деп, тиісті заң жобасын ұсынды. 

 

САЙЕД САДДИК (28 жаста)

 

 

Малайзияның бұрынғы жастар істері және спорт министрі. Биыл өз партиясын құрды. 

 

Сайед университетте оқып жүрген кезде-ақ саясатқа араласа бастады. 2016 BERSATU (Малайзияның ең ірі партияларының бірі) партиясына мүше болып, 2018 жылы оның атынан парламент депутаттарын сайлауға түсті. Онда жеңіске жетіп, жастар істері және спорт министрі болды. 

 

Үкіметте жүргенде түрмеге отырып шыққандарды жұмыспен қамтитын Yellow R Project жобасын бастаған. 

 

2020 жылы партиядан кетіп, Малайзияның біріккен демократиялық альянсы деп аталатын, жастар саясатына бағытталған партия құрды. Әзірше парламент сайлауға қатысары белгісіз. 

 

ЭББА ХЕРМАНСОН (24 жаста)

 

 

Швецияның қазіргі парламентінің ең жас мүшесі. 22 жасында депутат болған. Оны ағылшынша Baby of House деп атайды. 

 

Эбба Швеция Демократия партиясына мүше және оның гендер теңдігі істеріне жауап береді. 

 

МАЙКЛ ТАББС (30 жаста)

 

 

2017 жылдан (ол кезде Майкл 26 жаста еді) бері Стоктон қаласының мэрі. Таббс АҚШ тарихындағы 100 мыңнан астам азаматы бар қалаға басшы болған ең жас саясаткер делінеді.

 

Мэр болмай тұрып, Майкл Демократиялық партиядан Стоктонның қала кеңесіне мүше болған. 2015 жылы қала басшылығына кандидатурасын ұсынғанда оны АҚШ-тың сол тұстағы президенті Барак Обама қолдады. Сайлауда 70 % дауыс жинап, Стоктонның 79-ші және тұңғыш қара нәсілді мэрі болды. 

 

Сол кезде Стоктон Калифорния штатының ең кедей қалаларының бірі еді. Таббс бірнеше ұйымнан қаражат алып, қаланың ең кедей азаматтарына 18 ай бойы айына 500 доллардан беретін бағдарлама жасады. Онымен қоймай, студенттерге стипендия беруге 20 миллион доллар қаражат жинады. Ол басқарған кезде қалада қылмыс деңгейі төмендеген. 

 

Таббс қазір қаланы екінші рет басқарып отыр. Өзінің айтуынша, шешуі керек бірнеше проблема бар: тұрғын үй мәселесі, қылмысты азайту, қала экономикасын дамыту. 

 

Биыл жас саясаткер туралы HBO телеканалының Stockton on My Mind атты деректі фильмі жарық көрді. Онда Стоктон тұрғындары Таббс қаланы қалай өзгерткенін айтып береді. 

 

ХЛОЯ СУОРБРИК (26 жаста)

 

 

2017 жылдан (ол кезде 23 жаста еді) бері Жаңа Зеландия парламентінің депутаты, Жасылдар партиясына мүше. 

 

Қазір Суорбрик каннабисті заңдастыру үшін күресіп жүр. Өзінің айтуынша, 40 жылы бойы заңсыз болып келген шөпті қолдану есірткіге тәуелді етпейді, керісінше, оған салынған тыйым адамдар өліміне себеп болып жатыр, сондықтан оны заңдастыру қажет. Мысал ретінде ол Португалияны атап өтті. 

 

— 15 жыл бұрын Португалия есірткінің барлық түрін қолдануға рұқсат берді. Содан бері есірткі қылмысы, артық дозадан болатын өлім саны азайды, — деді ол The Guardian басылымына. 

 

Жақында Жаңа Зеландияда есірткі түрін заңдастыру туралы референдум өтеді. 

 

Хлоя сонымен бірге 18–25 жастағы азаматтарға психологиялық көмек беретін пилот жобаны ұйымдастыруға атсалысты. Карантин кезінде жатақханадан кетуге, бірақ сонда да ақысын төлеуге мәжбүр болған жас азаматтады қолдап, университеттерді олардан ақы алмауға үндеді. Содан кейін бірнеше ЖОО жатақхана ақысын төлеуді кейінге қалдырып, кейбірі оны тегін қылды. Сонымен қатар жас депутат басқа да белсенділер сияқты Жаңа Зеландия климатының өзгеруін төтенше жағдай деп жариялауды талап еткісі келді. Бірақ ұсынысы парламентте қолдау таппады. 

 

2019 жылы қарашада Хлояның сөзі дүниежүзінің ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерінде резонанс туғызды. Ол парламент отырысында өз сөзін бөлген оппозиция партиясының депутатына атақты меммен «OK, бумер» деп жауап қатып, кідірмей, баяндамасын жалғастыра берді. 

 

«ОК, бумер» тіркесі сол жылдың қараша айында танымал бола бастаған еді. Оны жастар өздеріне үнемі ақыл айтатын үлкендерге (бэби-бумер) жауап ретінде қолданады. 

 

АЛЕКСАНДРИЯ ОКАСИО-КОРТЕС (30 жаста)

 

 

Қазіргі жас саясаткерлер арасындағы ең атақтысы АҚШ Конгресінің (парламент) Өкілдер палатасына мүше 30 жастағы Александрия Окасио-Кортес шығар. 

 

Үлкен саясатқа Окасио-Кортес 2018 жылы келді. Сол кезде ол Демократия партиясының праймеризінде тәжірибелі конгрессмен Джозеф Кроулиді сәл басымдықпен жеңді — 57,5 % дауыс жинаған. Кеше ғана кафеде даяшы болып жүрген жас әйелдің жеңісін ешкім, тіпті Александрияның өзі де күтпеген еді. 

 

Саясаткердің келесі ірі жеңісі заң шығарушы орган — Конгреске сайлануы болды. Сайлауда ол республикашыл Энтони Паппастан оза шауып, 78 % дауыс жинады. Қазір — Александрия Өкілдер палатасында отырған ең жас мүше.

 

Конгреске келгелі бері Окасио-Кортес өзекті мәселерді қозғап келеді: үкіметтің салықты дұрыс игермеуін сынады, үкімет кедейлік пен жаһанның жылуына қарсы төтеп беруі керек деп біледі. Әлеуметтік және гендер теңдігі проблемасы да Александрияның аузынан түспейді. 

 

Саясаткер шешендігімен де танымал. Оның Конгресс жиналыстарында, сайлаушылармен кездескенде не ток-шоуларда айтқан сөзі әлеуметтік желілерде қоғам талқысына бірден түседі, YouTube-тегі видеоларын бірнеше миллион адам қарайды. 

 

2019 жылы жүргізілген сауалнамаға сенсек, Демократиялық партия мүшелері мен оның көзқарасын қолдайтын басқа да азаматтардың 75%-ы Окасио-Кортес АҚШ президенті болғанын қалайды. Бірақ Александрия жасына байланысты мемлекет басшысы бола алмайды. АҚШ Конституциясы бойынша президент 35 жастан асқан болуға тиіс. 

 

ЭММА ТЕОФЕЛУС (24 жаста)

 

 

Коронавирус пандемиясы басталғанда Намибия ақпарат, коммуникация және технологиялар министрінің міндетін атқарушы болып тағайындалған. Сол кезде 23 жастағы Эмма Африка мемлекеттер үкіметінің ең жас мүшелерінің бірі болды. 

 

Жаңа қызметке келер алдында Теофелус жастар белсендісі болған. Кейін әділет министрлігінде жұмыс істеген. 


Жақында жас саясаткер Африкадағы 100 ықпалды әйел қатарына енді.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

12/10/2020 13:21
74960 0

Уведомление