Еңбек құқығы: Балалар еңбегіне қатысты FAQ-қа жауап

Жұмысшыларға арналған материалдар топтамасы


24/11/2020
11:06 7677 0


Сарапшылармен бірге біз Қазақстан жұмысшылары құқы туралы материалдар топтамасын дайындадық. Осыған дейін жұмысқа уақытша жарамсыздық, жалақы мен сыйақы, жұмыстан шығару мен қысқарту, еңбек шарты жайында сөз қозғадық. Бұл жолы балалар мен жасөспірімдердің еңбек ету құқығы мен еңбек шарты  туралы сөйлесеміз. 

Мәтінді дайындауға көмектескені үшін еңбек заңнамасы бойынша сарапшы Әсел Дюсембаева және «Ideal safety» ЖШС басшысы Дильфуза Пердебаеваға алғыс айтамыз.

 

БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚАЙ САЛАДА ЖҰМЫС ІСТЕЙ АЛАДЫ? 

Кез келген жастағы бала циркте, театрда, концерттер мен кинода әртіс болып жұмыс істей алады.

Ал басқа салаларда 14-ке толған бала оқудан бос уақытта ақша таба алады.

Алайда жасөспірімдерге тыйым салынған жұмыс орындары бар: өндіріс, ойын бизнесі, түнгі ойын-сауық орындары, алкоголь, темекі бұйымдары, есірткі және психотроп заттармен байланысты кез келген жұмыс.

Кәмелетке толмағандарға материалдық жауапкершілігі бар лауазымда (мысалы, кассир немесе қойма қызметкері) және зиянды әрі қауіпті жұмыста, вахталық әдіспен жұмыс істеуге болмайды. 

Айтпақшы, 16 жастан бастап еңбек биржаларына жүгінуге болады.  Жасөспірім білігін арттыру, жаңа мамандық алу, кәсіпкерлік негіздерін оқу және жұмысқа орналасу үшін жастарға арналған бағдарламаларға қатыса алады. Сонымен бірге кәсіби дайындықты қажет етпейтін қоғамдық жұмыс істеп, аула сыпырушы, әлеуметтік қызметкер ретінде ақша таба алады. 

БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ЖҰМЫС УАҚЫТЫНА ШЕКТЕУ БАР МА?

 

Бар. 

 

  • Кәмелетке толмаған қызметкерлер түнгі уақытта — 22:00-ден 06:00-ге дейін жұмыс істей алмайды. 
  • 16-ға толмаған балалар аптасына 24 сағаттан артық жұмыс істей алмайды. 
  • 16 жастан бастап кәмелетке толғанға дейін  аптасына 36 сағат жұмыс істеуге рұқсат.
  • Балаларға қосымша жұмыс жүктеуге болмайды.

 

БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫНА ҚАЛАЙ ШЫҒАДЫ? 

 

Ересектер қалай шықса, солай шығады. Бірақ кәмелетке толмағандарды еңбек демалысынан уақытынан бұрын шақыртуға болмайды. 

 

КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР ЖҰМЫСҚА УАҚЫТША ЖАРАМСЫЗДЫҒЫ ҮШІН ӨТЕМАҚЫНЫ ҚАЛАЙ АЛАДЫ?

 

Бұл жерде де ересектерден еш айырмашылық жоқ. Жұмысқа уақытша жарамсыздық парағы туралы мына жерден оқи аласыз. 

 

ЖАСӨСПІРІМДЕР МЕН БАЛАЛАР ЕҢБЕК ШАРТЫНА ӨЗ БЕТІНШЕ ҚОЛ ҚОЮҒА ҚҰҚЫЛЫ МА?

 

16 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен балалар ата-анасының бірімен немесе қамқоршысымен бірге еңбек шартына қол қояды.

Іс жүзінде ата-ана баланың еңбек шартына жауапсыз қарайды. Сондықтан балалар мен жасөспірімдер өз қаласы не ауданының еңбек инспекциясының кезекші инспекторларынан кеңес алғаны жақсы. Кеңес тегін беріледі. Әдетте әр инспекцияның сайтында байланыс нөмірлері болады. Сонымен бірге Еңбек және әлеуметті қорғау министрлігіне  +7 (7172) 74–34–91 нөмірі бойынша хабарласуға болады.

Айтпақшы, балалар мен жасөспірімдер жұмыс істеуден бас тартуға құқылы. «Бала құқығы»  туралы заңының 16-бап 1-тармағында былай делінген:

«Әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға құқығы бар»

 

БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚАНДАЙ ЖАЛАҚЫ АЛА АЛАДЫ?

Жұмыс берушімен алдын ала келіскен жалақыны алады. Бірақ олар айына кем дегенде ең төменгі жалақы алуға тиіс. 2020 жылы оның мөлшері 42 500 теңгеге тең.

 

ЖАСӨСПІРІМ ӨЗ ЕҢБЕКАҚЫСЫН ӨЗІ ЖҰМСАЙ АЛА МА?

14 жасқа толған жасөспірім еңбекақысын өз бетінше жұмсай алады. Азаматтық кодекстің 22-бабында жасөспірім 14 жастан бастап өзінің табысына, стипендиясына, өзге де кiрiстерiне және өздерi жасаған интеллектуал меншiк құқығы объектiлерiн өзі басқара алатыны көрсетілген. Бұл құқықтан тек сот айыруы мүмкін.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

24/11/2020 11:06
7677 0

Уведомление