Бұрынғы вице-министр мен филармонияның экс-басшысы тергеліп жатыр

Біріне «жаңа жүйеге бөлінген қаражатты талан-таражға салды», енді біріне «қылмыстық топ құрды» деген күдік келді


21/09/2020
17:29 41500 0

Фото: newtimes.kz

Денсаулық сақтау министрінің бұрынғы орынбасары Олжас Әбішев 500 миллион теңгеден астам қаражатты ысырап қылды деген күдікке ілінді. Азаттықтың хабарлауынша, бұл туралы 21 қыркүйекте Қаржы министрлігіне қарасты қаржыны бақылау комитетінің төрағасы Жанат Элиманов айтты.

— Бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Әбішевке қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Ол ақпарат жүйесін құруға бөлінген 500 миллион теңгеден астам қаражатты ысырап қалды деген күдікке ілінген. Сот санкциясымен қамауға алынған, тергеу жүріп жатыр, — деді Элиманов.

Олжас Әбішевтің ұсталғаны туралы ақпарат тамыз айының басында тарады. Министр Алексей Цой сол кезде орынбасары шілде айында өз еркімен қызметінен кеткенін айтты.

37 жастағы Әбішев денсаулық сақтау вице-министрі болып 2018 жылы тағайындалған. Министрлікте цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне жауап берген.

Қаржыны бақылау комитетінің төрағасы Астанадағы (Нұр-Сұлтан) Мемлекеттік академиялық филармонияның (бұрынғы Конгресс-холл) бұрынғы директоры Сәкен Әбдірахмановқа қатысты да қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. ҚазАқпараттың хабарлауынша, оған 1,8 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырған деген күдік келіп отыр.

Тергеудің мәліметінше, Әбдірахманов мемлекет қаржысын жымқыру үшін қарамағындағы қызметкерлерінен қылмыстық топ құрған. Қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

21/09/2020 17:29
41500 0

Уведомление