Балабақша тәрбиешісі баламды ұрады екен. Не істеген жөн?

Адвокат пен құқық қорғаушы кеңесін алдық


25/01/2021
12:22 7949 0

Былтыр желтоқсанда интернетте Атыраудың бір балабақшасында тәрбиешінің баланы ұрып жатқаны көрсетілген видео пайда болды. Ол 2019 жылы түсірілген екен. Оны тәрбиешісінен жәбір көрген баланың ата-анасы Бас прокурордан көмек сұрап жариялаған. 

 

Баланың әкесінің айтуынша, прокуратура мен қалалық білім басқармасы бұл жағдайға 13 ай бойы мән бермей келеді екен. 

 

Баласын тәрбиеші ұрып-соққанын білген ата-ана не істеуі, қайда жүгінуі керек? Осы сұрақтарға «Отбасын қорғау мен қолдау орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Айжан Медеуова мен адвокат Виктория Бабатовамен бірге жауап бердік. 

ЖАЛПЫ, ТӘРБИЕШІНІҢ БАЛАМА ҚОЛ КӨТЕРУГЕ ҚҰҚЫ БАР МА?

Жоқ, тәрбиеші болсын, ата-анасы болсын, ешкім балаға қол көтере, ұрыса, психикасына қысым жасай алмайды. Бұл туралы Конститутциясының 17-бабында жазылған: «Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды». 

БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ НЕ ІСТЕЙМІН: БАЛАБАҚША БАСШЫЛЫҒЫНА МА, ӘЛДЕ ПОЛИЦИЯҒА БАРАЙЫН БА? 

 

Тәрбиеші балаңызға қол көтергенін білген бойда балабақша әкімшілігіне барып, шағымданыңыз, ондағылар ішкі тексеріс жүргізсін. Сол тәрбиешіні жұмыстан қууын талап етіңіз.

Қажет десеңіз, полицияға барыңыз не «102» нөміріне қоңырау шалыңыз. Олардан тәрбиешінің үстінен «Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу міндетін атқармау» бабына сай қылмыстық іс қозғауын талап етіңіз. 

ПОЛИЦИЯҒА БАРМАДЫМ. ТЕК БАЛАБАҚША БАСШЫЛЫҒЫНА ЕСКЕРТУ ЖАСАДЫМ, БІРАҚ ОНДАҒЫЛАР ТИІСТІ ШАРА ЖАСАМАДЫ.

Жаңа айтқанымыздай, полицияға барыңыз. Шағым жазыңыз. 

Сонымен бірге: 

            • аудан/қалалық білім басқармасына; 
            • Nur Otan партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңеске (нөмірі — 111); 
            • Білім және ғылым министрлігінің балалардың құқығын қорғау комитетіне (1450) хабарласыңыз. 

Полиция да өз міндетін атқармай, мысалы, іспен жөнді айналыспай не жағдайға мүлдем мән бермей жатса, «115» нөмірі арқылы прокуратураға қоңырау шалыңыз. Полицейдің әрекет етпеуі заңға қайшы. 

БАЛАМДЫ ҰРЫП-СОҒАТЫНЫН ДӘЛЕЛДЕГІМ КЕЛЕДІ. НЕ ДӘЛЕЛ БОЛА АЛАДЫ?

Полицияға іс қозғаса, сізге сот-медицина сараптамасын жасауға жолдама береді. Бірақ сараптаманы оған бармай-ақ та өзіңіз жасата аласыз. Ол үшін балаңызды емхана педиатрына апарыңыз. Ол денедегі жарақат, көгеру іздерін тіркеу үшін қажет мамандарға жібереді. 

Сотқа дейінгі іс жүргізу органы қаулысымен балабақшаға барып, балаңызды ұрып жатқаны көрсетілген камера жазбасын алу керек. Дәлелді USB-флэшкаға не телефон камерасына жазып алыңыз. Қолыңызда қаулы болмаса, балабақша әкімшілігі жазбаны беруден бас тартуы мүмкін. 

ДӘЛЕЛ БОЛМАСА, НЕ БОЛАДЫ? ПОЛИЦИЯ ІСТІ ЖАБА МА? 

Иә, дәлел жеткіліксіз деп полиция істі жабуы, ал сот күдіктіні, яғни тәрбиешіні ақтап алуы мүмкін. 

БАЛАМДЫ ҰРЫП-СОҚҚАН ТӘРБИЕШІНІҢ ЖАЗАСЫ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ? 

 

Тәрбиеші әртүрлі баппен сотталуы мүмкін:

            • Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру; ұрып-соғу. Жазасы: 20 тәулікке дейін қамаққа алу не 40 АЕК-ке дейін (116 680 теңге) айыппұл салу. 
            • Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру; қинау. Жазасы — жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру не шектеу, айыппұл салу. 

 

СОТ ТӘРБИЕШІНІ КІНӘЛІ ДЕП ТАНЫСА, БАЛАБАҚША ӘКІМШІЛІГІ ДЕ ЖАЗАҒА ТАРТЫЛА МА?

 

Әкімшілік тәрбиеші балаңызды ұрғанын біле тұра ештеңе істемегені анықталса, ол жауапқа тартылуы, мысалы, айыппұл, қызметіне тыйым салынуы мүмкін. 

ТӘРБИЕШІ БАЛАМНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ЗИЯН КЕЛТІРСЕ, ЕМ АҚЫСЫН КІМ ТӨЛЕЙДІ?

Кәмелетке толмаған мен табысы жоқтардың ем ақысын олардың денсаулығына зиян келтірген адамдар төлейді

БАЛАМДЫ МҰНДАЙ БАССЫЗДЫҚТАН ҚОРҒАҒЫМ КЕЛЕДІ. НЕ ІСТЕГЕН ЖӨН?

Балаңызға балабақша, мектеп, басқа да оқу орнын дұрыстап таңдаңыз: 

            • олар туралы интернетте қандай пікір/жаңалық жазып жатыр, зерттеп алыңыз. 
            • барлық бөлмесінде бақылау камерасы бар-жоғын, дұрыс істеп тұр ма, жоқ па, біліңіз. 
            • балаңызға «біреу саған айғайласа, ұрып-соқса, дереу айтып отыр» деп үйретіңіз. 
            • Балабақшамен келісімшарт жасасқанда, оны мұқият оқып шығыңыз. 


Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

25/01/2021 12:22
7949 0

Уведомление