Университет сайлауда дауыс беруге мәжбүрлесе, не істеу керек?

masa-ның студенттерге арнап жасаған нұсқаулығы


25/11/2020
11:11 6935 0

 


 

2021 жылы парламенттің төменгі палатасы — Мәжіліс пен жергілікті өкілдер органы — мәслихаттарға депуттарды сайлау өтеді. 

 

Қазақстанда әр сайлау кезінде көптеген студент «университетіміз бізді сайлауға баруға не белгілі бір кандидатқа дауыс беруге мәжбүрлейді, дегенін істемесең, бұл бағаңа әсер етуі мүмкін» деп шағымданады. ЖОО-лардың мұндай әрекетке баруына бір себеп бар: дауыс беруге келген сайлаушылар санын не белгілі бір партияға (кандидатқа) берілген дауыс санын арттыру.

 

Университет қысымына тап болғандарға қайтпек керек: қайда жүгініп, өз сайлау құқыңызды қалай қорғау қажет? Студенттерге арнап маңызды нұсқаулық жаздық. 

 

Материалды дайындауға көмектескені үшін Жастар ақпарат қызметі орталығының қамкоршылық кеңесінің жетекшісі Ирина Медникова мен тәуелсіз бақылаушы, Baqylau жобасының жетекшісі Бэлла Орынбетоваға алғыс айтамыз.

 

«ҚҰЖАТЫҢ БІЗДЕ — СЕНІҢ АТЫҢНАН ДАУЫС БЕРЕ САЛАМЫЗ»

 

Әлия Рүстемова (аты өзгертілген — редакция) Алматыда ұлттық университеттердің бірінде оқиды. Оның сөзінше, ЖОО әкімшілігі 2019 жылы президентті сайлау кезінде барлық студентті сайлау учаскесіне апарып, дауыс бергізген. 

 

Соңғы сессиямыз 9 маусымнан, сайлаудан кейін болады деп белгіленді. Бізде басқа университеттер сияқты емтихан уақытын өзгертіп әлек болған жоқ, бірден солай белгіленіп тұрды. Сайлау алдында топбасшымыз ортақ чатқа хабарлама жіберді: «Ертең таңертең жатахананың алдына студенттердің бәрі жеке куәлігімен келуі керек!!!»

 

Университеттің бұлай «өтінуі» бірінші рет емес еді. Оған дейінде концерттер, конференциялар мен түкке керегі жоқ жиналыстарға апарып жүрген. Әсіресе,  бірінші курс студенттерін көп сүйрейді. «Бармаймын» десең, «деканат адамы келіп тексереді, барып-бармағаның сабағыңа әсер етеді» деп қапылтады. Ал шұғыл шаруаң болып, бара алмайтын болсаң, деканаттан рұқсат алуың керек. Соған бола деканатқа баруға ерінесің, оның үстіне декан сені тыңдап отыруы да екіталай. Сондықтан бар деген жеріне барып, «келді» деген белгі қойдырып, ары қарай жұмысыңа кете берген тыныш.

 

Сайлау күні куратор бәрімізді бір жерге жинап, түгендеп шықты. Келмегеніне қоңырау шалып, шақыртып алды. Ол сонымен бірге барлық студенттің құжаттарын алып алды. Кімге дауыс беру керегін айтқан жоқ. Бірақ «Тоқаевқа дауыс берсеңдер өздеріңе жақсы, сабақтарыңа да әсер етіп қалады» деген жиі айтылды. Кімге дауыс бергенімізді фотоға түсіру қажет болмады. Мен Әміржан Қосановқа дауыс бердім. 

 

«Тоқаевқа дауыс берсеңдер өздеріңе жақсы, сабақтарыңа да әсер етіп қалады» деген жиі айтылды.

 

Ал дауыс бермейміз деп қырсыққандарға «бәрібір құжаттарың бізде, сенің атыңнан дауыс бере саламыз» дейді. Сөйтіп, студенттерді университетте орналасқан сайлау учаскесіне 10–15 адамнан топтап жібере бастады. Сөйтсек, университеттен бізден басқа мыңдаған студент дауыс берген болып шықты. 

 

УНИВЕРСИТЕТ БАСШЫЛЫҒЫ ОСЫЛАЙ КҮШТЕП ДАУЫС БЕРГІЗСЕ, ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

 

Ең бірінші кеңес: қорықпаңыз. Ешкімнің сізді мәжбүрлеп сайлауға не басқада жиындарға апаруға құқы жоқ. Кім болса болсын: декан, ректор, әкім, президент. 

 

Студент құқы — адам құқы. Өз құқығыңызды қорғай біліңіз. Бұл — сіздің өмір мен денсаулықтан кейінгі басты құндылығыңыз. 

 

Кейін болған жайтқа дәлел жинаңыз: 

 

  • Деканат сізді мәжбүрлі түрде сайлауға апарса;
  • Куәлігіңізді жинап алса; 
  • «Сайлауға бармасаң, бұл бағаңа әсер етеді не университеттен қуып жібереміз» десе;
  • Сіздің атыңыздан дауыс берсе — мұның бәрін суретке, видеоға түсіріңіз, сізді күштеген адамның сөзін диктофонға жазып алыңыз. Бұларды сақтық үшін бұлт серверге салып, тағы екі көшірмесін жасаңыз. Жалғыз әрекет еткен тиімсіз, сондықтан басқа студенттермен біріккен жөн. 

Әуелі сайлау құқыңыз (сайлауға бару-бармау, қалаған кандидатыңызға емін-еркін дауыс беру) бұзылғаны жөнінде ректор не декан атына шағым жазып, мәселені жергілікті деңгейде шешіп көріңіз. Әлеуметтік желіде де мәселеңізді жариялаңыз. Қоғам назары әдетте мұндай жағдайларда көп көмектеседі: университет басшылығын тиісті шаралар (мысалы, құқық бұзушыларды жазалау) жасауға мәжбүрлейді. 

 

 

ЕГЕР КЕЛІСІМШАРТҚА СӘЙКЕС УНИВЕРСИТЕТ МЕНІ ТҮРЛІ ІС-ШАРАҒА, СОНЫҢ ІШІНДЕ САЙЛАУҒА ҚАТЫСТЫРУҒА ҚҰҚЫЛЫ БОЛСА ШЕ?

 

Университетпен жасасқан келісімшартыңызға сәйкес «сайлауға қатысу» міндетіңізге кірсе де, кірмесе де, ЖОО басшылығы сізден мұны талап ете алмайды. Ешкім сіздің сайлау құқыңызды бұзуға құқы жоқ, оған қоса студент өз пікірі мен наным-сенімін емін-еркін білдіруге толықтай құқылы. 

Кей университет студентіне өз дегенін орындату үшін түрлі қысым жасауы, мысалы, төмен баға қоямыз не оқудан шығарамыз деп қорқытуы мүмкін.  

Келісімшартыңызды қараңыз. Ол жақта білім алушыны оқудан шығару шарттары жазылуға тиіс. Егер бұл шарттардың бір де бірін бұзбаған болсаңыз, тиісті жерлерге шағымдануға толық негіз бар. Бұл жерде сізді университет сайлауға  өз билігін асыра пайдалана отырып сіздің сайлау құқыңызды бұзып отыр. 

 

АЛ УНИВЕРСИТЕТ ТИІСТІ ШАРАЛАР ЖАСАМАСА, ҚАЙДА ЖҮГІНУ КЕРЕК? 

 

Онда Білім және ғылым министрлігі, адам құқықтары жөніндегі уәкіл (омбудсмен) мен Орталық сайлау комиссиясына шағымданыңыз, ал құқық қорғау органына арызданамын десеңіз, сотқа барасыз. 

 

Арыз/шағымды Egov, электрон пошта арқылы не сот пен деканаттың өзіне барып жазуға болады.

 

Білім және ғылым министрлігі: телефон нөмірлері — 1450 (тегін), +7 (7172) 74—24–16, электрон поштасы — kense2020@edu.gov.kz

 

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл: телефон нөмірі — 8 (7172) 74–05–48, электрон поштасы — ombudsman-kz@mail.ru. Айтпақшы, уәкілдің аты — Эльвира Әзімова. 

 

Орталық сайлау комиссиясының телефон нөмірлері мен электрон поштасы көп — оларды сайттан көріп алыңыз. 

 

Арыз жазу үшін тұрып жатқан жеріңіздің сотына барыңыз. 

 

Арыз жазғанда заңгердің көмегі қажет болуы мүмкін. Ол үшін Жас сайлаушылар лигасына (Қазақстан жастары ақпарат қызметінің жобасы) — 8 (777) 669–65–00 (WhatsApp) нөмірі арқылы хабарласып тегін заңгер кеңесін ала аласыз. 

 

МАҢЫЗДЫ: мемлекеттік орган сіздің шағымға 15 күн ішінде жауап беруге тиіс. 

 

ШАҒЫМДЫ ҚАЛАЙ ЖАЗУ КЕРЕК?

 

Жазбаша шағым/арыз берем десеңіз, барған жеріңізден үлгі сұратыңыз немесе еркін формада жаза беріңіз. 

 

Онда өзіңізді таныстырып, кімге шағымданып отырсыз, сол адамның аты-жөні мен шағым себебін жазыңыз. Болған жайтты толықтай баяндап беріңіз. Сіздің құқығыңызды нақты кім қашан және қайда бұзғанын жазыңыз. Дәлелдеріңіз барын (бар болса) көрсетіңіз. Ең астына қолыңызды қойыңыз.

 

Егер арыз берген соттың шешіміне көңіліңіз толмаса, одан жоғары инстанцияларына жазып, шағымдана аласыз. Мысалы, сізді аудан сотының шешімі қанағаттандырмаса, қала не облыс сотына барасыз. 

 

«САЙЛАУҒА КҮШТЕП АПАРУҒА» ҚАНДАЙ ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАРАСТЫРЫЛҒАН?

 

Сізді сайлауға күштеп апарғандар (мұнысы сотта дәлелденсе) әкімшілік және қылмыстық жауапқа тарытылады. 

 

Сайлау құқыңызды емін-еркін пайдалануға кедергі келтіргендер (сайлауға күштеп апару, белгілі бір кандидатқа дауыс бергізу, сіздің атыңыздан рұқсатсыз дауыс беру) 4 мың айлық есептік көрсеткіш (АЕК) (11 миллион теңгеден астам, 2020 жылы 1 АЕК = 2 778 теңге) айыппұл төлейді не төрт жылға бас бостандығы шектеледі не одан айырылады. 

 

Сайлау күні не оған бір күн қалғанда белгілі бір кандидатқа дауыс беріңдер үгіттесе, бұл — әкімшілік құқық бұзу. Себебі бұл кезде ешқандай үгіт-насихат жүргізуге болмайды. Кінәліге 30 АЕК-ке дейін (2020 жылы бұл 83 340 теңге) айыппұл салынады. 


Жалпы сайлауға күштеп апару, белгілі бір кандидатқа дауыс бергізу — өз лауазымын асыра пайдалану деген сөз. Кінәліге 3 мың АЕК айыппұл не үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не одан айыру жазасы қарастырылған.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

25/11/2020 11:11
6935 0

Уведомление