Көршілер баласын жиі ұрып-соғады. Не істегеніңіз дұрыс?

Мамандар баланы соққы мен қысымнан құтқару үшін қайда хабарласу керек екенін айтты


08/10/2020
09:43 4395 0

Арагідік көршілерден балаға қатты айқайлаған дауыс естісек немесе олардың баланы сабап жатқанын сезсек, жанымыз ашығаннан басқа ештеңе істей бермейтініміз рас. Құқық қорғаушылар мұндай кезде еш тартынбастан батыл әрекет ету керек екенін айтып отыр. Қандай әрекет? Оны бізге Еуразия технология университетінің Адам құқығын зерттеу орталығының директоры Халида Әжіғұлова мен «Отбасын қорғау мен қолдау орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Айжан Медеуова түсіндірді.


 

Көшеде әлдебір ересек адам баланы ұрып-соғып жатса, не істеу керек?

Көшеде балаға ұрсып, не оны ұрып-соғып жатқан ата-анаға ескерту жасаудан қорықпаңыз. Ересек адамға байсалды үнмен баланы ұрып-соғуды, зекуді доғаруды, доғармаса, ол заң бұзып тұрғандықтан полиция шақыратыныңызды ескертіңіз. Ата-ана сізге агрессиямен жауап берсе де, сіздің бейжай қарамауыңыз оны тоқтата алады. Себебі өз баласын ұратын агрессорлар — шын мәнінде қорқақ адамдар, олар тек әлсіздерге — өзінен әлсіз әйелдерге, қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға тиіседі. Олар айналасындағы адамдар қарсы болмаса, өзгелерге күш көрсете береді.

«102» нөмірі — полиция, қоңырауды жергілікті ішкі істер департаменттерінің Жедел әрекет ету орталығының мамандары қабылдайды.

Балаға қоқан-лоқы көрсетуді көршімнен байқасам ше?

Бірден полицияға телефон соғыңыз. Баланың таяқ жеуі басқа отбасына қатысы жоқ мәселе емес. Ол — кәдімгі қылмыс, заңсыздық. Бөтен бала болмайтынын да ұмытпауымыз керек. Кез келген бала — біздің баламыз, біздің азамат. Ондай кезде полицияға телефон соқпасаңыз, ата-ана баланы өлтіріп немесе мүгедек қылып тастауы мүмкін. Психикасына зақым келген бала өскенде зорлықшыға, қылмыскерге айналуы да мүмкін. Мұндай жағдайға бейжай қарамау керек.

Аты-жөніңізді жария етпей, аноним шағым түсіргіңіз келсе, «150» — балалар мен жастарға арналған ұлттық сенім телефонына қоңырау соғуға болады. Тұратын елді мекеніңізді, көршілердің мекенжайын, көрген/естіген оқиғаңызды, балалардың саны мен жас шамасын айтасыз. Мәлімет тиісті органдарға беріледі.

Полиция келгенде көршілер «ештеңе болған жоқ» деп жауап берсе немесе мен шынымен қателессем ше?

«Баланы ұрып жатыр» деген күдігіңіз болса, көршілерге не басқа да ересек адамдарға қатысты шағым айтуға құқылысыз. Сондықтан 100 % сенімді болу міндетті емес. Дәлел жинау да қажет емес, ол — полицияның міндеті. Егер балаға жиі-жиі қатты айқайлайтын, оны боқтап, кемітетін болса, мұның өзі полиция шақырып, қорғаншылық және қамқоршылық органдарына шағымдануға жеткілікті. Ондай әрекет үшін ата-ана Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы («Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қайшы әрекеттер») бойынша жауапқа тартылады. Жалған мәлімет бермесеңіз, қауіптенуге негіз жоқ. «150» нөміріне телефон соққан кезде куә болған жайтыңызды баяндасаңыз, бәрі тексеріледі. Бастысы — сіз балалардың мәселесіне немқұрайлы қарамай тұрсыз, бұл аса маңызды!

Полиция мен айтқан жағдайға мән бермесе, өтінішімді қабылдамаса, қайда хабарласуым керек?

Nur Otan партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің «111» нөміріне телефон соғыңыз. Білім және ғылым министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитетінің call-орталығы — «1450» нөміріне, 8 (7172) 742–528 сенім телефонына және Telegram-каналына да хабарласуға болады.

Өңірлердегі білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті директорлары орынбасарларына телефон соға аласыз, байланыс нөмірі кестеде берілген:

facebook.com/bala.edu.gov.kz

Ал мына жерде өңірлердегі қорғаншылық-қамқоршылық қызмет атқаратын органдардың байланыс мәліметі бар.

Полицейлер оқиға орнында хаттама толтырудан бас тартса, ішкі істердің жоғары тұрған органына немесе бірден сотқа шағымдану керек. Egov.kz арқылы немесе «115» сенім телефоны арқылы прокуратураға да шағымдануға болады, өйткені полицейдің әрекет етпеуі Конституцияның 17-бабына («Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды») қайшы. Полицей тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.

Баласын сабайтын ата-анаға қандай жаза қолданылады?

Бала тәніне дақ салған ата-ана Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-1 («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») және 73-2 («Ұрып-соғу») баптары бойынша сотталады.

Баланы ұрған, бірақ денсаулығына зиян келтірмеген ата-ана 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе 10 тәулікке қамалады. Оқиға бір жылда қайталанса, ата-анаға 15 тәулікке қамау жазасы беріледі. Жүкті әйелдер, балалары 14-ке толмаған әйелдер, 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар, 58 жастан асқан әйелдер, 63 жастан асқан ерлер, 14-ке толмаған балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ерлер кінәлі болса, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.

Бала денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін сотталған ата-ана 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке қамалады. Жазадан кейін баланы тағы ұрса, 20 тәулікке қамалады. Жүкті әйелдер, балалары 14-ке толмаған әйелдер, 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар, 58 жастан асқан әйелдер, 63 жастан асқан ерлер, 14-ке толмаған балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ерлер балаға қол жұмсаған болса, 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.

Баланы үнемі сабайтын ата-ана Қылмыстық кодекстің 110-бабы («Қинау») бойынша жауапқа тартылады. Ең жоғары жаза — жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру.

ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы»заңының 82-бабы («Баланың өміріне немесе оның денсаулығына тікелей қатер төнген жағдайда баланы айырып алу») бойынша олар ата-ана құқығынан айырылады.


Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

08/10/2020 09:43
4395 0

Уведомление