Қарыз берерде неге назар аударған жөн?

Қарыз алған адам ақшамды қайтармай жатса, не істеу керек


27/05/2021
12:20 4069 0

Қолхатсыз қарыз беруге бола ма? Не нәрсе қарыз бергеніңізге дәлел бола алады? Қарызданған адам ақшаңызды қайтармаса, неге сотқа дереу жүгінген жөн? Осы сұрақтарға жауап береміз. 

 

Қалай қарыз берген жөн?

 

Ең дұрысы — қарыз туралы келісімшарт жасасу. 

 

Шартта мыналарды көрсету керек:

 

        • Екі тараптың төлқұжат дерегі (ЖСН, жеке куәлік не төлқұжат нөмірі);
        • Қарыз сомасы. Міндетті түрде валютасын (теңге) көрсетіңіз;
        • Қарызды қайтару мерзімі;
        • Қарызды қайтару шарттары. Қарыз пайызбен не онсыз қайтарылады. Маңызды: пайыз қарыз сомасынан артық бола алмайды. 

Шартты нотариусқа апарып растаған жөн. Іс сотқа жетіп жатса, ол рәсімдеген құжат жақсы дәлел бола алады. 

 

Одан бөлек, қолхат алсаңыз болады. Бірақ келісімшартқа отырған дұрыс. Себебі қолхатта қарыз берудің көптеген нюансы, мысалы, қайтару шарты жазылмайды. Қарыз алушы әдетте «қарыз алдым, оны қайтаруға уәде беремін» деп жазады.  

 

Ақшаны бір қолхатпен қайтару қиын, десе де қолхат — жоқтан жақсы. 

 

Борышкер ақшамды қайтармаса, не істейін?

 

Сотқа барыңыз.

 

Бірақ мұны әуелі борышкерге ескертіңіз. Бұл сотқа дейінгі шағым деп аталады. Қарызды қайтару керегін еске салатын хат жазыңыз. Онда борышкер «ақшаны бермеймін» деген жағдайда сотқа баратыныңызды айтыңыз. Электрон хат жіберсеңіз болады, бірақ пошта арқылы жөнелткен дұрыс. 

 

Борышкер хатыңызға жауап бермесе не ақшаны қайтармаса, ол тұратын аудандағы азаматтық сотқа жүгініңіз. 

 

 

Келісімшарт та, қолхат та болмаса, қарыз бергенімді қалай дәлелдеуге болады?

 

Қарыз сомасы 100 АЕК-тен (2021 жылы бұл — 291 700 теңге) аз болса, қарыз бергеніңізді бір куә растаса жеткілікті.

 

Ал сома 100 АЕК-тен асса, қарыз бергеніңізді жазбаша түрде тіркеңіз: 

 

      • шарт жасасыңыз; 
      • қолхат алыңыз; 
      • электрон пошта, мессенжерлердегі және SMS хаттарды сақтап қойыңыз. 

 

Хат-хабарда қарыздың көлемі көрсетілсе, тіпті жақсы. Мұның бәрін сотта дәлел ретінде пайдалануға болады.

 

Бес жыл бұрын досыма ақша беріп едім, бірақ ол әлі қайтармады. Көп уақыт өтсе де, сотқа баруға бола ма?

 

Жоқ. Ескіру мерзімі деген бар. Борышкер ақшаны қайтаруы керек күннен бері үш жыл өтпесе, сотқа бара аласыз. 

 

Бірақ кейде ескіру мерзімі өтіп кетсе де, борышкерді сотқа беруге болады. Мысалы, сот талап-арыз дәлелді себептерге, мысалы, қатты ауырғаныңыз, жазып-оқи алмайтыныңыз не мүгедектігіңіз барына байланысты уақытылы берілмеді деп тануы мүмкін. 

 

Соттан кейін не болады? 

 

Сот қарыз алған адам ақшаны қайтаруға міндетті десе, атқару парағын беру туралы өтініш жазыңыз — бұл сот шешімін орындау, яғни борышкерден ақша алуға қажет құжат. 

 

Атқару парағы өтініш берілгеннен кейін бес жұмыс күнінде берілуге тиіс. Қазір карантинде сот мұндай парақтарды өтініште көрсетілген мекенжайға жібереді.

 

Атқару парағын жеке сот орындаушыларына беріңіз. Олар борышкерден ақшаңызды алып береді. 

 

Жеке сот орындаушысын борышкер тұратын қаладан іздеген жөн. Ол үшін «2ГИС» қосымшасын пайдаланыңыз не Өңірлік жеке сот орындаушылары палатасына қоңырау шалыңыз. 

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

27/05/2021 12:20
4069 0

Уведомление