«Қан өзен болып ақты»: Жаңаөзен оқиғасы туралы үш монолог

Биыл қанды оқиғаға 10 жыл толды


16/12/2021
13:39 6698 0

Тарихқа Жаңаөзен оқиғасы деген атпен енген жайтқа биыл 10 жыл толды. 2011 жылы мамырдан желтоқсанға дейін Жаңаөзен қаласының мыңдаған мұнайшысы жалақысы мен үстемақысын дұрыстап төлеуді талап еткен еді. 

 

Ереуіл 16 желтоқсанда қанды қырғынмен аяқталды. Әлдебіреулер Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған концерттің шырқын бұзып, көліктерді, ғимараттарды өртей бастады. Бұған жауап ретінде полиция жиылған халыққа оқ атты.  

 

Құқық қорғау органдары жаппай тәртіпсіздіктен 17 адам қаза тапты, ондаған адам жараланды дейді. Бірақ бұған оқиғаны көрген-естіген жұрт сенбейді, орталық алаңда тәртіпсіздік емес, соғыс болды дейді.

masa.media Жаңаөзен оқиғасын көрген үш адамның монологын жинады. 

 

«Тәртіпсіздікті бастаған мұнайшылар емес, белгісіз біреулер» 

 

Менің атым — Шолпан Өтекеева. Күйеуім — мұнайшы, 2011 жылғы мамырдан бастап 16 желтоқсанға дейін орталық алаңда ереуілдетті. 2008 жылдан бастап «Өзенмұнайгаз» мұнайшылары бірнеше (1,8 — ред.) коэффициент үстемақы алуға тиіс еді. Бірақ басшылық мұны 2011 жылға дейін орындамай келді. Мұнайшылар соған ызаланып, сол жылғы мамырда ереуілге шығып, аштық жариялады. Басында 5 мың адам наразылыққа шыққан еді. Бірақ кейін желтоқсанда 1 200-і қалды. Біреулер қоқан-лоқы көргесін, өзгелері жұмысымнан айырылам деп кері шегінді. Күн де суыды. 

 

 

Бар жайт 15 желтоқсанда басталды. Түстен кейін қаланың орталық алаңына жұрт 20 киіз үй тіге бастады. Тәуелсіздік күніне орай бізде ағаш үй тігілмейтін, үлкен той жасалмайтын. Бірақ сол жолы әкімдік жасаймыз деп шешті. 

 

Ағаш үйлерді көріп мұнайшылар ызаланды. «Осы жерде бірнеше ай бойы аштық жариялап тұрмыз, мұныңыз қайткеніңіз» деді киіз үй құрып жатқандарға. Кейбірі ұялғасын заттарын жинап, қайтпақ болған, бірақ ұйымдастырушылар шығармай қойды. 20 полицей сол үйлерді тұрғызғанын қадағалап тұрды. 

 

Кешке қонақасы берілді. Компаниялар ағаш үйлерді өзара бөліп алған. Мал сойып, ет асты. Біздікілер мұны араңдату көрді, бірақ мән бермей, түнде де тиісіп жүрер деп үйлеріне тарады. 

 

Ертесі күні той басталды, жұрт ет асып, салт-жоралғысын жасады: тұсау кестірді, сүндет той жасады, ойына келгенін істеді. Полицейлер жеген етінен қалған сүйектерді кемірсін деп мұнайшыларға беріп келемеж қылды. Сонда жеті ай бойы ереуілдетіп жүрген мұнайшылар ешкімге керек емес болып қалды ғой. Жұрттың бұл қылығы олардың шамына тиді. 

 

Түс болғанда алаңда бүлік басталып кетті. Неден, қалай басталғанын көре алмадым. Ол кезде үйде едім. Дереу жүгіріп бардым. Біреулер сахнаны төңкеріп жатты, бәрі шулап жүр. Ереуілдетіп тұрған мұнайшылар алаңнан шықпаңдар, мұны бізден көрер деп айғайлап тұрды. 

 

Тәртіпсіздікті бастаған біздің мұнайшылар емес, үшінші күш. Себебі онда мұнайшының судай жаңа формасын киіп алғандар жүрді. Олардың біреуін де бұрын көрмегенбіз. Жұрт олар жетімхана балалары болған дейді. Оларды алаңға әдейі киіндіріп, бүлік шығарсын деп әкелді. 

 

Кейін атыс басталып кетті. Біз басында полиция травматикалық тапаншамен атып жатыр деп ойладық, сөйтсек, шын оқ екен. Алаңға маңдайына оқ тиген бір жас бала келді. Соғысты тоқтатыңдар деп жазу үшін алған мерекелік ақ жалауды басына байладым. Кейін оның көз жұмғанын білдім — әкесі балама орамал таққан сен бе деп сұрап келді, «иә, менмін» деп едім, баласын жоқтап, еңкілдеп жылай кетті. 

 

 

Күйеуім де оққа ұшты. Көмекке барсам, ол басқа жараланғандармен бірге бір көліктің ішінде жатыр екен. Іші деген толған қан. Оларды ауруханаға өзіміз апаруға мәжбүр болдық, басқалар да сөйтіп жатты. Жұрт оққа ұшып, ғимараттар өртеніп жатса да, ол жерде не жедел жәрдем көлігі, не өрт сөндірушілер болмады. 

 

Аурухананың үш қабаты да толған жаралылар. Сонда Жаңаөзеннің тең жартысы жүр десем, артық айтпаймын (Жаңаөзен халқының саны ол кезде 120 мың еді — ред.). Қан өзен болып ақты. Зембіл жетіспеді. Кейбірі науқастарды алашаға орап тасыды. 

 

Палаталарға сыймағандар дәліз, еденде жатты. Барлығы нағыз соғыс сияқты болды. 

 

Жараланғандар көп болғасын Ақтаудан 7–8 жедел жәрдем көлігі келіп, бірнеше науқасты алып кетті. Арасында менің күйеуім де бар. Оған төрт айда бес рет ота жасалды, астанаға барып емделдік. Мен осы уақыт аралығында ауылға бармадым. Бірақ тұрғындардың айтқанына сенсем, ОМОН оқиғадан кейін қалада дегенін істеген: қолға түскендерді ішкі істер бөлімшесінің жертөлесіне апарып, су шашып, тыр жалаңаш ұстаған, қыз-келіншектерді зорлаған. Бұл шындық қазір ашылмай отыр. Уақыты келсін, бәрін білеміз. 

 

ОМОН ауруханада да маза бермеді. Өмір мен өлімнің арасында жатқан мұнайшылардың саусақ іздерін қағазға түсіріп алды, суық қаруланған күйі бізді күзетіп жүрді. Журналистерге сұхбат бергендерді полиция бөлімшесіне шақырып алып, үстіңнен іс қозғаймыз деп қорқытты. Маған да солай қоқан-лоқы көрсетті: жалған ақпарат тараттың, мүлкіңді тәркілейміз деді. 

 

Олар түрмеге қамалғандарды да жайына қалдырмады. Таныс мұнайшыны өлгенше ұрып-соққан. Ол кісі соның кесірінен бір көзінен айырылды, бет сүйегі сынды, үнемі бет-аузын орап жүретін еді. Тұтқын үш жылдан кейін денсаулығына байланысты шығып еді, қатерлі ісікке шалдықты. Кореяға бірнеше рет барып емделді, оған жұрт болып ақша жинап бердік. Бірақ ана мұнайшы ақыры өліп тынды — ісігі асқынып кеткен екен. 

 

Билік оқиғада 17 адам, құқық қорғаушылар жүзге жуық адам қаза тапты дейді. Меніңше, көрсеткіш одан да көп. Себебі мен оқиғада туысынан айырылған талай адамды білемін. Бірақ көбі қағазға оққа ұшты деп емес, өзге аурудан, мысалы, жүрек талмасынан қайтты деп енді. 

 

Мұның бәрі — шындық. Жаңаөзеннің әрбір тұрғынынан сұрасаңыз, осы сөзімді растайды. Алайда олар ашық айтуға қорқады. Мына жемқор жүйе құламай, шындықтың аулы алыс бола бермек. 

 

Біз біттік. Қанша жан түрмеде жазықсыз жатыр. Арон Атабекті де өлтірді. Халық ояу емес, ояу, көзі ашылған. Бірақ күн көріс деп, жұмысымнан айырылам деп саяси құқығын қорғай алмай жүр. 

 

«Үш автобус тұр екен. Екеуінің іші толған өлік»

 

Ол кезде жасым 21-де болатын, Ақтауда тұратынмын. 

 

Нақты қай күні болды, есімде жоқ, әйтеуір, 16 желтоқсанға дейін Қайрат деген досым Жаңаөзендегі үйіне барып еді, жоқ болып кетті. Жаппай тәртіпсіздік болғасын Ақтауда да, Жаңаөзенде де телефон, интернет желісі істемеді. Оның шешесі баласын іздеп, жанын қоярға жер таппады. Жаңаөзенге барайын десе, жол жабық. Тек әскерилер кіріп-шыға алады. 

 

19 желтоқсанда ол маған Қайратты Ақтау мәйітханасынан іздеуді тапсырды. Себебі жұрт Жаңаөзен өлікке толы болғасын, опат болғандардың денесін Ақтауға жөнелтіп жатыр десіп жатты. 

 

Қайраттың мамасы «Әлбетте, естігім келгені қаралы хабар емес, десе де, барып келші, бәлкім, сонда шығар, мәйіті болмаса, қалай жерлеймін?» деді.

 

Түнде 26-шағынаудандағы мәйітханаға барсам, комендант сағатына қарамастан 8–10 адам туыстарын іздеп жүр екен. Күндіз одан да көп болған. 

 

Сонда таныс полицейге жолығып қалдым. Сол арқылы Қайрат туралы сұрастырып, көшеге шығып едім, орындықтары жоқ үш автобус тұр екен. Екеуінің іші толған өлік. Бәрі тыр жалаңаш, бір-бірінің үстінде жатыр. Әйелі де бар, еркегі де бар. Қанның иісі мүңкіп тұрды. Мәйіттер шіриін деген.  Жаңағы полицей жүгіріп келіп, «кет, ОМОН-дар көріп қойса, атып тастайды» деп алып кетті. 

 

Екі күннен кейін досым Жаңаөзенде емес, Теңге аулына кетіп қалғанын, телефон желісі істемегесін хабарласа алмағанын білдік.  

 

16 желтоқсанда Жаңаөзенде арнайы жасақ жұртқа оқ жаудырғаннан кейін Ақтауда 40–50 шақты адам облыс әкімдігіне барып, есеп сұрады: халықты неге атып, өлтіріп жатсыздар деді. Кейбіреуі жоғалып кеткен туыстарын іздеп, шыр-пыр болды, денесін табыстауды талап етті. 

 

«Өзіме қол салғым келсе, кім бұйрық бергенін айтамын»

 

Жаңаөзен туралы тағы бір айтарым бар. Бірақ бұл екі жылдан кейін болған жайт. 

 

2018 жылға дейін Ақтау жастарының жинала қалса айтатыны Жаңаөзен оқиғасы еді. Ал Жаңаөзен тұрғындары жақ ашуға қорқатын. 

 

Достарыммен бірге караокеде сол оқиға туралы айтып отырғанда бұрын ОМОН болған адаммен таныстық. 2011 жылғы желтоқсанда Жаңаөзенде арнайы жасақта құрамында болған екен. Ол ішіп алып, сол кезде бұйрықпен үш бейбіт тұрғынды өлтіргенін айтып берді. 

 

«Кейінгі 2,5 жылда ұйқы дегенді ұмыттым. Көзімді жұмсам болды, қолымнан қаза тапқандарды көремін. Екі кішкентай баланы өлтірдім, кейін бір ересек жігітке оқ аттым. Ол жансақтау бөлімінде қиналып өлген. Қан көп кеткен екен» деді ол еңіреп.  

 

Кейін оған бастықтары арыз жазып, өз еркіңмен кет, істегеніңді ешкім білмей қалады деген. Сөйтіп, іс жабылған. Ол бізге нақты кім бұйрық бергенін айтпады. 

 

«Әзірге өмір сүрмекпік, өлгім келмейді, бірақ қалай тіршілік етем — білмеймін. Өзіме қол салғым келсе, кім бұйрық бергенін айтамын» деді маған. Мен қажеті жоқ дедім. Білсем, мені де алып кетеді деп қорықтым. 

 

Жігіт шынымен де ОМОН болған, 2011 жылғы желтоқсанда Жаңаөзенде «тәртіп сақтаған». Мұны біз таныс арқылы сұрап білдік. 

 

Жаңағы жігіт кейін есірткіге берілген екен. Түрін шеккен: наша, марихуана, хероин, апиын. Күзетші болып жұмысқа тұрған, бірақ нашақорлығы үшін қуылған. Қазір не істеп жүргенін білмеймін. 

 

«Үкіметке де, әкімдікке де сенім жоқ»

 

Оқиға болғанда 19 жастағы студент едім. 

 

16 желтоқсанда Алматыдан Жаңаөзенге келсем, үйде ешкім жоқ. Ата-анам Ақтауға кетіп қалған екен. Олар маған дереу хабарласып, «орталықта бірдеңе болып жатыр, үйді кілттеп алыңдар» деді. Біз орталықтан алыс, жер үйде тұрамыз. Кейін ағам келді. Шошып қалған, бәрін жауып, жарықты өшірді, «жатыңдар, үн шығармаңдар» деді.

 

Біраздан кейін атыс басталды. Біреу әдейі ауаға оқ атып жатқандай болды. Көрмей, жай естісек те, зәреміз қашты, қатты қорықтық. 

 

Телефон желісі, интернет өшіп, қала жабылды. Ата-анам екі күннен кейін ғана кіре алды. ОМОН оларды жіті тексеріпті: папамды жұлқылап көліктен шығарып, заттарын ақтарған. Сақшылар дегенін істей алатын еді: бірдеңе жақпай қалса, ұрып тастайтын. Әке-шешемді әрең кіргізді, басында мүлдем өткізбей тастағысы келген. 

 

 

Атыс бітсе де, қалада жағдай қорқынышты болды. Комендант сағаты енгізілді, жұрт далаға шығуға қорықты. Жаңаөзеннің түкпір-түкпірінде ОМОН-дар жүрді, кетіп бара жатқандардың әрбіреуін тексерді. Жақпағанын, күдікті дегенін көлікке салып, алып кетеді, кейбірі қайтып келмегенін білем. Танысымның әкесін алып кетіп, соққыға жыққан.

 

Ана кісі үйіне жетті, бірақ керегесінде жан тапсырды, органдары істемей қалған. Ол мұнайшы емес еді, көшеде кетіп бара жатқан жерінен полиция алып кеткен. Танысым түрлі органға барып, әкесінің есебін сұрап, шу көтерген. Сол үшін оны біреулер қорқытты, қоқан-лоқы көрсетті.

 

Менің ағамды да ұстап алып, сағатын не телефонын тартып алды. Есімде жоқ. Жалпы, бірнеше рет себепсіз тиіскен. Бір күні ол үйден шығып кетіп, іс-түссіз жоғалып кетті. Біз дабыл қағып, іздей бастадық. Үй телефоны жоқ болғасын, көршілерге бардық. Біреуі есік ашқан жоқ. Бәрінің жарығы өшірулі тұрды. 

 

Құдайға шүкір, ағам аман-есен оралды. Жолдастарымен бірге әр жерге тығылып, қаладағы жағдайды бақылаған.

 

«Оқиғадан кейін халық сеніміне ие болу оңайға соқпайды»  

 

Ресми деректерде атыс кезінде 17 адам қаза тапқаны айтылады. Бірақ бұған халық сенбейді. Әр Жаңаөзен тұрғыны көрсеткіш бірнеше есе төмендетілгенін біледі. YouTube-тан полиция кез келгеніне оқ атқанын көруге болады. Кейбірін жоғалды деп жариялады, кейбірінің туысын үн шығармасын деп қорқытты. Қазір үкіметке де, әкімдікке де сенім жоқ. 

Қала әкімдігі әлі күнге дейін 16 желтоқсан, Наурыз мерекелерін тойламайды. Бұрын мәз-мейрам тойлайтын едік. Қазір ондай жоқ. Тіпті халық Тәуелсіздік күнін мереке көрмейді. 

Кез келген жұмыс берушіден сескенеді, сенбейді. Мұнай компаниялары мен олардың жұмысшыларының арасы алыстаған. Жаңаөзен оқиғасынан соң жұмыс берушілер ереуілге шыққандарды қудалады, жұмыстан қуды ғой. Осыдан кейін халық сеніміне ие болу оңайға соқпайды.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова. Фотолар: lada.kz, RFE/RL, Reuters

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

16/12/2021 13:39
6698 0

Уведомление