Алматы әкімі: «Қалада азаматтар бейбіт жиналысты кедергісіз өткізіп жүр»

«Адамдар көшеге постер ұстап шығып жатыр, оларға ешкім тиіспейді»


08/12/2020
13:51 45822 0

Фото: Азаттық радиосы

 

Жетінші желтоқсан Орталық Коммуникациялар Қызметінде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада «халық еш кедергісіз митиң өткізіп жүргенін» айтты. 

 

— Әуелі хабарлама (бейбіт жиналысты өткізу туралы хабарлама — ред.) берілуі керек. Оны біз белгілі бір уақыт ішінде қараймыз. Бәрі заңға сай болатын болса, ешқандай кедергі болмайтынын өтініш бергендер де біліп жүр. Көріп жүрсіздер ғой, адамдар көшеге постер ұстап шығады, оларға ешкім тиіспейді, — деді Сағынтаев.

 

Сонымен қатар Алматы басшысы кімдерге митиң не бір адам пикетін өткізуге рұқсат бермейтінін айтып өтті:

 

— Тек кейбір жағдайда, мысалы, бейбіт жиналыстың тақырыбы мүлдем басқа бағытқа қатысты болса, бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат бермейміз. Жалпы, өтініш бергендердің барлығы, әсіресе бір адам пикетіне шығатынын хабарлайтындар өз бейбіт жиналысын өткізіп жүр. Үлкен митиңдерге де қатысты мәселе жоқ. «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру туралы» заңы жұмыс істейді және бәрі соған сай жұмыс істеуді біртіндеп үйреніп жатыр. 

 

Айта кету керек, сарапшылар мен құқық қорғаушылар Қазақстанның «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңы халықаралық құқықпен қабыспай, адам құқығын бұзады деген пікірде.


Еске сала кетейік, 20 қазанда Алматының бас санитария дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирустың таралуына байланысты қалада уақытша бейбіт жиналыстар өткізуге рұқсат берілмеуі мүмкін екенін айтқан еді.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

08/12/2020 13:51
45822 0

Уведомление