Сәндидат, апазиция: Қазақстанның 2020 жылғы саясатын түсіндіретін жаңа 9 сөз
Тышқан жылы Қазақстан саясатында не болды
2020 жылы Қазақстан саясатында түрлі оқиға болды: карантин, 42 500 теңге, митиңдер, экология мәселесі, этностар арасындағы жанжал және тағысын-тағы.
Jana sozdik Instagram аккаунты осы оқиғаларды суреттейтін жаңа сөздер ойлап тапты. Біз солардың ең жақсы деген тоғызын таңдап алдық.
ҚОСМЕКЕНДІ
Қазақстанда да, Англияда да үйі бар адамдар.
Түсініктеме: The Times ағылшын басылымы бұрынғы сенатор, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға мен оның баласы Нұрәлі Назарбаевтың Лондон, Бэйкер-стритта орналасқан үйі бар екенін хабарлаған еді. Бұл үй әлемде жазушы Артур Конан Дойлдың Шерлок Холмс кейіпкері тұратын үй ретінде танымал.
Содан кейін «Азаттық радиосы» журналистері Назарбаев пен оның жақын туыстары шетелде иеленіп отырған үйлер тізімін жасаған еді. Бұл мүліктің жалпы құны — кемінде 785 миллион доллар.
Журналистердің мәліметінше, дәл осы үйдің бір бөлігін Дариға Назарбаева мен оның баласы Нұрәлі Назарбаев иеленіп отыр. Фото: ztb.kz
УЛЫ ДАЛА ЕЛІ
Өз экологиясына назар аудармайтын елдің жарқын болашағы.
Түсініктеме: Қазақстанның ірі қалаларының тұрғындары лас ауаға жиі шағымданады. Ал Алматы тұрғындары көп жыл бойы әкімдіктен жылу-электр орталығын жаңартып, жылуды табиғи газдан алуын талап етіп келеді.
Түтінді тұманға оранған Алматы. Фото: tengrinews.kz
ЕЛЕМЕНТ
Митиңге шыққандарды үлкен-кішісіне қарамай, қайырып әкететін полицей.
Түсініктеме: Қазақстанда әкімдік мақұлдамаған митиң, шеру, пикет өткізуге болмайды. Жерігілікті атқарушы билікті ескертпей, бейбіт жиналысқа шыққандарды полиция жиі ұстайды.
Алматыдағы митиң, 2019 жыл. Фото: fergana.ru
СӘНДИДАТ
Сайлауда бәсеке иллюзиясын жасау үшін тағайындалған үміткер.
Түсініктеме: кей Қазақстан азаматы сайлауға түсіп жүрген кейбір адам мен партияны Nur Otan тағайындаған өтірік кандидаттар деп атайды. Олардың ойынша, бұл тартысты сайлау өтіп жатыр деген иллюзия жасау үшін керек. 2007 жылдан бері сайлауларда Nur Otan партиясы 80 %-дан төмен дауыс жинап көрмеді. Ал президент сайлауда тек Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен еді. Екеуі де Nur Otan-ға мүше.
ҚЫРЫҚ ЕКІ МҰҢ БЕС ЖҮЗ
Үкімет тағайындаған жәрдемақының машақаты.
Түсініктеме: коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантинде мыңдаған адам жұмысына бара алмай, табыссыз қалды. Оларға мемлекет көмек ретінде айына 42 500 теңге (елдегі ең төмен жалақы көлемі) беріп отырамыз деді. Сол хабар шыққан бойда халық карантинге қарамай тиісті органдарға ағыла бастады, кейбірі кезекке таласты, жәрдемақыны ала алмадық не бұл қаражат күн көруге жетпейді деп шағымданды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТТЫҢ МАСКА ЖОЛЫ
Қазақ халқының пандемия дәуіріндегі әдет-ғұрыптық заң ережелерінің жиынтығы.
Түсініктеме: президент Қасым-Жомарт Тоқаев карантин енгізгенде түрлі ереже шығарған еді. Мысалы, үйден себепсіз шығуға, маскасыз жүруге болмайды деп.
АПАЗИЦИЯ
Билікке наразы әйелдер.
Түсініктеме: 2019 жылы Астанада (Нұр-Сұлтанда) үй өртеніп, бес қыз қаза тапты. Олардың ата-анасы екі мезгіл жұмыс істегендіктен, өрт кезінде үйде болмаған. Осы оқиғадан кейін аналар мемлекеттен көпбалалыларға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайтуды талап етті. Мұндай наразылықтар 2020 жылы да болды.
16 ЖЕЛТОҚСАН
Жаңа жылға дайындық науқаны.
Түсініктеме: Қазақстанда 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні, ұлттық мейрам. Бірақ бұл күні елде мерекелік көңіл-күй болмайды. Оған бірнеше себеп бар:
- 16 желтоқсан Тәуелсіздік жариялаған күн ғана емес, Жаңаөзен және Желтоқсан оқиғалары құрбандарын еске алатын қаралы күн.
- Осы күні көшелерде көпшілік шаралар болмайды. Полиция, керісінше, орталық көшелердің жолын жауып, оқиға құрбандарын еске алуға жиналғандарды ұстайды.
- Жаңа жылға дайындық қарашада басталады. Осыған байланысты Тәуелсіздік күні ұмыт болады. Сондықтан сарапшылар тәуелсіздік күні 16 желтоқсан емес, 25 қазан болуы керек дейді.
Фото: holanews.kz
ОҚИ ОТРЫҢЫЗ: НЕЛІКТЕН РЕСПУБЛИКА КҮНІН ҰМЫТЫП КЕТТІК?
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АҚСАНБЛЕЯСЫ
Елдегі этностар достығын сәтсіз қамтамасыз етіп келе жатқан белсіз ұйым.
Түсініктеме: 2020 жылы елде бірнеше ұлтаралық жанжал болды: Қордайдағы қазақ-дүнген, Алматы облысындағы қазақ-ұйғыр, Түркістан облысындағы қазақ-өзбек арасындағы төбелестер. Сарапшылар осындай қақтығыстарды болдырмау, этностардың достығын нығайту үшін құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы ештеңе істемей отыр деп жиі сынайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ НАҚТЫ НЕМЕН АЙНАЛЫСЫП ОТЫР?
Иллюстрация: Лейла Тапалова
Нет комментариев.