Қазақстан халқы ассамблеясы нақты немен айналысып отыр?

Қоғам президент жанындағы кеңес беретін органның тұрақтылықты сақтаудағы роліне сенеді деу қиын


28/09/2020
10:29 9643 0


UPD, 28.04.2021: Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясы төрағалығын Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды.

Сарапшылар Қазақстан халқы ассамблеясының қызметіне күмәндана қарайды. Көбіне оның елдегі этносаралық қақтығыстарды болдырмаудағы ролі мен парламентке депутат сайлау құқығы сынға алынады. Кеңес беруші органның жұмысы билік пен халықтың қайсына тиімдірек? Ұлттық-мәдени бірлестіктер ұйымдастыратын мерекелер мен есепсіз концерт-форумға мемлекет қаржысын жұмсағаннан не өзгеріп жатыр? Біз бұл материалда Қазақстан халқы ассамблеясы де-юре және де-факто немен айналысып отырғанын анықтауға тырысамыз.

ДЕ-ЮРЕ: ЗАҢДАҒЫ АССАМБЛЕЯ ҚАНДАЙ ҚҰРЫЛЫМ?

Бұл — президент жанындағы консультация беретін, мәжіліс өткізетін орган. Оны 1995 жылы 1 наурызда Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев құрды. Арада 12 жыл өткенде Назарбаев оған Мәжіліске тоғыз депутат сайлай алатын құқық беріп, 2008 жылдың 20 қазанында «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы»(1) деп аталатын заңға қол қойды. Ассамблеяны ірі, маңызды саяси субъектіге айналдырған мұндай заң дүниежүзінде жоқ.

Құрылымның ресми мақсаты — қоғамда келісім мен бірлікті нығайтуға қатысты мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ету. Қазақстанда келісім мен бірлікті нығайтуға жағдай жасаумен, демография мен көші-қонға қатысты шараларды іске асырумен, елдегі этностардың тілін, дәстүрін, мәдениетін сақтаумен, осы бағыттағы ағарту-баспа қызметімен, Қазақстанда қолданылатын тілдерге мониториң жасаумен және этномәдени бірлестіктерге түрлі көмек берумен айналысады. Оның жұмыс органы — хатшылығы Президент әкімшілігіне қарайды. 

Бүгінде ассамблеяның 394 мүшесі бар. Олар: қоғамдық, негізінен этномәдени бірлестік және мемлекеттік орган өкілдері, басқа да адамдар. Мүше болу оңай емес, әуелі кандидатурасы ассамблея сессиялары мен кеңестері, хатшылығы қарайды, мүшелікке кандидатты президент те ұсынады. Ассамблеяның орталық аппараты мен өңірлердегі бөлімшелері ассамблея мүшесі мен Мәжіліске сайлаған депутатының өкілетін мерзімінен бұрын тоқтата алады.

Ассамблея туралы заң Назарбаевқа бұл органды өмір бойы басқару құқығын беріп отыр. Оның орынбасары, ассамблея хатшылығының меңгерушісі — Жансейіт Түймебаев. Ассамблея төрағасының тағы екі орынбасары бар. Қасым-Жомарт Тоқаев болса, Қазақстан президенті ретінде ассамблеяны қайта құра алады, қызметінің бағыттарын айқындай алады, ассамблея басшыларын қызметке тағайындап, лауазымынан босата алады. Ассамблеяның облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардағы бөлімшелерін сол өңір әкімдері басқарады.

Конференция, басқосу, концерт, конкурс, тағы басқа мәдени шара — ассамблеяның жыл 12 ай істейтін шаруасы. 367 ұлттық орталықты біріктіріп отырған құрылым осындай рухани-мәдени бағдарлама этносаралық татулықты нығайтудың инструменті бола алады деп біледі. Бір қарағанда, бәрі дұрыс, бірақ бұл ассамблея болмаса, елден бірлік кетеді деген сөз бе? Енді сол туралы.

ДЕ-ФАКТО: АССАМБЛЕЯ ЖҰМЫСЫНАН НӘТИЖЕ БАР МА?

2015 жылы ассамблея президентті мерзімінен бұрын сайлауға үндеді. Саясаттанушы Дос Көшім бұл құрылымды Нұрсұлтан Назарбаев о баста президент ретіндегі өкілетін әлдебір ықпалды органның бастамасымен ұзарту үшін және өзіне тиімді басқа да бастамалар көтеру үшін пайдаланды деп есептейді.

«Ұлтаралық түсінбестік болады және соны басуға бір институт керек» дегенге мен толық қарсымын. Бұл — саяси қажеттіліктен туған институт. Қандай қажеттілік? «Президент өкілетін ары қарай ұзартайық» деген бастама көтеру үшін бірдеңе керек. Соған ассамблеяны дайындап қойды. Шындығындағы функциясы осындай, бірақ оны Қазақстандағы тұрақтылықты сақтап отырған институт ретінде көрсетеді. Ал Қазақстандағы тұрақтылықты сақтап отырған Елбасы да емес, ассамблея да емес, қазақ халқы екенін мойындауымыз керек, бұл — қазақтың ашық жүрегі, көкірегі, кез келген ұлтпен, ұлыспен өмір сүру мүмкіндігі бар екені, — деді Көшім «31 арнадағы» «Неге?» ток-шоуында.

Саясаттанушылар Конституцияда(2) ассамблеяға Мәжіліске депутат сайлау құқығы берілуі дұрыс емес деп біледі, президент жанындағы кеңес беруші органдарда мұндай мәртебе болмауы керек. Ең бастысы — қандай да бір органға адамды этносына қарай сайлау дискриминация болар еді, тап сол Конституцияға қайшы келер еді.

Қоғам мүшелерінің негізгі сыны ассамблеяның өз міндетін дұрыс атқаруына қатысты. Құрылым мемлекет саясатын насихаттау қызметін жақсы атқарғанымен тұрақтылыққа ықпал ету жағынан сенімге ие бола қойған жоқ. Ассамблея қызмет етіп келе жатқалы бері елімізде қазақтардың түрік, шешен, ұйғыр, күрд, тәжік, армян, дүнген, өзбек диаспорасы өкілдерімен қақтығысы болды.

Этникалық сипат алған ең ірі қақтығыс — Жамбыл облысының Қордай ауданында болған жаппай тәртіпсіздік. 11 адамның өліміне, мыңдаған адамның шекара асуына, жүздеген үйдің ойрандалуына себеп болған оқиға ассамблеяның 25 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келді. Мерейтойдың ұлттық жоспары мына жерде. 

 

EXPECTATION                                                        REALITY

 

obk.kz және svoboda.org сайттарынан алынған сурет бойынша коллаж

Қазақстан азаматтары әлі де ұлтқа бөлінеді, ұлты қазақ емес біреу қандай да бір қылмыс жасаса, ел ішінде «өзге ұлт өкілдері үнемі басынады» деген арандатулар жиі айтылады, ұлты қазақ емес азаматтар да қазақтың тілі мен мәдениетін, тарихын өз құндылығындай көре бермейді, халықтың біртұтастығы мен біртектілігі ұран күйінде қалып келеді.

Осы себепті 2019 жылдан бері өңірлерде және әлеуметтік желілерде белсенді азаматтар ассамблеяның таратылуын талап етті. Көпшілік «Ассамблея Қазақстан халқын бір ұлт қылудың орнына көп этносқа бөледі» деген пікірде.  

Этносаралық кикілжің мен ксенофобияның жойылмауы және елдегі барлық этностың ортақ тіл бойынша тұтаса қоймауы әр өңірде ұйымдастырылып жататын конференциялар, жиындар мен түрлі акция-флешмоб еш нәтиже бермей отырғанын көрсетеді. Дегенмен бұл шараларға кетіп жатқан республикалық және жергілікті бюджет қаржысының сұрауы жоқ. Өңірлерде жергілікті бюджеттен Достық үйлері мен ассамблеяға қарасты басқа да мекемелердің жұмысына қаржы бөлінеді. Ассамблея қызметі БАҚ-та мемлекеттік тапсырыс бойынша насихатталады. 

БАСҚА ЕЛДЕРДЕ ҰЛТТАР АССАМБЛЕЯСЫ БАР МА?

Әртүрлі диаспораның басын қосатын құрылым Ресейде, Қырғызстанда және Молдовада бар. Өзбекстанда ондай миссияны «Народное единство» қозғалысы атқарады. ТМД елдеріндегі ұлттық-мәдени бірлестіктер қызметін үйлестірумен, аз этностар мәселесімен және ұлтаралық татулықты насихаттаумен айналысатын құрылымдарды «Еуразия халықтары ассамблеясы» деп аталатын халықаралық одақ біріктіреді. Басқа елдерде атауында «ассамблея» сөзі бар ұйымдар болғанымен олардың қызметі мүлдем бөлек.


Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

28/09/2020 10:29
9643 0

Уведомление