Республика күні қалай ұмыт болды?

Бұл қандай мереке еді және оны неге күнтізбеден алып тастады


23/10/2020
13:42 12303 0

 


 

Бұрын 25 қазан күні Қазақстанда Республика күні атап өтілетін. Мемлекеттік мереке болғасын халық бұл күні жұмыс істемейтін. Бірақ 2009 жылы «Мерекелер туралы» заңы түзетіліп, Республика күні мерекелер күнтізбесінен алып тасталды.

 

Мереке қалай пайда болғаны, оның мәні мен қалай ұмыт болғаны туралы сөз қозғаймыз. 

 

25 ҚАЗАНДА НЕ БОЛДЫ?

 

1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі (заң шығарушы орган, парламенттің аналогы) «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылдады.

 

Бірақ бұл құжат елдің Кеңес Одағы құрамынан толық шығуын білдірмеді. Еліміз әлі де Кеңестік Социалистік Республикасы деп аталды және Декларацияда «басқа республикалармен егемен республикалар одағында өз еркімен бірігеді» делінген. Алайда бұрынғы КСРО елдерінен тұратын біртұтас ел — Егемен Мемлекеттер Одағын құру жобасы ақыры жүзеге асырылмады.

 

Бұған қарамастан құжатта «Қазақ КСР-і республикадағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және ұлттық-мәдени дамуға, оның әкімшілік-аумақтық құрылымына қатысты барлық мәселені, мемлекеттік билік пен басқару органдарының құрылымы мен құзыретін, сондай-ақ республиканың рәміздерін ешкімнің араласуынсыз дербес шешеді» деп бекітілген.

 

Кеңестік ескі Конституцияға сәйкес КСРО заңдары ел аумағында міндетті болса, жаңа Декларацияға сәйкес Қазақ КСР-і өзі ережелер құруға және өз аумағында кеңестік заңдар мен басқа актілердің қолданылуын тоқтата тұруға құқылы болды. Бұл тәуелсіздік алудың алғашқы қадамы еді.

 

ОЛ КЕЗДЕ ЕГЕМЕНДІК НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ ЕДІ?

 

Жалпы, барлық республикада одақтан шығу және шартты егемендік алу мүмкіндігі болған — бұл 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясының 68 және 69-баптарында көрсетілген. Бұрынғы одақтас мемлекеттер бұл мүмкіндікті 80-жылдардың аяғында – 90-жылдардың басында ғана қолдана бастады.

 

КСРО құрамынан бірінші болып Балтық елдері — Эстония (1988 ж.), Литва мен Латвия (1989 ж.) шықты. 1990 жылы «егемендік шеруі» деп аталатын қозғалыс басталды. Республикалар бірінен соң бірі егемендігін жариялай бастады. Ал Қазақстан ең кейін шыққандардың бірі болып, қазанның 25-інде егемендігін жариялады. Бізден кейін 15 желтоқсанда Қырғыз КСР-і (Қырғызстан) өз Декларациясын қабылдады.

 

РЕСПУБЛИКА КҮНІ VS ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ?

 

1991 жылы ел үшін бірден бірнеше маңызды оқиға болды: 

  • 1 желтоқсанда тұңғыш жалпыхалықтық президентті сайлау өтті (21 жылдан кейін бұл күн Тұңғыш президент күні ретінде тойлана басталды);
  • 10 желтоқсанда мемлекеттің атауы «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасынан» «Қазақстан Республикасы» болып өзгертілді;
  • 16 желтоқсанда Қазақстан (одақтас республикалардың соңғысы болып) өзінің тәуелсіздігін жариялады. «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық заң қабылданды.

 

«Мерекелер туралы» заңы және мереке күндерінің ресми тізімі 2001 жылы қабылданды. Бірақ 90-шы жылдардың басынан бастап Республика күні де, Тәуелсіздік күні де маңызды мереке еді.  Тіпті Республика күні кең көлемде атап өтіліп жүрді.

 



«Мерекелер туралы» заңына сәйкес Республика күні мемлекеттік еді, ал Тәуелсіздік күні ұлттық мереке боп бекітілді. Тәуелсіздік күні — қазір ұлттық жалғыз мереке.

 

Заңға сәйкес ұлттық мерекелер Қазақстан мемлекетінің дамуына айтарлықтай әсер еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғаларды бейнелейді. Бұл күндері мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар міндетті түрде өтеді.

 

Ал мемлекеттік мерекелер — бұл «қоғамдық және саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, азаматтар дәстүрлі түрде атап өтетін күндер». Мұндай мерекелерде де ресми іс-шаралар өткізілуі мүмкін.

 


 

2008 жылы Қазақстанның Ресейдегі сол кездегі елшісі Нұртай Абықаев «Российская газета» басылымына берген сұхбатында:

 

— Бұл шынымен де менің елімнің барлық азаматы үшін ұлы күн. (...) 18 жыл бұрын, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан алғаш рет өзін жеке дүниетанымы, әдет-ғұрыптары, дәстүрі және өзінің болашақ дамуының көрінісі бар республика ретінде жариялады.

 

Бірақ бір жылдан кейін, 2009 жылы Республика күні ресми мерекелер тізімінен шығарылды.

 

НЕЛІКТЕН РЕСПУБЛИКА КҮНІН МЕРЕКЕЛЕР ТІЗІМІНЕН АЛЫП ТАСТАДЫ?

 

Бұл өзгерістерге байланысты ресми және нақты себептер айтылған жоқ. Экономист және саясаткер, Қазақстан Коммунистік партиясының бұрынғы жетекшісі Серікболсын Әбділдин Назарбаев президенттігінің басында 25 қазан мереке болуы керек деп талап еткенін айтты.

 

— Мәселе мынада, Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жылдың 25 қазанын Республика күні болсын деп қалаған еді. Бұл күн оған Қазақстан Республикасының президенті болып сайлануға мүмкіндік береді деп түсіндірді. Іс жүзінде ол 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақ КСР президенті болып сайланды. 1991 жылы 10 желтоқсанда біз бұл заңды күшіне енгізіп, таңертең республиканың атын «Кеңестік Социалистік» дегеннен Қазақстан Республикасына өзгерттік.

 

Мен ол кезде Жоғарғы Кеңестің басшысы едім. Мұндай шешім шығаруға мәжбүр еткен басқа да себептер болды. Сондықтан уақытты зая кетірмей Жоғарғы Кеңесте Назарбаев президенттік қызметіне кіріскенге дейін республиканың атауын өзгерту туралы шешім қабылдадық», — дейді ол 2010 жылы Азаттық радиосы ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында.

 

Бірақ кейінірек президент ойын өзгерткен сияқты. Бұл туралы журналист Мирас Нұрмұхамбетов былай деп жазды:

 

Мемлекет егемендігі туралы декларацияны Жоғарғы Кеңес қабылдады және оған Асанбаев (Ерік Асанбаев, 1990–1991 жж. — Жоғарғы Кеңестің төрағасы — ред.), Ал Тәуелсіздік декларациясына атауы жаңадан өзгертілген Қазақстан Республикасының (бірінші рет) қайта сайланған президенті Назарбаев қол қойды. 

 

Республика күні маңызды мерекелер тізімінен осы себептен шығарылды. Олар Наурыз мейрамында мерекелік шаралардың көбеюіне көңіл бөлгісі келіпті-міс.

 

Дегенмен көптеген бақылаушының айтуынша, 16 желтоқсанды үгіттеу Тәуелсіздік декларациясын қабылдаудағы бірінші президенттің роліне байланысты болды. Ал Егемендік туралы Декларацияны қабылдағанда тәуелсіз депутаттардың ролі басымырақ еді.

 

Сонымен қатар қоғамның 25 қазанды «нағыз мереке» ретінде қабылдауының тағы бір маңызды факторы бар. Көпшілік 16 желтоқсанды 1991 жылғы емес, 1986 жылғы оқиғалармен байланыстырады және олар үшін бұл күн — аза тұту күні. Себебін түсіндірудің қажеті жоқ шығар. Оған қоса «жаппай мерекелерді» өткізу табиғи және метеорологиялық жағдайларға байланысты  желтоқсаннан гөрі қазан айының соңы ыңғайлырақ.

 

Не дегенмен бүгінде Тәуелсіздік Егемендіктен, бір адамның тілегі қоғам пікірінен басым болды.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

23/10/2020 13:42
12303 0

Уведомление