Қырғызстанда сайлау нәтижесіне жаппай наразылық басталды

Алдын ала мәлімет бойынша 16 партияның төртеуі ғана парламентке өтуі мүмкін


05/10/2020
14:46 47532 0

Фото: 24.kg

Қырғызстанда алдын ала мәлімет бойынша төрт саяси партия ғана парламентке өтуге қажет дауыс мөлшерін жинай алды. Оппозиция сайлау нәтижесін мойындамай отыр. Бұл туралы 24.kg хабарлады.

Парламентке өту үшін саяси партиялар сайлаушылардың 7 % дауысын жинауы керек еді. Автоматтандырылған есептеу жүйесінің мәліметі бойынша бұл межеден «Биримдик» (24,53 %), «Мекеним Қырғызстан» (23,9 %), «Қырғызстан» (8,74 %) және «Бутун Қырғызстан» (7,09 %) асты. Бұлардың арасында соңғысы ғана оппозициянікі.

Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың ресми нәтижесін дауыс бюллетеньдерін қолмен есептеп біткеннен кейін жария етпекші.

Оппозиция сайлаудың алдын ала нәтижесін мойындамай отыр. Бішкектің Ала-Тоо алаңына сайлау қорытындысына наразы «Қырғызстан социал-демократтары», «Мекенчил», «Реформа», «Чон казат», «Мекен Ынтымағы» партияларынан шамамен 1000 адам жиналды. Партия өкілдері өздерін алаңнан ығыстырмақ болған бір адаммен төбелесіп те қалды. 

— Біз мерзімсіз наразылық акциясын бастаймыз. Қажет болса, осы жерде қонуға бармыз, — деді «Мекенчил» партиясының өкілі Мелис Аспеков. 

Қырғызстанда парламент депутаттарын сайлау 4 қазанда өтті. Сайлауға барлығы 16 партия қатысты.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

05/10/2020 14:46
47532 0

Уведомление