Тәуелсіздігін дүниежүзі мойындамаған 5 мемлекет

Таулы Қарабақ Республикасынан басқа қандай мойындалмаған ел бар


07/10/2020
10:43 89143 0

Дүниежүзінің ресми картасынан барлық мемлекетті көре аламын десеңіз, қателесіз. Одан тәуелсіздігі мойындалмаған мемлекеттердің аумағын табу қиын. Мұндай елдер БҰҰ-ға мүше болмайды, олармен санасатындар аз. 

 

Мойындалмаған мемлекет деген не және оның басқа мемлекеттерден қандай айырмашылығы бар? Дүниежүзінде егемендігі мойындалмаған қандай елдер бар?

 

МОЙЫНДАЛМАҒАН МЕМЛЕКЕТ ДЕГЕН НЕ? 

 

Бұл — белгілі бір мемлекет құрамынан шығып, өзін тәуелсізбіз деп жариялаған, бірақ оны әлі бір де бір мемлекет мойындамаған ел. Олардың егемендігі мойындалмайтынына бірнеше себеп бар: кейбір мемлекет оларға сепаристік (террористік) құрылым, кейбірі оккупацияланған жер ретінде қарайды. 

 

Оларды виртуал мемлекеттермен (оның не екенін мына жерден қараңыз) шатастырмаған жөн, себебі мойындалмаған елдердің өз аумағы болады және сол аумақтың кемінде бір бөлігіне әмірі жүреді, мемлекеттік рәміздері, билігі мен заңдары болады. 

 

Бұл мемлекеттердің мойындалмауы олар басқа елдермен араласпай, изоляцияда өмір сүреді деген сөз емес. Олар басқа елдермен дипломатиялық қарым-қатынас, сауда-саттық жасайды. Ол жерге қарапайым азаматтар бара алады. Әрине, визаға қатысты бірнеше проблема болуы мүмкін. 

 

Ішінара мойындалған мемлекет деген де бар. Мүлдем мойындалмаған елдерден айырмашылығы — оны БҰҰ-ның кемінде бір мемлекет-мүшесі мойындайды.  

 

Мойындалмаған мемлекетті көбіне өзі сияқты мойындалмаған және ішінара мойындалған елдер ғана тәуелсіз мемлекет деп тануы мүмкін. 

 

Дүниежүзінде қазір 20-дан астам мойындалмаған мемлекет бар. Біз соның ең ірі деген бесеуі туралы айтып береміз. 

 

ПРИДНЕСТРОВЬЕ МОЛДАВАН РЕСПУБЛИКАСЫ (ПМР)

 

 

Шығыс Еуропадағы мемлекет. Украинамен, Молдовамен шектеседі. 

 

ПМР-дің ізашары Приднестровье Кеңестік Социалистік Республикасы (ПКСР) 1940 жылдан 1991 жылға дейін Молдаван КСР-і құрамында болған еді. КСРО ыдырағанда Молдовада Румынияға қосыламыз деген толқын пайда болды. Оған қоса, елде тек молдаван тілі мемлекеттік тіл болып бекітілді. 

 

Ал ПКСР-де молдавандардан басқа орыстар мен украиндер тұратын еді. Румынияға қосылу не оған жақын болу және мемлекеттік тілдің тек молдаван тілі болуы оларға ұнамады. Сондықтан 1991 жылы бұрынғы кеңестік республика тәуелсіздігін жариялап, атауын Приднестровье Молдаван Республикасы деп өзгертті. Бұған Молдова келіспей, арты қарулы қақтығысқа ұласты. Оған Ресей араласып, екі молдаван мемлекеті мәмілеге келді, бірақ дау әлі толықтай шешілмеді. 

 

ПМР-ді қазір тек ішінара мойындалған Абхазия мен Оңтүстік Осетия мойындайды. Молдавия ПМР-ді өз құрамына кіретін бір аумақ деп есептейді. 

 

Қазір ПМР-де көбіне молдаван, орыстар мен украиндер тұрады. Ресми тілі — молдаван, украин және орыс тілдері. Басқару формасы — президенттік республика. Астанасы — Тирасполь. 

 

2006 жылы рефендумда тұрғындардың 91 %-ы Ресей құрамына кіруге келісім берген. 

 

Басқа мойындалмаған мемлекеттер сияқты ПМР де ешқандай ірі халықаралық ұйымға қосылған емес. 1992 жылдан бері қазір Мойындалмаған мемлекеттер достастығы немесе ММД (орысша СНГ-2) деп аталатын бірлестікке мүше. Оның құрамына ПМР-ден басқа Абхазия, Оңтүстік Осетия мен Таулы Қарабақ Республикасы кіреді. 

 

ТАУЛЫ ҚАРАБАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ 

 

 

Кавказдағы Таулы Қарабақ деген жерде орналасқан мемлекет. 1991 жылы 2 қыркүйекте Әзербайжаннан тәуелсіз екенін жариялады. Оны тек Абхазия мен Оңтүстік Осетия, АҚШ-тың бірнеше штаты мойындаған. Әзербайжан аумақ «біздікі» дейді. 

 

Республика орналасқан жер бірнеше жыл бойы Армения мен Әзербайжан арасындағы жанжалға себеп болып келе жатыр. 

 

КСРО құрамында болғанда Әзербайжанға кіретін Таулы Қарабақ автономиялық облыс болатын. Онда көбіне армяндар тұрады. Облыс басшылығы мен тұрғындар аумақты Армения КСР-іне беруді сұрап еді, КСРО да, Әзербайжан КСР-і де бұл идеяны қолдамады.

 

Осыдан кейін 1987–1988 жылдары армяндардың наразылық акциялары мен олардың әзербайжандармен қақтығыстары болып өтті. Салдарынан Әзербайжандағы армяндар, Таулы Қарабақ пен Армениядағы әзербайжандар жаппай көше бастады. 

 

1991 жылы Әзербайжан КСРО-дан тәуелсіздік алғанда Таулы Қарабақтың автономия статусын жойды. Бұған келіспеген Таулы Қарабақ облысы өзін тәуелсіз деп жариялады. Содан бері Армения, Таулы Қарабақ Республикасы және Әзербайжан қақтығысып келеді. 

 

Ол туралы мына жерден толығырақ оқыңыз. 

 

Республикада басқару формасы президенттік-парламенттік. Онда 150 мыңнан астам адам тұрады. Астанасы — Степанакерт. Мемлекеттік тілі — армян. 

 

Мемлекет ММД-2-ден басқа ешқандай ұйымға мүше емес. 

 

СОМАЛИЛЕНД

 

 

Африканың Сомали түбегіндегі мемлекет. Бұрын Сомали Федератив Республикасының құрамында болған. 90-жылдардағы азаматтық соғыс кезінде Сомали мемлекет болудан қалып, ел бірнеше мойындалмаған өңірге бөлініп кетті: Пунтленд, Жубаленд, Галмудуг, Азания, Авдаленд, Сомалиленд және тағысын-тағы. Сомалиленд — солардың арасындағы толыққанды мемлекетке ең қатты ұқсайтыны. 

 

Астанасы — Харгейса. Ресми тілі — сомали, араб және ағылшын (Сомалидің бір бөлігі кезінде Ұлыбритания колониясы болды).

 

Сомалилендте Сомали халқының үштен бірі (3 миллионнан астам) тұрады. Олардың көбі мал шаруашылығымен, саудамен айналысады. Тәуелсіздік жариялағаннан бері экономикасы біраз өссе де, азаматтарының жартысынан астамы кедей. Сонымен қатар Сомалиленд Африканың көп елі сияқты аштықтан зардап шегіп отыр. 

 

Мойындалмаған болса да, Сомалиленд бірнеше елмен дипломатиялық қарым-қатынас жасап отыр: Ұлыбритания, Бельгия, Гана, Эфиопия, Швеция және тағы басқа. Бұрын Еуропа одағы мен АҚШ бұл мемлекеттің егемендігін мойындау мәселесін қарастырған. Кения да мойындауға ниетті екенін хабарлаған-ды. Бірақ әлі нәтиже жоқ. 

 

ДОНЕЦК ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ 

 

 

2014 жылғы Еуромайдан кезінде Украинаның Донецк облысында іргеленген мемлекеттік құрылым. 

 

Еуромайдан — 2013–2014 жылдары Украинада үкімет пен президентке қарсы өткен, кейін қарулы қақтығысқа ұласқан жаппай наразылық. Оған президент Виктор Януковичтің Еуропа одағымен келісімге қол қоймауы себеп болды. Нәтижесінде мемлекет басшысы биліктен кетіп, жаңа президент сайланып, жаңа үкімет құрылды. 

 

Жаңа жүйеге қарсы шыққандар болды. Наразылар унитар Украинаның федерацияға айналуын талап етіп, жаңа губернатор заңсыз сайланды деп есептеді. Донецкіде азаматтар өз «халық губернаторын» сайлады. Бір жағынан Қырымда Ресейге қосылу процесі басталған еді. Осыдан кейін кейбір өңір Украинадан бөлініп шығып, Ресейге қосылғысы келді. 

 

7 сәуірде олар Донецк Халық Республикасының тәуелсіздік декларациясын қабылдады. 11 мамырда референдум өткізіп, өзін егемен деп жариялады. Украина ДХР-ді Ресей оккупациялаған Донецк облысы деп біледі. 

 

Қазір ДХР — президенттік республика. Онда 2 миллионннан астам адам тұрады. Мемлекеттік тілі — орыс тілі. Астанасы — Донецк. 

 

Мемлекеттің тәуелсіздігін ішінара мойындалған Оңтүстік Осетия мойындады. 

 

ЛУГАНСК ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ 

 

 

2014 жылдың сәуірінде Луганск Халық Республикасы да Украинадан Еуромайдан кезінде бөлініп, тәуелсіз екенін жариялады. 

 

Сол жылы Донецк Халық Республикасымен бірігіп, Жаңа Ресей конфедерациясын құрғысы келген. 2015 жылы жоба Минскідегі Украина, ЛХР және ДХР жасасқан келіссөзден кейін тоқтатылды. 

 

ЛХР — унитар президенттік республика. Мемлекеттік тілі — орыс тілі. Астанасы — Луганск. Республиканы тек Оңтүстік Осетия мен ДХР мойындады. Украина бұл елді де Ресей оккупациялаған аймақ деп біледі.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

07/10/2020 10:43
89143 0

Уведомление