Ресейде Мемлекеттік дума экс-президенттерге заң бұзуға рұқсат беретін заңға қол қойды
Оны Федерация кеңесі мен президент мақұлдаса, заң өз күшіне енеді
Фото: gazeta.ru
Ресей парламентінің төменгі палатасы — Мемлекеттік дума елдің бұрынғы президенттері мен олардың отбасына тиіспеуді қамтамасыз ететін заңға өзгертулер енгізді.
Оны парламенттің жоғарғы палатасы — Федерация кеңесі мақұлдап, президент қол қоятын болса, бұл заң экс-президенттерге заң бұзуға рұқсат береді: оған сай оларды ұстауға, қамауға, тінтіуге, жеке заттарын тексеруге және әкімшілік, қылмыстық жауапқа тартуға, мүлкіне тиісуге болмайды.
Қазіргі заңға сәйкес бұрынғы президенттерді «мемлекет басшысы болып жүргенде жасаған әрекеті» үшін жауапқа тартуға тыйым салынған.
Сонымен бірге оларға тиіспеуді алып тастау тәртібі де қиындай түспек. Қазір экс-президентке тиіспеу Тергеу комитеті «ол ауыр қылмыс жасады» деп қылмыстық іс қозғаса алып тасталады. Ал жаңа заң жобасына сәйкес бұрынғы мемлекет басшысын Мемлекеттік дума елге опасыздық жасады не басқа да ауыр қылмыс жасады деп айыптаса, кейін сол айыпты Жоғарғы сот, Конституциялық сот мақұлдаса ғана жауапқа тартуға болады.
Бұл өзгертулер биыл жазда Ресей Конституцияның 92-бабына енгізілген еді.
Қазақстанның бұрынғы президенті — Нұрсұлтан Назарбаев та өзі туралы жеке заңға сәйкес осындай иммунитетке ие. Оны да ұстауға, қамауға, әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартуға тыйым салынған. Назарбаев пен оның отбасының мал-мүлкіне тиісуге болмайды. Бірақ заңнамада оған тиіспеуді алып тастайтын норма жоқ. Ал басқа экс-президенттер мемлекетке опасыздық жасағаннан басқа жағдайда мемлекет басшысы кезіндегі іс-әрекетiне жауап бермейдi.
Пікірлер жоқ.