Либерал ислам деген не? Оның дәстүрлі исламнан қандай айырмашылығы бар?

Дін либерал бола ала ма




Либерал ислам не ислам либерализмі — ислам дінінің Еуропада қанат жайған түрі, кейде еуроислам деп те аталады. 

 

Исламның бұл ағымына бет бұрғандар басты құндылығымыз — адам құқықтары, алдымызда тұрған әйел ме, еркек пе, хомосексуал ма, хетесексуал ма, маңызды емес дейді. 

 

Либерал мешіттерде әйел мен еркек бірге намаз оқиды, әйел не хомосексуал адам молда бола алады. Ал мұның барлығына дәстүрлі исламда тыйым салынған. 

 

— Біздің мешітке бәрі келе алады. Сен жақсы мұсылмансың, ал сен жаман мұсылмансың деп айта алатын Құдай емеспіз, — дейді Берлинде либерал мешіт ашқан әйел молда Сейран Атеш. 

 

Прогрессив мешіт ашу ойы Атешке 2006–2009 жылы Неміс ислам конференциясына қатысып жүрген кезде келген. «Сол кезде дәстүршілдер ислам қағидалары мен ережелерін, мұсылман қандай болуы керегін түсіндіру ролін иемденіп алғанын түсіндім» дейді заңгер әрі құқық қорғаушы. 

 

Парижде осындай мешіт ашқан гей молда Луи-Мұхаммет Захет Еуропа исламды өзгертуге ыңғайлы орта дейді: 

 

«Себебі мұнда сөз бостандығы, демократия, қолжетімді білім мен дамыған әлеуметтік көмек бар. 

 

Жамылып жүрмейтін әйел мен гей діндар бола алмайды деген мұсылман бауырларға айтарым мынау: нағыз мұсылманға хомофобия, әйел затын жек көру, антисемитизм (еврейге деген негатив көзқарас) жат болуға тиіс. Ислам бейбітшілікті ұлықтайды». 

 

Либерал исламға деген сын 

 

Дәстүрлі ислам кең таралған елдерде исламның бұл түріне деген негатив көп. Мысыр билігі әйел мен еркектің бірге намаз оқуын сынға алды. Олар мұны ислам негізіне қайшы дейді. 

 

Түркия Атештің мешіті мұсылмандарға жат деп қана қоймай, Фетұлла Гүленмен байланысы бар дейді. Гүлен — Аңқара ел билігін басып алмақ болды деп айыптаған жазушы, ислам діни қайраткері. Қазір АҚШ-та тұрады. 

 

Одан бөлек, әлдекімдер Атешті өлтіріп кетеміз деп желіде қоқан-лоқы көрсеткен. Сондықтан молда күзет жалдауға мәжбүр болған. 

 

Исламдағы феминизм

 

Мұсылман феминистер исламға феминизм жат деген пікірмен келіспейді. Олар Алланың жынысы жоқ, ер мен әйел оның алдында тең дейді. 

 

Мемлекеттік діні ислам елдерде әйел құқығы бұзылып жатыр. Оларға ер адамсыз үйден шығуға тыйым салынған, әйел сыртта үнемі бүркеніп жүруге тиіс. 

 

Феминистер бұған дін емес, Құранды дұрыс түсіндірмегендер мен жергілікті патриархал мәдениет кінәлі, мақсатымыз — осыны жұртқа жеткізу дейді. 

 

Олардың айтуынша, шариғат патриархат өршіп тұрғанда қалыптасқан. Сондықтан Құран сүрелері мен аяттар сол кездің нормасына қарай аударылған. 

 

— Құран мен хәдістерді оқығанда мен әуелі кім нені қандай жағдайда айтқанына мән беремін, — дейді мұсылман феминист, ЛГБТ белсенді Айман (тегі берілмеген). 

 

Ислам феминистері тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін жиі көтереді. Олар ерлерге әйелдерін ұрып-соғуға «рұқсат беретін» Ән-нисаның 34-аяты дұрыс түсіндірілмеген дейді. Оны дінге бағынбайтын әйеліңізді сабаңдар (ударяйте, избивайте) емес, оған жол көрсетіңдер, түсіндіріңдер деп аудару қажет дейді.

 

Бұрын дүниежүзінде дінге тіл тигізгендер қалай жазаланатынын жазғанбыз. Оқи отырыңыз. 

 


 

Telegram, Instagram, Facebook, Twitter-дегі парақшамызға жазылыңыз. 


20/09/2021 14:09 3999 0

20/09/2021
14:09 3999 0

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

Уведомление